«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстандағы франчайзинг: бизнестің дамуына не кедергі?

2025 жылғы 17 Қыркүйек
677 просмотров

Сарапшы кәсіпкерлерді қорғап, қазақстандық брендтерді әлемдік нарыққа шығаруға көмектесетін ережелерді енгізуді ұсынады.

Егер бизнес табысты болса, уақыт өте келе кез келген кәсіпкер оның ауқымын кеңейтуді ойлайды. Себебі, бәсекелестер қарап жатпай, бұл қадамды одан бұрын жасап үлгеруі мүмкін. Франчайзинг бизнесті жүргізудің жаңа үлгісін пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, дамыған елдерде бұл құрал әлдеқашан тиімді жұмыс істеп жатса, қазіргі Қазақстанда ол енді ғана дамып келе жатыр.

«Атамекен» ҰКП-ның «Business BAILAM» подкасында Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының кеңесшісі әрі Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығының төрағасы Гүлбану Майғарина Қазақстандағы франчайзингті дамыту жөніндегі пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, франчайзинг – микробизнестен жаһандық нарыққа шығатын жолдама.

Гүлбану Майғаринаның пайымынша, франчайзинг – «табыс моделін қайталау». Бұл құрал бизнестің микробизнестен шағын, одан кейін орта және ірі бизнеске айналуына жол ашады. Мұндай ауқымдалуға тек тиімділігі жоғары және бизнес-процестері толығымен қалыптасқан жобалар ғана лайықты. Бұл – бүкіл әлем қолданатын маңызды құрал. Сарапшы атап өткендей, әлемдегі ең ірі брендтердің барлығы да франчайзинг арқылы қалыптасқан, ал оның отаны – 100 жылдан астам тарихы бар Америка Құрама Штаттары.

Қазақстандағы мәселелер мен сын-қатерлер

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда бизнесті ауқымдау мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Мәселен, АҚШ-та нарық қатысушылары бір-бірінің алдында жауапты болса, Қазақстанда бұл сала бейберекет дамуда.

«Кәсіпкер ЖК ашып, артынша жарнама жасап, франшизасын лезде сата алады. Бірақ оған ешқандай жауапкершілік артылмайды. Кейде франшиза сату өз бизнесіндегі қаржылық олқылықтарды жабудың амалы болып кетеді. Ал, мұндай жағдайда франшизаны сатып алған франчайзилер ешқандай қолдау таппай, бизнесі құрдымға кетіп жатады», – дейді Майғарина.

Ол, сондай-ақ, өз тәжірибесінен мысал келтірді: кейбір франчайзи стандартты сақтамай, бренд атауындағы бір әріпті өзгертіп, жауапкершіліктен жалтарған жағдайлар болған.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда франчайзинг туралы заң бар, бірақ ол жоғары деңгейлі болып есептеледі де, оның талаптарын бұзғаны үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.

Гүлбану Майғарина және оның басшылығындағы Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығы бұл мәселелерді шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар арнайы қауымдастық құрып, алдымен, заңнамалық өзгерістерге назар аударды. Қазақстан және басқа дамушы елдердің заңдарын саралай келе, бірқатар ұсыныс әзірледі.

Қауымдастықтың негізгі ұсыныстары:

  • Реттеуші орган құру – франчайзинг нарығын бақылау үшін арнайы орган болуға тиіс.
  • Мемлекеттік қолдау – франшиза әзірлеуге кеткен шығындарды өтеу және несие беру арқылы кәсіпкерлерге көмектесу.
  • Кәсіпкерлерді оқыту және қорғау – оларға сапалы франшизалық пакет дегеніміз не екенін түсіндіру, алданып қалмауына көмектесу. Сондай-ақ, франшиза жасаушыларды реттеу жүйесін енгізу.

Экономикалық әсері мен болашағы

Сарапшының пікірінше, бұл бастамалар іске асырылса, салық түсімдері артып, жұмыссыздық азаяды, өйткені бизнес жабылып қалмай, керісінше, дамиды. Қазіргі жаһандану дәуірінде тұтынушылар таныс брендтерге сенім артады, ал ауқымын кеңейте алмаған шағын кәсіпорындар нарықтан ығыстырылып қалады. Ал, франчайзинг бизнес субъектілерін біріктіріп, оларды бәсекеге қабілетті етеді.

Гүлбану Майғарина мемлекеттік қолдау арқылы франчайзинг белсенді дамып жатқан  Ресей мен Өзбекстанды мысал ретінде келтірді.

Оның пікірінше, Қазақстанға жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ – басқалардан үйреніп, ең тиімді тәжірибені енгізу жеткілікті.

Франчайзинг - пропуск из микробизнеса на мировой рынок

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174