«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бас көлік прокуратурасы «Атамекен» ҰКП алаңында тасымалдаушылармен жүйелі диалог орнатты

2025 жылғы 02 Желтоқсан
536 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының Бас көлік прокурорының орынбасары Ақан Ысқақовтың төрағалығымен теміржол және автокөлік тасымалы саласындағы бизнеске қатысты жүйелі проблемаларды талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті. Жұмысқа салалық министрліктердің өкілдері, СЖжРА, салалық қауымдастықтар мен логистикалық компаниялар қатысты.

Қатысушылар отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігіне және елдің транзиттік әлеуетінің дамуына әсер ететін негізгі кедергілерді айқындап, рәсімдер мен нормативтік реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы халықаралық автотасымалдар саласындағы шешілмеген мәселелерді, оның ішінде визалық қиындықтарды, шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығын және оларды бөлу мен пайдалану кезіндегі «көлеңкелі» схемалардың тәуекелдерін атап өтті.

«Еуропа елдерінің рұқсаттама бланкілеріне қатысты проблема әлі де өткір. Нарықта халықаралық тасымалдарға рұқсат алған шамамен 90 мың көлік бар, бірақ рұқсаттар әлі күнге жеткіліксіз. Тіпті тасымалмен айналыспайтын субъектілердің бланкілерге ие болу қаупі бар», – деді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры міндетін атқарушы Қуаныш Ермұханов.

Қазақстан халықаралық автокөлік тасымалдаушылары қауымдастығының (ҚазАТО) бөлім басшысы Тамаша Бәрібаева шетелдік рұқсат бланкілеріне қатысты мәселе әлі де өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, шетелдік рұқсат бланкілерін бөлу мен қолдануға қатысты бақылауды қатаңдату, көлеңкелі схеманы жою, рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру арқылы ашықтықты арттыру, сондай-ақ квота, виза және шекарадан өту мәселелерін шешу үшін шетелдік серіктес елдермен келіссөздерді күшейту қажет.

«Шетелдік рұқсат бланкілерін беру мен қайтару кезінде бақылауды күшейту маңызды. Бұл саладағы көлеңкелі нарық адал бизнеске кедергі келтіреді, теңсіздік тудырып, бәсекені бұзады. Мәселе кешенді түрде шешілуге тиіс», — деді ҚазАТО өкілі Шыңғыс Сәдуахасов.

Көлік министрлігі өкілі рұқсат бланкілерінің берілуі мен заңсыз пайдаланылуына байланысты бұзушылықтарды анықтау бойынша Мемлекеттік кірістер комитетімен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлескен жол картасы аясында шетелдік рұқсаттама бланкісін алған тасымалдаушылардың тізімдері тоқсан сайын жолданады. Грузия мен Әзербайжанның уәкілетті органдарының ақпараты бойынша, бланкілерді беру және қолдану кезінде бірқатар заңбұзушылық фактісі анықталған. Осы деректер негізінде 246 тасымалдаушы мен 4 мыңнан астам көлік құралының қызметі тоқтатылды. Жұмыс жалғасуда», – деді ҚР КМ Автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Ғани Салмаев.

Ішкі нарық өкілдері әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдайтын компаниялар үшін ақылы жолдарда жеңілдетілген тәртіп енгізу қажеттігін көтерді. Олардың айтуынша, баламалы бағыттардың болмауы өндірушілерге қосымша жүктеме түсіріп отыр.

«Біздің сүт таситын көліктеріміз күн сайын ақылы трассамен жүруге мәжбүр, балама жол жоқ. Біз абоненттік төлем енгізуді ұсынғанбыз, бірақ «ҚазАвтоЖол» мен Автокөлік комитетінен әлі күнге дейін нақты шешім болған жоқ. Мемлекеттік органдар осы мәселеге назар аударса дейміз», – деді «Лидер-2010» ЖШС заң басқармасының басшысы Арман Молдагозин.

Отырыс барысында Қазақстанның вагон (контейнер) операторлары мен тасымалдаушылары қауымдастығының Бас директоры Салтанат Адамбаева 2025 жылғы 1 қазанда күшіне енген ҚР Көлік министрі м.а. № 323 бұйрығына байланысты аса өзекті мәселені көтерді. Аталған бұйрықта 2025 жылғы 1 қазаннан кейін қызмет мерзімі ұзартылған жүк вагондарын пойыз құрамына қосуға тыйым салынған.

Оның айтуынша, норма қажетті өтпелі кезеңсіз енгізіліп, іс жүзінде кері көрініске ие болып отыр, бұл бизнестің жағдайын күрделендіреді.

Салтанат Адамбаеваның пікірінше, бұл шешім операторлар мен жөндеу кәсіпорындары үшін айтарлықтай тәуекелдер туындатады, маусымдық жүктеме кезеңінде вагондардың үлкен көлемде шығарылып тасталуына және логистикалық шығындардың өсуіне әкеледі.

Қауымдастық пен «Атамекен» даулы норманы қайта қарауды, кемінде 60 күндік өтпелі кезеңді белгілеуді, бұған дейін келісілген мерзімдерді қалпына келтіруді және реттеу мәселесін толық талдауды ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен жедел кеңес өткізіп, қозғалыс қауіпсіздігі мен тасымалдаушылардың экономикалық тұрақтылығын ескеретін теңгерімді шешім әзірлеу қажет деп санайды.

Талқылаудың маңызды бөлігі теміржол саласын дамыту мәселелеріне арналды. Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының Бас директоры Рамия Сараева саланың бірқатар жүйелік мәселелерін, соның ішінде тәуелсіз ұлттық инфрақұрылым операторын құру қажеттілігіне қатысты сұрақтарды ортаға салды.

Сала өкілдерінің айтуынша, нақты бәсеке орнату үшін барлық тасымалдаушының магистральдық желіге қолжетімділігін теңдей қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылымдық бөлімшенің «ҚТЖ» АҚ құрамында болуы ұлттық тасымалдаушы мен нарық қатысушыларының мүдделерінің тоғысуына алып келеді және жеке компанияларды желіге қосуға қатысты шешімдерге әсер етеді.

«Басымдықтар ұлттық тасымалдаушының пайдасына берілген кезде, жеке бизнес сөзсіз зардап шегеді. Нарық қатысушылары өз құқықтарын ҚТЖ басшылығына уақтылы жеткізе алмайды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет», — деді Рамия Сараева.

Сала өкілдері Магистральдық теміржол желісін пайдалану қағидаларының орындалмауына алаңдаулы. Атап айтқанда, тасымалдаушыларға сұралған учаскелер бойынша техникалық сипаттамалардың берілмеуі, сондай-ақ резервте тұрған және өткізу мүмкіндігі бар жолдар туралы ақпараттың ұсынылмауы да жүйелі мәселенің бірі.

Жылжымалы құрам иелері қауымдастығы ҚТЖ жүргізетін локомотивтердің жылына екі рет тексеруден өтуінің заңдылығына қатысты мәселені көтерді. Ревизорлардың тапшылығы кідірістерге әкеледі, ал тексерулер көбіне формалды сипатқа ие. Аталған функцияны тәуелсіз аккредиттелген сарапшылар ұйымдарына беру ұсынылды.

Бас көлік прокурорының орынбасары Ақан Ысқақов ведомствоның бизнес-қоғамдастықпен жүйелі диалог орнатуға дайын екенін атап өтті.

«Біздің мақсат – байланыс көпірін орнату. Барлық айтылған уәждер жинақталып, түгендеу жүргізіледі және жүйелі түрде пысықталады. Әр бағыт бойынша жауапты мамандар бар, мен өзім де бұл жұмысқа тікелей араласамын. Уақыттарымызды сәйкестендіріп, нәтижелерді және алдағы жоспарларды жүйелі түрде талқылап отыруымыз керек. Біздің есігіміз ашық», – деді Ақан Ысқақов.

Кездесу қорытындысында тараптар саланы тежеп тұрған кедергілерді жою бағытында жұмысты бірлесе жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, өткен аптада Көлік прокуратурасы барлық ұсыныстар мен сұрақтар талданып жатқанын және проблемалық аспектілердің жинақталған тізіліміне енгізілетінін хабарлаған болатын. Жұмыс аяқталғаннан кейін ведомство «Атамекен» ҰКП-ға қабылданған шешімдер мен одан кейінгі өзара іс-қимыл тәсілдері туралы қосымша хабарлайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174