«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлерді несиені екі мәрте төлеуге мәжбүрлеген

2016 жылғы 17 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
6687 просмотров

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алған ауыл тұрғындары қарыздан құтылу үшін бар малын сойып тастауға шақ қалды

2013 жылдың басында Валентин Мирошниченко мен оның үзеңгілес достары мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасымен несие алу мүмкіндігіне ие болу үшін «Сапа» несиелік серіктестігіне кіреді.

«Несиелік серіктестік төрағасының шарттарын орындадық: несиелік серіктестіктің жарғылық қорына сұралған несие сомасынан 10% жарнасын төледік, және әрқайсымызбен жеке-жеке шарт жасалды», – дейді несиелік серіктестіктің мүшесі Валентин Мирошниченко.

Несиені өтеу кестесі жасалғанмен, кейбір қатысушылардың несиені өтеу бойынша бір жылдан астам уақытқа демалысы болса, кейбіреуінде ондай демалыс болмаған. Кейін анық болғандай, шарт міндеттемелері бойынша «Ертіс» ӘКК АҚ тарапынан «Сапа» несиелік серіктестігіне 18 айлық мерзімде несиені өтеуге демалыс берілген, алайда бұл туралы серіктестік қатысушыларына ескертілмейді.

Шарт талаптары мен несие бойынша төлем кестесіне қарамастан, кәсіпкерлер несиені жеке кесте бойынша төлеуге келісіп, солай төлеп келген.

«Несиелік серіктестіктің мүшелері 2013 жылдан бастап несиені өтеп келген, ал 2015 жылы оларды сотқа шақырып, олардың жауапсыз төлеуші екендіктерін және мемлекетке 58 миллион теңгеге қарызданғандықтарын мәлімдеген», – дейді ШҚО КП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Мұхамеджанова.

Кейін ауыл тұрғындарының салымын несиелік серіктестік бастығының басқа қажеттіліктерге жұмсағаны анықталды.

«Сапа» несиелік серіктестігі өзінің ӘКК алдындағы міндеттерін орындамағандықтан, 2015 жылдың желтоқсан айында «Ертіс» ӘКК несиелік серіктестік қатысушыларын сотқа берген.

«Несиелік серіктестік төрайымы Г.Оспанованың жауапсыздығы осы жағдайға алып келді. Жарғылық қор жұмсалып кеткен, сосын біздің ақшамызбен ол басқа шарттарды жапқан, ӘКК алдында біздің шарттарымыз бойынша төлем жасау мерзімі келіп жеткенде, оның шотында ақша қалмаған», – дейді шаруалар.

Ауыл тұрғындары несиелер бойынша төлем түбіртектерін сотқа берілген талап арызға қоса ұсыныпты.

Сот отырысында басқарма төрағасы Гүлнар Оспанова бастаған «Сапа» несиелік серіктестігі шарт бойынша өз міндеттерін орындамағаны және «Ертіс» ӘКК АҚ алдында кесте бойынша несиені төлемегені анықталды. Дей тұрғанмен, «Сапа» НС қатысушылары шарт бойынша өз міндеттерін ешбір кешіктірместен және төлем кестесін бұзбастан толығымен орындаған.

Алайда сот шешімі бойынша «Ертіс» ӘКК АҚ-ның «Сапа» НС құрылтайшыларына қойған талаптары ішінара ғана қанағаттандырылған.

Сот «Сапа» несиелік серіктестігі мен оның 23 қатысушысынан «Ертіс» ӘКК АҚ пайдасына ортақ тәртіпте 50 миллион теңгеден астам, сондай-ақ қатысушылардан іскерлік тәртіпте мемлекет кірісіне 1,5 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп беруге, осылайша әр қатысушыдан 77 455,3 теңге өндіруге шешім шығарыпты.

Осыған байланысты «борышкер» қатысушылар ШҚО құқық қорғау органдарына НС төрайымының үстінен алаяқтық дерегі бойынша арыз түсіріпті. Алайда одан ешқандай нәтиже шықпағандықтан, олар ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жүгінген.

Палата, өз кезегінде, аталған мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеске шығарды. Шағым арыз берілді.

ШҚО КП мен облыс прокуратурасының иық тірестіре жұмыс істеуінің арқасында аппеляциялық сот пен Аппеляциялық инстанция алқасының соттары бірінші инстанция сотының шешімін жойды және соңғы қарыз алушылар борышкерлер қатарынан шығарылып, барлық жауапкершілік «Сапа» несиелік серіктестігіне артылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер