«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңірлік карта бизнесті құтқару жолы ретінде

2015 жылғы 12 Тамыз
12080 просмотров

Ірі мұнай-газ өңірінің бизнес-қоғамдастығы жүйелік түйткілдер тұзағында қалған. Әзірше шығар жолды жоспарлаудан көріп отыр

Маңғыстау кәсіпкерлеріне дағдарыстың салқыны сезілуде. «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовпен кездесуде Қазақстанның Сервистік компаниялар одағының басшысы Алмас Құдайберген биылғы жылы мұнай-сервистік компаниялардағы жұмыстардың көлемі 20-30% төмендегенін атады. Ірі мұнай-газ кәсіпорындары мұнай бағасының төмендеп кетуі мен ақшаның жоқтығын желеуретіп, сервистік компаниялардың орындаған жұмыстарына ақы төлемейтін кездері де болған.

«Біздің ойымызша, факторингтік компания құру қажет және даму институттары арқылы сервистік компаниялардың қарыздарын қайтару қажет. Бүгінде мұнай-сервистік компаниялар ағымдағы шығындарын жабу үшін ғана банктерден 20-25%-бен кредит алып жатыр», - деді ол.         

«Кезби» ЖШС бас директорының кеңесшісі Қайролла Ережепов «Атамекен» басшылығының мұнай-сервистік компаниялар қызметтеріне қолдау көрсетуін сұрады, ал ол үшін Палатаға барлық ірі өндіру компанияларының тендерлеріне мониторинг жүргізу құқын беру қажет.

«Кезби» ЖШС бұрғылаумен және мұнай-газ ұңғымаларын күрделі жөндеумен айналысатын сервистік компания. Біз елімізде аталмыш сектор бойынша 1 мыңнан астам адам еңбек етіп жатқан жалғыз кәсіпорынбыз. Бірақ 400 қызметкерді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болып отырмыз. Оған себеп – «ӨзенМұнайГаз» АҚ және басқа да ірі мұнай-газ компаниялары тарапынан тапсырыстың қысқаруы. Әрине, олардың әрқайсысының өз дәлелі бар. Барлығы да «қара алтын» бағасының түсіп кетуі түйткіліне ұшырап отыр. Бірақ біздің не істеуіміз керек?», - деп сұрайды Қайролла Ережепов.

Мұнай-газ секторы қызметіне байланысы жоқ кәсіпорындар да салмақты түйткілге тап болуда. «Таушық ауылшаруашылығы» ЖШС директоры Айбек Қосуақов шұбатты шетелге экспорттауды жөнге салуды ұсынды. Бірақ ол үшін мал шаруашылығының бұл түрін асыл тұқымды түйелер өсіруге қайта бағыттау қажет, ал өңірде ондай түйе жоқтың қасы. Бұл мәселеде малшыларға тіпті Ауыл шаруашылық министрлігі де, Маңғыстау облысы әкімдігі де көмектесе алмайды.

Абылай Мырзахметов кәсіпкердің сұрағына жауап бере отырып, түйелерді Араб әмірліктерінен импорттау мүмкіндігін меңзеді.

«Бірақ ол үшін жобаларыңыз Өңірлік картаға енуге тиіс. Барлық қажет есептеулерді жасаңыздар, жобаның өзектілігі мен өтемділігін дәлелдеңіздер. Осыдан кейін ғана мемлекеттік қолдау туралы айтуға болады… Біз жоаспарларыңызды жүзеге асыруға қажет ақшаны табуға көмектесеміз», - деп мәлімдеді ҰКП Басқарма Төрағасы.

«Каспий-Цемент» ЖШС бас директоры Бурек Кшиштоф өз компаниясына қазақстандық нарықта ұшырасқан түйткілдер жайлы ортаға салды. Цемент зауытының жұмыс жасағанына бір жылдан сәл ғана асқан, бірақ өз өнімін Қазақстанның батыс өңірлеріне өткізіп үлгерген. Оның ішінде ЭКСПО-2017 тапсырысы бойынша жұмыс жасайтын құрылыс компаниялары да бар.

Бурек Кшиштофтың айтуынша, компания зауыт құрылысына 200 млн. еуро инвестиция салған, дегенмен де кәсіпорын әзірше кіріс әкелмей отыр.

«Жағдайымыз мүшкіл: бір тиын да пайда көрген жоқпыз! «Heidelberg Cement» - бұл цемент өндірісі нарығындағы әлемдегі екінші ойыншы. Дүниежүзі бойынша 70 ірі зауыты бар. Бірақ дәл осы Қазақстандағы зауыты - «Каспий цемент» «қара тізімге» ілігіп отыр. Біз компанияның кіріс әкелмейтін алғашқы өкілдігі болып отырмыз. 20 млрд еуроны жұмсап қана қоймай, жұмыс орындарын сақтау үшін, қолдан келгенін жасап жатырмыз. Өніміміздің бағасын барынша төмендетіп жатырмыз. Бұл Қазақстанға Иран мен Ресейден цементтің үлкен көлемі импортталуымен байланысты. Рубльдің әлсіреуі де сезіліп жатыр. Бізге қолдау жасалып, қазақстандық құрылыс компанияларының біздің өнімді сатып алуына және қолдануына жәрдем көрсетілуін сұраймыз. Сонымен қатар электр энергиясы мен темір жол тасымалы тарифін төмендетуде көмек көрсетілсе дейміз. Бұл тұрғыдан кез-келген отандық компаниямен өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайынбыз», - деді кәсіпорынның бас директоры.   

Абылай Мырзахметов Үкіметтің осы жылдың желтоқсан айына дейін әрбір облыста Өңірлік даму картасын жасауды тапсырғанын еске салды. Өңірлік даму картасы – бизнес түйткілдерінің басым көпшілігін сол жерде жүйелік түрде шешуге мүмкіндік беретін құжат. Ол Маңғыстау өңірінің бизнесмендерін бей-жай қалмай, облыстың өзінше бір «бизнес-жоспары» іспетті стратегиялық құжатты даярлауға салмақпен қарауға үндеді.

«Бұған салмақпен қарауды өтінемін, өйткені бұл бәріміз үшін де маңызды дүние. Кәсіпкерлерді белсенуге, сауалнамаға қатысуға және пікірлерін еркін жеткізуге шақырамын. Алынған ақпарат өңірлеріңізде бизнесті жүргізудің шарттарын жақсартуға сеп болады. Өңірлік даму карталары даяр болған кезде Қытай мен Ресей нарықтарын зерттеп шығатын боламыз. Осылайша, қай өңірде қандай өндірісті іске қосу керектігі төңірегінде объективті түсінік алатын боламыз. Өңірлік даму картасы – бұл шетелдік инвестицияларды тартудың қуатты құралы», - деп түсіндірді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер