«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Семей қаласының маңайындағы ауылдар – облыстық маңызы бар қалалар

2015 жылғы 19 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
16364 просмотров

Қала маңындағы ауылдық округтер кәсіпкерлері мемлекеттік қолдау бағдарламасының ресурстарын қолдана алмайды

Атап айтқанда, "Даму" қорының қолдауына қол жетпей отыр, себебі әкімшілік құрылым туралы заңда Семей облыстық маңызы бар қалаға жатқызылған. Ал ауылды кредиттеу ресурстарын облыстық маңызға ие қалалардан басқаларының бәрі қолдана алады. Осылайша, іс жүзінде ауылдар ауылдық жер болып табылса, заң жүзінде облыстық маңызы бар қала болып отыр.

Семейде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жәрдемімен «Әйелдер және отбасылық кәсіпкерліктің гендерлік мазмұны. Шығыс Қазақстандағы даму бағдарламалары мен ресурстарына қолжетімділік» атты конференция өтті.

Іс-шара мақсаты әйелдер бизнесін және отбасылық бизнесті тиімді дамыту үшін мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының гендерлік сезімталдығы мен қолжетімділігін көтеруде болды.

«Status» Әйелдер федерациясы басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия Сараптау кеңесінің мүшесі Ирина Унжакова және ШҚО-дағы БҰҰ Даму бағдарламасының кеңесшісі Жанна Жибраева атап өткендей, 2015 жылғы қыркүйек айында БҰҰ 57 Бас ассамблеясында Мемлекет басшылары, сонымен бірге Қазақстан 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) қабылдады.

«Гендерлік теңдік мәселелері ТДМ барлық мақсаттары мен міндеттеріне біріктірілді және гендерлік кемсітушілік және күш көрсетудің құрылымдық себептерін жоюға бағытталған. Сонымен бірге халықтың әлсіз топтары арасындағы кедейшілік пен жоқшылықты жою үшін ресурстар мен мүмкіндіктердің барлық түрлеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған», - дейді Ирина Унжакова.

Қазақстан бизнеске жалпы жағымды жағдай жасалған ел болып есептеледі. World Competitiveness Scoreboard 2011 экономиканың бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан әлемдегі 59 ел арасынан 36 орын алып, ТМД басқа елдерінен озып кетті.

Алайда залдан қойылған сұрақтар күнделікті тәжірибеде адамдардың қолдау ресурстарына қолжетімділікте бірқатар қиындықтарға ұшырасып тұратынын айқын көрсетті. Бюрократиялық әуре-сарсаң, уақыт шығыны, заңгерлік қайшылықтар аталды.

Тарихи салдардан балалар тәрбиесі және үй шаруашылығын жүргізу жөнінен негізгі жүктемені әлі күнге дейін мойнына алып жүрген әйелдер үшін іскерлік қызметтерді алуға кететін уақыт шығыны олардың гендерлік ролімен шартталған қосымша кедергіге айналуда.

Қолдау бағдарламасының аясында әйелдер кәсіпкерлігін кредиттеу түйткілдері көтерілді. Бір жағынан кәсіпкер әйелдер үшін жылдық 14%-бен кредиттер берілетіні жайлы айтылды. Екінші жағынан –қатысқандардың ешқайсысы да мұндай кредитті қарызгерлерге қойылатын тым қатаң талаптар салдарынан ала алмағаны анықталды.

«Ресурс бар, ал оған жетер жол жабық, себебі әйелдер бизнесі – бұл шағын ғана табыс әкелетін және айналымды қаражаты аз мөлшерде болатын бизнес», - деп атады ШҚО КП Семей қаласындағы филиалының директоры Ардақ Әділжанов.

Конференцияға қатысушылардың бірі мал өсірумен айналысатын ауылдық кәсіпкер әйелдерге ұшырасатын түйткілдер жайлы сөз қылды. Олардың ең бастысы – бұл жайылымға арналған жерлер. Күрделі, жабық әрі ұзақ процедуралар.

Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі туралы мәселе көтерілді. Ауылдық бизнесті қаржыландыру жөніндегі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын іс жүзінде қолдану мен заңнамалық тұрғыдан келу арасында бірқатар қайшылықтар кездеседі. Мәселенің мәні заң жүзінде Семейдің облыстық маңызы бар қалаға жатқызылуында. Жақын орналасқан ауылдық округтер қала маңы болып табылады. Ал «БЖК-2020» бағдарламасында облыстық маңызы бар қалалар қолдау бағдарламасының ықпал ету аймағына кірмейді.

Осылайша, іс жүзінде ауылдық кәсіпкерлер болып табылатын әйелдер заң жүзінде бұл қатардан табылмайды әрі мемлекеттік бағдарламалар ресурсына қол жеткізе алмайды.

Конференцияны өткізу Қазақстандағы бизнестің сапалы өсу және даму тенденциясына ие екенін көрсетті. Бірақ старт-аптар көптеген ұсақ әкімшілік кедергілерге ұшырап отырады, ал әйелдер кәсіпорындары және отбасылық кәсіпорындар, әсіресе ауылдық жерлерде, заңмен реттелмеуімен әрі қайшылықтарымен ерекшеленеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер