«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тағдырмен тартыс

2016 жылғы 26 Ақпан
- Шығыс Қазақстан облысы
10998 просмотров

Көкпекті ауылындағы мүмкіндігі шектеулі қыз өз хоббиін бизнеске айналдырды

Көп жыл бұрын көлік апатына ұшырап, арбаға таңылған Жанна Жабекованың өмірі әп сәтте «апатқа дейін» және «апаттан кейін» болып екі айрылды. Басынан өткерген қиындықтарға қарамай, шығармашылық ізденіске түсті. Жаннаның мамандығы дизайнер еді, ол өз мүмкіндігін пайдалану үшін түрлі интернет ресурстарын ақтара бастайды. Осылайша ол жанына жақын хоббиін де тапты, жұмсақ ойыншықтар тігіп, себеттер тоқуды үйренді, сонымен бірге майда моншақтармен безендіруді де меңгеріп алды. Жасаған бұйымдарының бәрін достары мен туыстарына сыйға тартатын. «Қолөнерім мені мына өмірге қайта әкелді. Проблемаларым бола тұра, мен өзімді шығармашылық тұрғыдан дамыта аламын, тәуелсіз бола аламын, – дейді Жанна. – Мен өмірдің мәнін сезіндім. Әрбір адам өзінің әлеуметтік дәрежесі мен жағдайына қарамастан тұлға бола алатынына көзім жетті».

Қажетті маталар мен фурнитураға Жанна интернет арқылы тапсырыс береді. «Әлемдік желі ауыл тұрғындары үшін қолжетімсіз болған кезде, жолдасым екеуіміз қызымызға қажетті материалдарды қаладан таситынбыз, – дейді қолөнершінің анасы Руфа. – Қазір интернет-дүкендер бар, жұмысымыз сәл жеңілдеді».

Қазір бойжеткен өз ісін толыққанды бизнеске айналдыруға шешкен. Ол жасайтын ойыншықтар бірегейлігімен, жанын сала жасайтындығымен ерекшеленеді. Ертегілер мен сүйікті мультфильмдер кейіпкерлеріне дарынды қыздың қолы жан бітіретін тәрізді. Ойыншықтар тігуден өзге Жанна дизайнерлік аксессуарлар мен үйге арналған заттар жасайды. Олар себеттер, құмыралар, қабырға суреттері, ыдыс декупаждары. Мұндай әсем дүниелерді көрген сәтте, олардың бәрін сатып алғың келіп кетеді. Бірақ тауар өткізілімі жөнінен Жаннаның отбасы қиынықтарға тап болуда. Бұған себеп жарнаманың жоқтығы, өткізу орындарының болмауы. Оның жұмыстарын көріп, бұйымдарға тапсырыс беру үшін «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі мына парақша арқылы: https://vk.com/id269398081 немесе +77784128558 немесе телефоны арқылы байланысқа шығуға болады.

Оны демеп, қолдап жіберсе болғаны. Бүгінде оның барлық зейнетақысы материал мен фурнитура алуға кетеді, ал бұйымдардан түсетін түсім шыққан шығындарды жаппайды. Көкпекті аудандық Кәсіпкерлер палатасының филиалы директоры Әлия Мұқашева Жаннаның бастамаларына қолдау көрсетті. Бүгінде ол «Даму-Көмек» мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына қатысу үшін «Даму» қорына өтінім беріп қойған. Бұл бағдарламаның арқасында Жанна жаңа тігу машинасып сатып алып, жасалатын бұйымдар түрі мен фурнитураны арттыра  алады. Қазір бизнесті тіркеп, патент алу үшін қажетті құжаттар жиналып жатыр. Аудандық Кәсіпкерлер палатасы мен Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен әр ауылда Жанна бұйымдарының жәрмеңкесі мен көрмелері өтетін болады. Бұл жоғары сапалы бұйымдарды өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге бойжеткенге жаңа арба қажет болып отыр, себебі ескі арбаның тозығы жеткен, ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі алып берген жаңа арбаның көлемі Жаннаға сәйкес келмей отыр. Оны ауыстыру әзірге мүмкін болмаған. Жанна бизнесін кеңейтіп алған соң, мұндай құралға өздігінен қол жеткізуді армандайды. Аудан немесе облыста мұндай демеуші табыла қалса, Жаннаның отбасы көрсетілген көмекке риза болар еді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер