«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтау көшелеріне қауіпсіз тас төсеніштер төселмек

2016 жылғы 05 Мамыр
- Маңғыстау облысы
11614 просмотров

Мұнда жергілікті кәсіпкер экологиялық таза және жарақатқа қауіпсіз өнім шығаруда

«Eco Construction Company» ЖШС «EcoSoft» резеңке тас төсеніш, плитка және жапсарсыз жабындар өндіруді жолға қойды. ЖШС директоры Анар Ержаханованың айтуынша, кәсіпорын өнімі өңір үшін ноу-хау іспеттес болып отыр.

«Біздің өнім жарақатқа қауіпсіз, яғни оны балаларға арналған алаңшалар, спорттық залдар, тіпті трассалар үшін пайдалануға болады. Мәселен, Израильде трассаларда тас төсеніштің орнына жапсарсыз резеңке жабын қолданылады», – деді А.Ержаханова.

Кәсіпорын басшысы өнімнің артықшылықтары ретінде резеңкенің икемді амортизациялаушы, соққыға төзімді, улы еместігін атады. Сондай-ақ, ол температураның үлкен айырмасына шыдамды, тазалауға ыңғайлы, жүріске жағымды, құлағанда денең жарақаттанбайды, бұл балаларға арналған және спорттық алаңдар үшін маңызды. Тайғақ емес, кедір-бұдыр және серпімді төсеніштер жүру және жүгіру кезінде аяққа жайлы және аяқ буындарына жеңіл. Резеңке плиткалар мен тас төсеніштер кәдуілгі төсеніштерге қарағанда анағұрлым әдемі көрінеді.

«Егер ашық аспанда төселген болса, «EcoSoft» өніміне 10 жылға дейін, ал ғимарат ішінде төселсе 20 жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл ең аз дегенде», – деп сендірді А.Ержаханова.

Жарақатқа қауіпсіз өнімді өндіру үшін шикізат ретінде Ресейден сатып алынатын резеңке ұнтақ пайдаланылады. Алайда таяу болашақта кәсіпорын қайта өңделген екінші шикізат – автомобиль дөңгелегінің тысын пайдалануға көшпек. «Eco Construction Company» ЖШС құрылтайшысы Хабит Жайлаубаев бұл әдіснаманың елді мекендер мен табиғи экожүйелер аумақтарының автомобиль өнеркәсібі қалдықтарымен ластануынан туындаған экологиялық проблемаларды шешуге үлес қосуға мүмкіндік береді деп санайды. 

Сонымен бірге, ол экологиялық таза және жарақатқа қауіпсіз өндіріс орнын ашу туралы идеяның пайда болу және даму тарихымен бөлісті.

«Бұл идея бұған дейін осыған ұқсас өндірісті жолға қойған Атырау қаласына барғаннан кейін туындады. Халықаралық тәжірибені зерттей отырып, біз көптеген дамыған елдерде резеңке тас төсеніш, плитка мен жапсарсыз жабын кеңінен қолданысқа енгенін көрдік. Осылайша біз бұл өндірісті өзімізде, Ақтауда ашуға шештік. Бұдан кейін мен Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасына барып жүгініп, ондағылар мені Кәсіпкерлерді қолдау орталығының маркетинг бойынша кеңесшісі Баймұрат Әленовпен таныстырды. Дәл осы Баймұрат Қожықұлы бізге сауатты әрі негізделген бизнес-жоспар жасап берді. Осы бизнес-жоспар бойынша жоба кейіннен «Бизнестің жол картасы–2020» Бизнесті бірыңғай қолдау және дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылды», – деді кәсіпкер. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер