Құрылыс материалдарының жаңа түрін шығарады
«Пирамида LTD» компаниясы ғимараттарды тұрғызуда артықшылыққа ие заманауи құрылыс материалдарын шығарады
Кеуек полистиролбетон экологиялық жағынан қауіпсіз, биологиялық әсерге ұшырамайды, керемет кесіледі, оған шегелер мен өзге де бекіту құралдары жақсы кіреді. Полистиролбетон өзінің сапалық және бағалық сипаттамалары жағынан кеуек блоктардан және тіпті газобетоннан асып кетеді, ал тым аз жылу өткізгіштігіне орай қазіргі коммуналдық тарифтердің шарықтаған кезінде ерекше көзге түседі.
«Пирамида LTD» ЖШС өндірістік базасы Глубокое ауданының Белоусовка кентінде орналасқан. Мұнда отандық нарықта жақында пайда болған құрылыс материалы – кеуек полистиролбетон шығарылады, ол қалыптарға құю технологиясы бойынша еркін көлемдегі блоктарды дайындау кезінде қолданылады. Бұл ингредиенттерінің құрамы түрлендірілген композициялық материал – ірі шағыл тастың орнына байланыстырушы зат (кірпіш-блоктардың мақсатына қарай қолданылатын түрлі маркадағы цемент) көбіктендірілген полистирол түйіршіктерін салады. Дәл осындай инновация кеуек полистиролбетоннан жасалған бетон блоктарға (КПСБ) айрықша сипат береді және бұл тұтынушылар тарапынан өз бағасын алып үлгерді. Қалыңдығы бар болғаны 20 см осындай материалдан жасалған қабырға бір метрлік қалыңдықта қаланған кірпішті алмастыра алады.
«Бұл өте жеңіл, жылы әрі тиімді, – дейді «Пирамида LTD» ЖШС директоры Евгений Завгородний. – Өскеменде көптеген монолиттік үйлердің қабырғасы біздің материалдан жасалған».
Кеуек полистиролбетон бұрыннан-ақ АҚШ-та, Канадада және Батыс Еуропа елдерінде аз қабатты ғимараттарды тұрғызуда кеңінен қолданылып келеді. Бұл композициялық құрылыс материалы түйіршіктелген кеуек полистирол (халық арасында оны пенопласт деп атайды) мен цементті қолданып жасалады. Пенопласт өнімге жылуайырғыш қасиеттер берсе, бетондық негіз оған беріктік береді. Мұндай құрылыс блоктары синтетикалық және минералдық құрамдастарды қиыстырудың арқасында суыққа ерекше төзімділік, дыбысайырғыш және оттан сақтайтын қасиеттерге ие, олар кәдімгі кірпіштен жеңіл, пайдалану мерзімі де ұзақ.
«Біз кеуек полистиролбетоннан өзімізге арналған үйлерді де саламыз, – дейді Евгений Завгородний. – Блоктардың көлемі 60х30х20 см, олар әдеттегі ерітіндімен бекітіледі. Олар кірпіштен анағұрлым жеңіл және жылы. Стандартты үш бөлмелі үйлерді біз бір аптада көтеріп жібереміз. Ал, кірпіш қалау бір айға жуық созылады. Осы жылдың өзінде біз осындай бес үй тұрғызып үлгердік».
Ал, мұның бәрі өткен жылы кәсіпкерлердің Черемшанкаға таяу жерден жер алуынан басталды, сөйтіп олар сол жерде демалыс базасын қандай материалдардан саламыз деп ойлана бастады. Олар кірпішті де, ағашты да, қожбетонды да қарастырды. Содан кейін кездейсоқ кеуек полистиролбетоннан жасалған құрылыс блоктарының қараусыз қалған өндірісіне тап болды, оны сатып алып, жан бітірді және өндірісті бастап кетті.
«Бұл бізге ұнады! – дейді Евгений Борисович. – Іс жүріп кетті. Біз күн сайын жаңа тапсырыстар алып жатырмыз, аяққа тұрып келеміз. Жоспарларымыз да пайда болды, біз өндірісті кеңейтіп, жаңа құрал-жабдық сатып алғымыз, өнімнің өзіндік құнын азайтқымыз келеді. Ой-ниетіміз өте көп. Мысалы, сэндвич-панельдер жасауды қалаймыз. Оған қоса, бізде 3D-станок бар, соның көмегімен біз пенопластан әртүрлі фигуралар қиып аламыз. Бұл жұмысқа негізінен жарнамалық студиялар қызығады. Әзірше мүсін жасау қолымыздан келмейді, ал жазулар, түрлі бейнелер, формалар, шырағдандар мен вазондар жасау – түк емес. Бұл ретте тапсырыс берушінің талабы бойынша өндіруші осы жеп-жеңіл өнімді өңдеп, қырнап, саналуан түске бояй алады, оны ағаштан немесе мәрмәрдан айыра алмайсың».
Бұдан әрі компания анағұрлым жетілдірілген білдек сатып алмақшы, сол арқылы тіпті барельеф қиюға да болады. «Мен мұндай өнімнің де өз тұтынушысын табатынына сенімдімін. Өйткені біз әзірге Шығыс Қазақстанда осындай өнім жасайтын жалғыз өндірушіміз», - дейді Е.Завгородний.
«Пирамида LTD» кәсіпорнының директоры бөл өнімнің бәрі мүлдем зиянсыз деп сендіреді, себебі құрамында ешқандай улы қоспалар жоқ.
«Біз талдау жасадық, біздің тауарымыз сертификатталған, - деген уәж келтірді Евгений Завгородний. – Жеті жыл бұрын біздің бір танысымыз осы құрылыс материалынан өзен жағасынан өзіне үй салып алды, бұл жоғары ылғалдылық пен температураның айырмасына байланысты агрессивті орта деп саналса да, үй сол күйі тұр. Біздің материалымыз ылғалды қабылдамайды».
Айына кәсіпорын 3000-дай блок шығарады. Жаңа қондырғы келген соң, «Пирамида LTD» бұл өндірісті екі-үш есеге ұлғайтуға дайын. Бір блоктың бөлшек саудадағы бағасы бір данасына 650 теңгені құрайды, көтерме бағасы – 600 теңге.
«Егер тапсырыс үлкен болса, біз тапсырыс берушіге тағы да жеңілдіктер жасауға дайынбыз», дейді директор.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова Белоусовкадағы өндірістік базаны көргенде тәнті болды.
«Әйелдер кәсіпкерлігі ерлер тәжірибесін пайдаланбай табысқа жете алмайды. Біз жоспарлы стратегиялық ойлау қабілетіне ие мықты топ-менеджерлерден үлгі алуға тиіспіз. Табысты бизнесмен қандай да бір өндіріспен шектеліп қалмайды, оның бірнеше бизнесі болады. Егер басшы – көреген стратег болса, онда ол адамдарды жұмыс орындарымен қамти да алады, шаруашылықты жоспарлы түрде жүргізе де алады. Бұны үйрену қажет», - деп атап айтты Елена Абилова-Березинская.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: