«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыс Қазақстанда жасалған

2016 жылғы 05 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
9689 просмотров

Өскеменде «Қазақстанның үздік тауары-2016» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды

Тек биыл ғана Шығыс Қазақстанда жиырмаға жуық жаңа кәсіпорын ашылған. Олардың кейбірінің өнімдері «Қазақстанның үздік тауары-2016» көрмесіне ұсынылуда.

Республикада үздік тауарлар көрмесі жыл сайын өтеді. Биыл Шығыс Қазақстанда 60-тан астам кәсіпорын қатысуға өтінім берген. Байқауда өндірістік  мақсаттағы тауарлар, азық-түлік пен тұрғындарға арналған тауарлар назарға ұсынылды. Олардың барлығы да сараптамалық комиссиядан өткен. «Біздің байқаудың мақсаты – өндірушілер мәртебесін арттыру, отандық өнімді насихаттау, - деді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий. – Әлбетте, өнімнің өзіндік құнына байланысты сұраныс бар,  бірақ біз қазір сапа жөнінен бәсекеге қабілеттіміз. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығында әлеуеті зор. Бүгінде біз табиғи өнімді ұсынудамыз».

Көрме-байқаудың өңірлік кезеңінің нәтижелері бойынша жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» санаты бойынша «Терра Вита» ЖШС өнімі үшінші орынды иеленді. Компания медициналық жиһаз пен жабдық жасаумен айналысады. «Қазақстан майлары мен жақпамайлары» ЖШС республикадағы жақпамай материалдары өндірушілері қатарындағы ірі үші кәсіпорынның бірі және Шығыс Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын саналады. Ол өндіретін тауарларда жергілікті құрам үлесі жоғары (93 пайыз) және жоғары сапалы. Биыл кәсіпорын екінші орынды иеленіп,  Көрме жеңімпазы кубогымен марапатталды. Бірінші орынға сығымдалған ауаға арналған өнеркәсіптік жабдық шығаратын «Adekom PromMash» ЖШС ие болды. Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан, кәсіпорын алға жылжып, қызметкерлер санын арттыруда және өнім шығарылымын да көбейткен. «Көрермендер көзайымы» сыйлығы «Восток-Универсал» ЖШС-на бұйырды. Бұл компания қазақстандық жылуды оқшаулау материалдары нарығында көшбасшы саналады.

«Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша жеке кәсіпкерлер көзге түсті. Бірінші орын кубогына күміс бұйымдар жасайтын зергер Ертай Сәрсенов қол жеткізді. Ал екінші орынды балаларға арналған киім тоқитын Людмила Никонова иеленді. Үшінші орын «Мұсабалина» ЖК сырт киімдер ательесіне бұйырды. «Көрермендер көзайымы» сыйлығы Көкпекті ауданының тұрғыны Жанна Жәбековаға берілді. Ол сүйікті мультфильм кейіпкерлері желісімен жұмсақ ойыншықтар тігеді. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, Жанна тіккен ойыншықтар тіпті шетелде де сұранысқа ие. Шебер қыз шетелдерден түсетін тапсырыстарды интернет арқылы қабылдайды.

Үздік азық-түлік тауарлары болып «Восток-Молоко» ЖШС,  «Ертіс бройлер құс фабрикасы» ЖШС өнімдері және «Шахан-ата ЕКФ» ЖШС кондитерлік өнімдері танылды. «Көрермендер көзайымы» сыйлығына «Шемонаиха ұн тарту комбинаты» ЖШС ие болды.

Көрме-байқаудың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары республикалық кезеңде  облыс намысын қорғайтын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер