«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ай сәулелі жол

2016 жылғы 12 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
11132 просмотров

Түнде жарқырайтын жаяужол тастары Зыряновск ауданында шығарылуда

Фирмаға өндірісті іске қосу үшін 9 миллион теңге инвестиция қажет болды

Жол күндіз қарапайым материал болып көрінгенімен, түнде айдай жарқырайды.

Өндіріске мұндай жаңашылдықты Серебрянск қаласының кәсіпкерлері енгізді. Бүгінгі таңда қалыпты қаптама материалдар көзге реңсіз көрінеді, тұтыну нарығы жасампаз шешімдерді талап етеді. Сондықтан, бетон бұйымдар шығарумен айналысатын Сұңғатовтар отбасы келешекте мәселен, қолтырауын түстес қаптама материалдар шығаруды жоспарлап отыр. Олар оның технологиясын қараңғыда жарқырайтын тротуар плиталарын шығарумен айналысатын кәсіпкерлерден үйренбек. Бұл материалдар күндіз күн сәулесін сіңіріп, кеш батысымен жарқырай бастайды.

«Шығыс Материал» фирмасы үш жылдан бері бетоннан жасалған бұйымдар шығарып келеді. Тротуар плиталарынан бөлек, фирма құмблоктар, қожблоктар, жақтау, жол жиектасын және басқа да материалдар өндіреді.

Фирмаға өндірісті жолға қою үшін 9 миллион теңгедей инвестиция қажет еді. Серебрянск қаласының басшылығы кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін түсіндіре отырып, оларға мемлекеттік қолдау құралын пайдалануға көмектесті.

«Ең алдымен, бұл мемлекеттік қолдаудың арқасы. Жолдасым көптен бері жеке ісін ашуды ойластырып жүргенімен, қаржы болмады. Шағын қалаларды қолдау бағдарламасы туралы естігенімде, бұл дәл бізге арналған деген ой түйдім. Бағдарламамен танысып, әкімдікке ұсыныс айта келдік. Байқауға қатысып, жеңіске жеттік. 3 млн теңге көлеміндегі грантты ұтып алдық. Ол қаражаттың барлығына құрал-жабдық сатып алдық, сосын мемлекеттік субсидияны пайдалана отырып, ғимаратқа ие болдық. Үшінші жыл жұмыс істеудеміз, кәсібіміз біртіндеп ілгері жылжып келеді», – дейді кәсіпорын басшысы Салтанат Сұңғатова.

Бүгінде шағын кәсіпорын төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Салтанаттың жолдасы Ербол Сұңғатов өндірістік процесс пен тауар сапасына жауапты. Ол әрі электромеханик пен бас инженердің де жұмысын қатар алып жүр.

«Өнім жүз пайыз сапалы. Бізде заманауи құрал-жабдықтар мен жақсы қалыптар бар, олар ақаусыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Процесс автоматтандырылған, барлығы стандарттарға сай келуі үшін таразыларда өлшенеді. Сондықтан өнімге қатысты проблема жоқ», – деп сендірді Ербол Сұңғатов.

Күн сайын кәсіпорында 250 қожблок пен жүз шаршы метрге жуық тротуар плиталарын дайындауға мүмкіндік бар екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер