«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қорым табылып, кәсіпорын жұмысы тоқтап тұр

2016 жылғы 10 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
8910 просмотров

Саз өңдеумен айналысатын кәсіпкер қола дәуіріне тиесілі қорымға тап болды

Бұл жағдай осы жылдың тамыз айында болған. «Промстрой» ЖШС жұмысшылары «Жерновое» кен орнынан балшық қазып жатқан сәтте күтпеген жерден қола дәуіріне жататын қорымға кез болған.

«Біз бірден жұмысты тоқтатып, нысанға күзет қойдық. Уақыт оздырмастан облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі мекемеге қорым табылғандығы туралы хабарладық», – дейді ЖШС директоры Ермек Әкімбаев.

Ол жақтан «Жерневое» кен орны Жерновое қорымының археологиялық тарихи-мәдени ескерткішінің нысаны саналатындығы туралы жауап келген. Соған байланысты бизнес субъектісіне жұмысты тоқтатып, нысанды күзетпен қамтамасыз етіп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге кеңес берілген.

«Біз барлығын түсінеміз, бірақ жер бөлімдегілер бізге осы жерді 49 жылға жалға бергенде қайда қарап отырды?! Енді осы жер теліміне бола бізде мәселе туындап тұр», – дейді ЖШС директоры.

Айта кетерлігі, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі облыстық мекеменің хатында ЖШС-ның жұмысты тоқтату мерзімі көрсетілмеген. Соның салдарынан өндіріс тоқтап, кірпіш шығарылмай тұр. Өйткені шикізат жоқ. 60-тан астам жұмысшы еңбекақысыз қалды. Оған қоса, ЖШС нысанды өзінің есебінен күзетіп келеді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесте осы мәселе қаралып, ЖШС өкілі Наталья Черепанова айтылған жайттардың барлығын растап берді. Ол зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін сарапшы ұйымдармен қызметтің құны жөнінде келіссөздер жүргізілгенін де айтып өтті. Оның сөзінше, бағасы 1,8-ден 4 млн теңге аралығында құбылуда (1,8 млн теңге ЖШС жұмысшылары мен кәсіпорынның техникаларын пайдаланған жағдайда). Балшық өңдеу жұмыстары екі айдан бері тоқтап тұр, өйткені әлі зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.

«Промстрой» ЖШС 2006 жылдан бері жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша саз алумен айналысып келеді. Облыс әкімдігінің тиісті құрылымдық бөлімшелері мақұлдаған жер телімін кәсіпорын жалға алған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер