«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақ әйелдері де көше атауын иеленуге лайық

2016 жылғы 23 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
10264 просмотров

«Өскемен әйелдері» қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі Өскемен қаласының кейбір көшелеріне ел тарихында өшпес із қалдырған танымал қазақстандық әйелдердің есімін беруді ұсынды

Жақында Өскеменде облыстық ономастикалық комиссияның осы жылғы бірінші отырысы өтті, онда бірқатар ауылдардың, ауылды округтердің, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, көшелердің атауларын өзгерту туралы құжаттар қаралды. Мәселен, Семейдегі Балалар көркем мектебіне ҚР мәдениет қайраткері, ҚазКСР және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, танымал мүсінші Мұратбек Жанболатовтың есімі берілетін болды. Ал Семейдегі Интернациональная көшесін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, абайтанушы, педагог, Қазақ КСР Мемлекеттік гимні мәтінінің авторы Қайым Мұхамедхановтың есімімен атау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Аягөз, Ұлан және басқа да аудандарындағы бірнеше көшелердің атаулары өзгеретін болды. Ономастикалық комиссияның отырысында барлығы 24 нысан мен әкімшілік-аумақтық бірліктің атауларын өзгертуге қатысты құжаттар таныстырылды.

«Жиналысқа бірінші рет қатысып отырмын, – деді облыстық мәслихаттың шешімімен 2016 жылдың 5 қазанынан бастап ономастикалық комиссияның құрамына енген ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Әбілова. – Бізге әкімшілік-аумақтық бірліктерге, көшелерге еңбегі сіңген әйелдердің есімін беру туралы немесе нысандарды жақындап қалған ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мейрамына орай атау туралы бір де бір құжат келіп түспегеніне назар аудардым. Бұл ретте Өскеменде ғана  бес көше Паровозная деп аталады, атауы жоқ көшелер де бар, салынып жатқан ықшам аудандардағы жаңа көшелер қаншама. Бұл туралы белсенді әйелдерге айттым, әрине».

Бұл ұсынысқа «Өскемен әйелдері» қауымдастығы бірден қызығушылық танытты, өйткені қауымдастық Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы тұрғындардың қоғамдық, саяси өмірге белсенді қатысып, өзекті мәселелерді бірлесе шешуі үшін құрылған.

«Еліміздің және өлкеміздің тарихы бұрыннан қызықтыратын, – дейді «Өскемен әйелдері» қауымдастығының атқарушы директоры, «Why not» сән салонының иесі Кристина Кузнецова. – Бізде батыр, ержүрек әйелдер көп».

Кристина Кузнецованың пікірінше, қазақтың біртума қызы, 20 ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық өмірі мен әйелдер қозғалысының белсенді қатысушысы Нәзипа Құлжанованың есімін ардақтау қажет.

«Ол – талантты педагог, балаларды тәрбиелеуге арналған бірнеше кітаптардың авторы, алғашқы қазақ журналистерінің бірі. Оған қоса ол аудармашы да болған, оның арқасында қазақ елі көптеген орыс жазушыларының шығармашылығымен таныса алды, – дейді Кристина Кузнецова. – Есімімен көше атауын немесе әкімшілік-аумақтық бірлікті атау ұсынылып отырған келесі бір үміткер – өткен ғасырдың бірінші жартысындағы мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева. Ол революция идеясымен жігерленіп, ауылдық кеңестер, тіпті бірінші қазақ кавалерия полкін құруға белсене қатысқан. Орынбор губкомы қазақ секциясының хатшысы, бюро мүшесі және Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазақ халқындағы қалың мал алу мен көп әйел алу дәстүріне тыйым салу туралы декрет авторларының бірі».

Өскемендік белсенді әйелдер ұсынып отырған тағы бір үміткер – қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел, Ұлы Отан соғысына қатысушы Хиуаз Доспанова. Ол ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ғажап тұлға, батыр әйел!

Есімдерін көше атауларына беруге лайықты, тарихта аттары қалған әйелдер туралы кеңестер мен ұсыныстар білдірген Өскемен тұрғындарына Қауымдастықтың алғысы шексіз.

ШҚО Тілдерді дамыту орталығының ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісованың айтуынша, бастамашыл топтар (олар қоғам белсенділері, студенттер, ұйымдар мен мекемелердің ұжымдары болуы мүмкін) нақтылы көшелердің немесе өзге де нысандардың атауын өзгерту туралы жазбаша ұсыныстарын алдымен жергілікті атқарушы органдарға өткізулері қажет. Алдымен оларды арнайы жұмыс тобы, содан кейін егер ол қала немесе аудан болса, мәслихат қарайды. Кішірек елдімекендерде мұндай шешімдер қоғам белсенділерінің қатысуымен өтетін жергілікті тұрғындардың жиналыстарында қабылданады. Содан кейін ғана құжаттар ономастикалық комиссияға келіп түседі.

«Бастамашыл топ жинауы тиіс құжаттардың тізімі мен өлшемдері заңнамада қарастырылған, – деп түсіндірді Роза Әшімханқызы. – Онда үміткердің автобиографиясы, мемлекеттік марапаттары (егер болса), қоғамға сіңірген еңбегі ескеріледі. Мынандай да ерекшеліктер бар: мәселен, адам дүние салғаннан кейін бес жыл өткен соң ғана оның есімін қандай да бір нысанға немесе көшеге беруге болады. Қоғам белсенділері мектепке еңбегі сіңген қойшының, Еңбек ерінің есімін беруді сұрайды. Біз былай дейміз: «Иә, ол адам құрметке ие, бірақ оған мектептің қатысы қанша, ол тіпті мектепте оқымаған да ғой. Мүмкін, оның атымен шаруа қожалығын, ауылдық округті, ауылды атауға болатын шығар?»

Роза Төлемісованың айтуынша, келер жылдан бастап ономастикалық комиссияның отырысы тоқсан сайын өтпек.

«Біздің ұстанымымызды ерекше атап өткім келеді, – деді Кристина Кузнецова. – Көшелердің және өзге де нысандардың атауын өзгертуге бюджеттен шығын шығатынын жақсы түсінеміз. Мемлекеттік қазынаның қаражаты оңды-солды шашылғанына қарсымыз. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы кеңейіп, жаңадан шағын аудандар, көшелер мен нысандар салынып жатыр. Біз көптеген қазақстандықтар көше атын иемденуге лайықты деп санаймыз».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер