«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын кәсібін ірі қожалыққа айналдыруды армандайды

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
8142 просмотров

Нәзік жан ойға алған ісін жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын пайдаланды

Жас әрі сұлу арудың сиырқорада жүргеніне алғашқыда көзіміз үйренбеді. Ал 20 жастағы Сая Ақанованың мүлде бос уақыты жоқ, сондықтан ол сұхбатты өгіздерін жемдей жүріп берді.

Күршім ауылының тұрғыны колледжді бітіре салысымен, мал шаруашылығымен айналысу туралы шешім қабылдапты. Оқуды жаңа бітірген техник-байланысшыға туған жерінде жұмыс табыла қоймаған, алайда оған Кәсіпкерлер палатасы дер кезінде көмек берді.

Ол жақтағылар қыздың ауылда бизнес бастау туралы идеясына қолдау көрсетіп, отбасылық мал бордақылайтын алаң ашуға қажетті құжаттар жинауға көмектесті, бизнес-жоспар құруға бір кісідей атсалысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алу үшін құжаттар өткізілді, өткен жылдың қараша айында несие беріліп, жоба іске асырыла бастады.

Саяның өз бизнесін құруға деген құмарлығы бүкіл отбасын ортақ іске жұмылдыруға сеп болды. Оның айтуынша, дәл осы бағытты таңдауда ата-анасы жастайынан бойына сіңірген шыдамдылық, табандылық сияқты қасиеттер зор рөл атқарған екен.

«Мен кеңселік жұмысты емес, мал өсіру шаруашылығын таңдағаныма түк те өкінбеймін. Айналысып жүрген ісімді жан-тәніммен жақсы көремін. Мемлекеттік бағдарлама аясында бір жарым миллиондай қаржы алдым. Осы қаражатқа мал бордақылау алаңын жасай бастадық. Еңбек пен бар күш-жігерімді жұмсасам, бизнесім табысты болады деп сенемін», – дейді жас фермер.

Күршімдіктер Сая Ақанованы ашық, ақкөңіл, жайдары қыз ретінде таниды және осы қасиеттері оны ауданның жетекші кәсіпкері атануға көмектеседі деген сенімде.

«Сая бізге өткен жылдың күзінде кеңес алуға келді. Курстан өту арқылы ол сапалы бизнес-жоспар құруды үйренді, заңнамалық және құқықтық нормаларды, есеп-қисап жүргізуді, топты жоспарлап, басқаруды меңгерді, шарттардың мәнін, жалпы міндеттемелерін түсінді. Біз ауылдағы мұндай бастамаларды қуана-қуана қолдаймыз, ауыл шаруашылығын осындай жастар дамытады», – дейді Кәсіпкерлер палатасының Күршім аудандық филиалының директоры Светлана Күдедаева.

Осылайша, жас кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік тетігі тағы бір биік мақсаттың іске асуына түрткі болды. Сая Ақанованың ендігі арманы – шағын мал бордақылау алаңын ірі шаруа қожалығына айналдыру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер