«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ахмет тіккен аяқ киім

2017 жылғы 26 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
8819 просмотров

Етік тігуді өнерге айналдырған Ахмет Озатбек бір миллион теңгеге өз ісін ашты

Шебердің өз қолымен жасаған аяқ киімі жергілікті тұрғындарға ғана емес, қалалықтардың да көңілінен шықты. Олар Өскеменнен арнайы келіп, әдемі етіктерге тапсырыс береді. 

Кәсіпкердің негізгі ұстанымы – тұтынушының талабы әрқашан дұрыс. Осылайша, ол өзінің шеберханасын жабдықтап алды. Мұнда бұрынғы кездегідей, аяқтың өлшемін алып, қажетті етік түсін таңдайды. Ал шебер тапсырыс берушінің қалауымен былғарыға ұлттық ою-өрнек те салып береді. Бұл сән қуған қыздар үшін маңызды. Сатып алушылар болса, мұнда тігілген етік пен пиманың жарамдылық мерзімі ұзақ екенін, сондай-ақ қақаған аязда суық өткізбейтінін айтады.

Өнім көлемі әзірге көп емес, ол айына 20 жұп аяқ киім ғана шығарады. Себебі, оның аяқ киіміне қалталы азаматтардың көзі түседі екен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы алған несиесіне Ахмет тігін машинасы мен құрал-жабдықтар сатып алған. Сонымен бірге, ол қаражат тіпті қосымша адам алуға да сеп болған. Кішігірім кәсіпорын біртіндеп өз клиенттерін тауып, бұйымдар тігуден бөлек, жыртық аяқ киімдерді қалпына келтіріп, былғарыдан кез-келген бұйым жасауды қолға алды.

«Өзім оралманмын, – дейді етікші. – Қазақстанға бірнеше жыл бұрын келгенмін. Аз уақыт үйде жұмыссыз отырдым. Содан соң әкем үйреткен қолөнерді қайта жаңғыртуды қолға алдым. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы туралы естіп, сол арқылы кәсіп бастамаққа ниет еттім. Нәтижесі көңілімнен шығып жатыр. Бұл менің сүйікті ісіме айналды. Шынымды айтсам, әр жұмыс күнін үлкен ынтамен бастаймын».

Кез келген бизнесмен секілді Ахмет Озатбек те кәсібін кеңейтуді армандайды.  Қазір жұрт оның тауарларын бір демде сатып алып кетіп жатыр. Өйткені ол – өз ісінің шебері. Сондықтан тұтынушылар Ахмет тіккен аяқ киімді кисе, өздерін жайлы сезінеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер