«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғанда «Білім. Бизнес. Кәсіп» халықаралық форумы өтеді

2017 жылғы 11 Сәуір
- Жетісу облысы
5333 просмотров

Ауқымды іс-шара дуальді оқыту мәселелеріне арналады

12 сәуір күні Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірлесе «Білім. Бизнес. Кәсіп.» атты І халықаралық форумын ұйымдастырады. Бұл туралы бүгін Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева мен Білім басқармасының басшысы Гүлмира Исағұлова Өңірлік коммуникациялар орталығындағы брифингте мәлімдеді. Шараның басты мақсаты мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері және кәсіпкерлер үшін диалог алаңын қалыптастыру, әлеуметтік әріптестік арқылы адами капиталды дамыту.

Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, ертең Талдықорған қаласы бизнес пен білім арасындағы диалог алаңына айналады.

«Форум аясында Талдықорған қаласының кәсіптік білім беру мекемелерінің базасында дуальді оқытуды енгізудің мәселелері және болашақтағы даму жолдарына арналған 7 панельдік сессия ұйымдастырылатын болады. Талқылауларда сән және шаштараз өнері, тамақтандыру, тігін, дәнекерлеу және газбен қамтамасыздандыру құралдарын пайдалану, ауыл шаруашылығын механизациялау, құрылыс саласы, ветеринария, сүт өндірісі, жиһаз, мектепке дейінгі оқыту, туризм салаларының мәселелері көтеріледі», - деп атап өтті ол.

Өзекті сұрақтарды талқылау жалпы пленарлық сессияда жалғасады. Сессия 12 сәуірде 15:00-де «Koktem Grand» бизнес орталығында өтеді.

Форумға халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы (GIZ) өкілдері, ҚХР мен Ресейдегі әріптестер, «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің сарапшылары, қауымдастықтар өкілдері пен кәсіпкерлер қатысады.

Айта кетейік, облыста 73 колледж бар және онда 32 мыңнан астам студент оқиды. Тегін техникалық және кәсіптік білім беруді қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен биылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 5 мыңнан астам адам қабылданды, оның ішінде 3 мыңнан астамы жұмысшы мамандықтары. Өңірде мамандарды дайындау 68 мамандық пен 122 біліктілік бойынша жүргізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер