«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отандық күнбағыс шекара асып жатыр

2018 жылғы 19 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
10096 просмотров

Шығыс Қазақстан ­­– күнбағыс өсіруден алғашқы орында тұрған өңір. Алайда облыста өсірілетін күнбағыс көлемі жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына толық жетпейді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше 2016 жылы 478,8 мың тонна күнбағыс өсірілсе, 2017 жылы 561,1 мың тоннаға жеткен. 2014 жылмен салыстырғанда күнбағыс дәнін өндіру шамамен 2 есеге ұлғайған, яғни 44%-ға артты. Дегенмен еліміздегі май шығаратын зауыттарға бұл дән жеткіліксіз.

«Бізде «Май» АҚ бір өзі жылына 350 мың тоннадан астам күнбағысты қайта өңдей алады. Бірақ зауыт тек 80% шикізатты өз өндірісінен алынады. Қалған «УКМЗ» ЖШС, «ВостокСельхозПродукт» ЖШС, «Сей-Нар» ЖШС, «УКМЭК» ЖШС секілді басқа да май зауыттары жылына 65-80 мың тонна өндіргенде жергілікті шикізаттың 50-70%-ын ғана пайдалана алады. Біз бірнеше жылдан бері күнбағыс дәнін шет елге шығарып отырмыз. Шаруалар өнімді трейдерлерге беруді жөн санайды. Олардың сатып алу бағасы сәл жоғары», - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Қайрат Мамырбаев.

Ал трейдерлер күнбағыс дәнін шикізат ретінде шет елге шығарған тиімді екенін айтады. Қайта өңдеуге аса уақыт та жұмсамайды. Былтыр Қытайда сатып алудың жоғары бағасы егістіктің тоннасына 320 доллар болған. Ал жергілікті қайта өңдеушілер дәннің сапасына қарай шикізаттың тоннасына 63-тен 82 мың теңге берген.

Қайрат Мамырбаевтың айтуынша кәсіпорынның жүктемелігі мәселесін шешу үшін шикізатты шетелге шығаруды тоқтату қажет дейді. Ол үшін шикізатты экспорттауға кеден бажын арттырып, күнбағыс дәнін отандық қайта өңдеушілерге өткізген шаруа қожалықтарына субсидия, қандайда бір квота енгізу керек.

«Біз екі жыл қатарынан республикалық деңгейде шаруа қожалықтарына субсидия бөлу мәселесін көтердік. Бұл ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі 2017 жылы қолдады. Басымдық беретін дәнді-дақылдарды субсидиялау ережесіне күнбағыс дәні енгізілген. Шығыс Қазақстан облысы жергілікті билігінің қаулысымен басымдық беретін дәнді дақылдарға күнбағыс дәнінен басқа дақылдардың барлығы енгізілген. Билік шаруа қожалықтары күнбағыс дәнінен онсыз да жақсы пайда көріп отыр деп есептейді. Мұндағы басты мәселе жергілікті қайта өңдеу зауыттарының толық қуаттылығын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуде», - дейді бөлім басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер