«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыс Қазақстанда «Бастау» жобасына 3 мыңға жуық азамат қатысады

2018 жылғы 07 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
4787 просмотров

Былтыр «Бастау» жобасы Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданында жүзеге асырылды. Ал биыл өңірдегі жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін облыстағы барлық 19 аудан мен қала қамтылды.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы арқылы осыншама ауданды қамтып, қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Президент атап өткендей 2017 жылы 32 млрд теңге сомасында 7200 шағын несие берілген. Мұнымен қоса «Бастау» бойынша білім алған 5 мың адам несие ала алмаған. Биыл шағын несиелеуге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

«Бұл уақытында көтерілген бастама. Жыл сайын несие алуға ниеттілер қатары артып келеді. Халық жеке кәсіппен айналысқысы келеді. Ет, сүт алу үшін мал шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Сондықтан несиелеу сомасын арттырудың маңызы зор. «Бастау» жобасымен былтыр 1313 адам білім алды. Бірақ барлығы бірдей несие ала алмады. Басты себеп – қаражат жетіспеушілігі. Биыл Елбасының бастамасынан соң несие алуға мүмкіндік көп», - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Былтыр «Бастауда» білім алған 1313 азаматтың 722-сі бизнес-жоспарын сәтті қорғаған. Бірақ оның 266-сына ғана қаржы берілді. Биыл өңірде 2697 тыңдаушы білім алады.

Бүгінде 687 азамат білім алып, 529-ы бизнес-жоспарын сәтті қорғап үлгерді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 145 млн теңге сомасында 57 жобаны мақұлдады. Әлі 147 жоба қаралу үстінде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер