«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұлынған пломба үшін жарты миллион теңге айыппұл салынды

2018 жылғы 23 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
6990 просмотров

Шығыс Қазақстан облысындағы «Қалиханұлы» шаруа қожалығының басшылығы тағы дабыл қағуда. Кәсіпкер электр энергиясының болмауы себепті автоматтандырылған сауын залын іске қоса алмай отыр.

Жақында қуаты күніне 7 тонна сүтті өндіретін сүт цехы жұмыссыз тұрғанын жаздық. Жоба 2017 жылы Көкпекті ауылында ашылған болатын. Себебі – қағазбастылық сарсаңы, кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық станциясы сүт цехының көлік жуу ғимаратынан 25 метр жерде тұрғаны үшін рұқсат бермей отыр. Талапқа сай ара қашықтық  50 метр болу керек.  Қазіргі таңда бұл мәселе жергілікті деңгейде шешіліп келеді, дейді кәсіпкер.

 Естерңізге салсақ, кәсіпкер аукционнан жер сатып алды, онда сүт цехын салып, заманауи жабдықты қондырды. Аудан орталығына жақын Романовка ауылында 128 бас сауын сиырға қосымша база салды.  Сүттің бір бөлігі осында өндіріліп, қалған бөлігі жергілікті тұрғындардан алынады деп жоспарланған болатын.

 Бірақ, кәсіпкерде жаңа мәселе туындап отыр. Анықталғандай, энергетиктер қазан айының басында Марат Қалиқов шаруашылығы территориясында электр энергиясын қиып тастаған. Оған себеп – электр беру щитінен сыртқы пломбасы жұлынған. Қазір электр энергиясының болмауы себепті жаңа сауын залын іске қосу тоқтап тұр.

 «Электр энергиясын пайдалану бойынша шаруа қожалықтың қарызы жоқ. Сондай-ақ, электр энегриясын есептеу құрылғысында ішкі пломба бүтін тұр. Щит жерден 1 метр биіктікте орналасқан. Сыртқы пломбасын кез келген адам, тіпті бала да жұлып алуы мүмкін. Ары бері жүретін мал да жұлып алып кетуі де мүмкін. Өйткені щит ашық алаңда орналасқан», – деді ӨКП Көкпекті филиалының директоры Әлия Мұқашева.

 Шаруа қожалығына нәтижесінде соңғы тексеруден бастап, қайта есептелу жасалып, қарыз жыл басынан есептегенде 495 мың теңгені құрады.

 «Аталған сома шағын шаруа қожалығына ауыр, қожалық енді ғана бизнесін жолға қойып жатыр. ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабы 4-тармағына сәйкес энергетика компаниясы шығын көрген жоқ, өйткені электр энергиясын ұрлау фактісі анықталған жоқ, есеп құрылғысының өзінде энергиямен жабдықтайтын ұйым қойған пломбасы бар», – деді ШҚО ӨКП директорының орынбасары Динара Мұхамеджанова.

 Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері өңірлік энергетикалық компанияға электр энергиясын қиып тастау заңдылығын тексеру, қайта есептеу сомасын жою немесе азайту туралы, сондай-ақ шаруашылық аумағында электр қуатын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қосу туралы өтінішпен жүгінді.

 Айта кетелік, кәсіпкер жобаны мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асырып жатыр. Шаруашылыққа арналған барлық жабдық: сауын аппараттары, көңді тазалайтын құрал, жем таратушы аппарат және басқа да қондырғылар несиеге алынған. Сүт цехын арнайы жабдықпен қамтуға 35 млн теңге жұмсалған. Ал кәсіп тоқтап тұр...


Еншілес ұйымдар

Серіктестер