«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өскемендік шаруа сүт өндіру үшін ешкі шаруашылығын қолға алмақ

2019 жылғы 14 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
6559 просмотров

Кәсіпкер ферма ашып, жергілікті мектептер мен ауруханаларды таза ешкі сүтімен қамтамасыз етпек

«Ешкі сүті құрамы бойынша ана сүтіне айтарлықтай жақын. Перзентханада жаңа босанған әйелдерде сүт шықпай қалса, дәрігерлер баланы ешкі сүтімен қоректендіруге кеңес береді. Ешкі сүті онкологиялық аурулар, астроэнтерологиялық ауруларға шипа. Бұл құнды өнім. Әзірге ауданда оны ешкім өндірмейді», – деді Досжан Молдаханов.

 Жоспарды орындау мақсатында кәсіпкер алдымен заанендік сүтті ешкілерді сатып алу керек дейді. Бұл тұқым сүтті келетін кең тараған ешкілердің түрі. Сүттің иісі болмайды.

 «Бизнес идеяның артықшылығы тиімділігі мен тез өтемділігінде. Ешкі төлі тез көбееді, жылына екі рет қос лақтайды. Сондықтан оларды жыл бойына саууға да болады», – деп бөлісті бастауыш кәсіпкер.

 Өнімді соңғы тұтынушыға жеткізу үшін, кәсіпкердің айтуынша сүтті зарарсыздандыру және ыдыстарға құюға арналған арнайы жабдық керек. Осы шығындардың барлығына алдын ала есеп бойынша 3 млн теңге көлемінде қаражат керек. Бірақ, әзірге бұл үлкен идея ғана, Досжан Молдаханов оны міндетті түрде орындауға бел буып отыр. Ол үшін жер, ауыл шаруашылығы техникасы, қора-жай қолданыста бар.  

 Әзірге Досжан өз кәсібін сиыр сүтінен бастаған. Былтыр ол Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша алынған 240 500 теңге көлемінде гранттық қаражатқа сауын аппарат сатып алды.

 «Ең бастысы – уақыт үнемдейміз. Аппарат екі сиырға шақталған, яғни 5-7 минутта екі сиырды бір мезгілде сауып алуға болады. Бастысы бұл сауу әдісі гигиеналық тұрғыда таза. Барлығы аппарат ішінде тұрған сүзгімен тазаланады. Бұдан бөлек біз қаймақ, ірімшік, май жасаймыз», – деді Досжан Молдаханов.

 Ары қарай сүт өндіруді күніне 60 литрге дейін ұлғайту көзделген. Кәсіпкердің айтуынша, арзан бағадағы табиғи сүтке деген сұраныс үлкен. Сондықтан өнім тез өтіп кетеді. Негізінен сүтті көтерме сауда өкілдері келіп алып кетеді. Айта кетелік жеке кәсіпті бастамас бұрын Досжан Молдаханов «Бастау» жобасы және «Бизнес-Кеңесші» курстарын тәмамдаған.

 ШҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау бөлімінің мәліметіне сәйкес 2018 жылы облысты «Бастау» жобасы бойынша 2895 адам оқудан өтті. Қорғалған жобалардың басым бөлігі Тарбағатай ауданы «205), Жарма ауданы (177), Аягөз ауданы (175), Үржар ауданында (145) тіркелген. Ал қаржыландырылған жобалар бойынша Тарбағатай, Үржар, Зайсан, Жарма аудандары көш бастап тұр. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша (жоспар бойынша 900 адам) 1174 тыңдаушы оқып шықты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер