«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы жұмысын бастады

2019 жылғы 28 Наурыз
- Ақтөбе облысы
12580 просмотров

Алқа жұмысы, негізінен, өңдеу өнеркәсіп жобаларын қаржыландыруға бағытталған

Ақтөбе облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында жұмыс істей бастайтын алқа құрамына  облыс әкімдігі мен «Даму» қорының өкілдері кірді. Жобалық алқа қызметінің негізігі мәселелері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова мен «Даму» қоры филиалының директоры Берік Нұрғалиев айтып берді.

Алқа жұмысы бизнес-қоғамдастықты қарапайым заттардың экономикасын дамытуға шақырады, жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіреді және кәсіпкерлердің өз жобаларын жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді шешуге, кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыруға ықпал ететін болады.

Алдағы уақытта бұл құрылым жобаларға бизнес-жоспар жасалған уақыттан бастап, қаржыландыру кезеңіне дейін қолдау көрсетіп қана қоймай,оның іске асырылуын қадағалап отырады және қажетті көмек көрсетеді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан үкіметі қарапайым заттар экономикасының дамуына 600 млрд теңге бөлген еді.

Осы соманың  400 миллиард теңгесі  өңдеу өнеркәсібінің  және қызмет көрсету саласының дамуына жұмсалатын болады. Бағдарламада қарыз алушыларды 15% -дан аспайтын мөлшерде несиелендіру механизмі қарастырылған, оның 8% жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздері төлейді. Қалған сома «БЖК-2020»  және агроөнеркәсіптік саланы субсидиялау бағдарламасы аясында жеті жылдық мерзіммен мемлекеттік субсидия арқылы өтеледі.

Жеңілдетілген несиелер, негізінен, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға, атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп саласына, сондай-ақ, жиһаз, құрылыс материалдары мен агроөнеркәсіп өнімдерін өндіруге беріледі.

«Бағдарлама бойынша дайын өнімді өндіруге, сондай-ақ,  қажетті шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерін алу және әрі қарай өнімдерді сату бойынша да қолдау көрсетіледі. Жобаларға бизнес жоспар құрылғаннан бастап, оны толық жүзеге асырғанға дейін көмек көрсететін боламыз», – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Бағдарлама аясында өндiрiстiк циклдың барлық кезеңдерiн дамытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ мамандар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, құжаттама, кепілдіктер беру, сату нарығын іздестіру саласындағы мәселелерді шешу үшін кәсіпорындарға диагностика жасайды.

Мұндай кешенді әдіс жаңа өндірістерді құрумен қатар, қолданыстағы кәсіпорындардың қосымша жұмыспен қамтылып,  жаңғыруына мүмкіндік береді.

Жалпы, елімізде аталған бағдарламаны іске асыру 2025 жылға қарай 365 тауар түрі бойынша өндірісті 2,4 есеге ұлғайтып, импорт үлесін 37% -ға дейін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.Бүгінгі күні аталған бағдарламаға  9 екінші деңгейлі банк қосылды.

«Кәсіпкерлер палатасы бизнесті белсенділік танытуға шақырады, өйткені аймаққа берілетін сома ұсынылған жобалар санына қарай бөлінеді. Қаржы алғысы келетін кәсіпкерлер Ақтөбе облысының Жобалық алқасына  жолығып, жобаларын жүзеге асыруына толық қолдау ала алады. Бүгінгі күні облыс бойынша 24 қатысушы тілек білдірді», – дейді Өңірлік палата басшысы Анар Даржанова.  

Жобалық алқасының отырысы апта сайын өткізілетін болады. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында жеңілдетілген несие беру бағдарламасы арнайы тізім бойынша, кестеге сай жүргізіледі. Жобалық алқасының республикалық және жергілікті бөлімдерінің отырысы бизнес қауымдастықтың және бағдарламаға қатысушылардың қатысуымен өтеді.

Жобалық алқасының мекен-жайы: Ақтөбе қ., Сәңкібай батыр д-лы, 22K, «Қазына» бизнес орталығы. Ақпараттық телефондар: 8 (7132) 744-611 (ішкі 1509), 744-612 (ішкі 1526). Электрондық пошта: d.borankulov@atameken.kz. Несиелеу механизмі мен шарттары туралы Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сайтындағы «Қарапайым заттардың экономикасы» бөлімінен білуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер