«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыстың кәсіпкерлері гранттарды бөлудің қолданыстағы жүйесін өзгертуге ниетті

2020 жылғы 24 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
5869 просмотров

24 қарашада ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гранттар бөлуге арналған байқауға қатысқан кәсіпкерлердің бастамашыл тобының кездесуі өтті

Кездесуге ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек, Данил Комагоров бастаған кәсіпкерлердің бастамашыл тобы, «Шығыс – адалдық алауы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің өкілдері Роман Честных және Әсем Сапарғалиева, БАҚ өкілдері қатысты.

Еске салсақ, 2020 жылдың 15 қарашасында Данил Комагоров өзінің фейсбуктегі парақшасында «Атамекен» ҚР ҰКП, ШҚО әкімдігі және ҚР бизнес-омбудсменге ашық үндеуін жариялап, ШҚО-да грант бөлуге қатысты орын алған ситуацияны шешіп беруді сұрады.

 Өз кезегінде «Атамекен» ҚР ҰКП Орталық аппараты және ҚР Бизнес омбудсмені орын алған жағдайды анықтап, кәсіпкерлерге заңнамалық негізде барлық көмекті көрсетуді ШҚО Кәсіпкерлер палатасына тапсырды.

 24 қарашада өткен кездесу барысында «Атамекен» ҰКП бизнесті қаржыландырумен айналыспағанын, Ұлттық палатаның міндетіне кәсіпкерлерді оқыту және олардың жобаларын қолдау жататыны айтылды. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы –  мемлекеттік гранттарды бөлудің қазіргі жағдайын түсінуге дайын бизнес пен мемлекет арасындағы диалог алаңы.

   Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген мемлекеттік гранттарды беру ережесіне сәйкес мемлекеттік гранттар беру жөніндегі жұмыс органы – Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы болып бекітілген. Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысына барлығы 517 миллион теңге бөлініп, 483 өтініш келіп түсті, оның 106 жоба авторы байқау жеңімпаздары деп танылды.

 Бір грантқа 4 адам байқауға түскендіктен өтінім берушілердің басым бөлігі грантсыз қалды, сәйкесінше комиссия шешіміне наразылық көп болды. Атап айтқанда кәсіпкерлер қолданыстағы ережелерге, сондай-ақ комиссияның құрамына қатысты шағымданды.

 Осы ретте ШҚО ӨКП Ережеде олқы тұстар бары жайында бизнес-қоғамдастықтың пікірімен келіседі. Мұндай олқы тұстар сыбайлас жемқорлыққа бастайды және байқау комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз етпейді.

 

Осылайша, Ережеде байқау нәтижелеріне шағымдану тәртібін анықталмаған, ал байқау нәтижелері және өтініш берушілерге қатысты қабылданған шешім туралы ақпарат құпия жүргізіледі. Палата Ереженің осы және басқа да олқылықтарын Шығыс Қазақстан облысының бизнес қауымдастығымен бірге қарастыруға дайын. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша уәкілетті органға (Ережені әзірлеушіге) алдағы байқау кезінде заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ережеге өзгерістер енгізу үшін дәлелді ұсыныстар жіберіледі.

 Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар комиссия қабылдаған шешімдердің заңдылығын тексеруге тапсырыс беру үшін нақты дәлелдемелерді жинау және зерттеу қажет деген ортақ ойға келді. Осыған байланысты Кәсіпкерлердің бастамашыл тобының өкілі Данил Комагоров байқауға қатысушылардан дәлелдемелер базасын жинауды өз мойнына алаып, барлық жиналған материалдарды шамамен 10 күн ішінде ӨКП-ға ұсынатын болды. Осыдан кейін ӨКП кәсіпкерлер мен «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының операторлары –  Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының кездесуін ұйымдастырады.

 Бұдан бөлек, ШҚО ӨКП қадағалау органдарына немесе сотқа шағымданған жағдайда кәсіпкерлерге кеңес беруге және олармен бірге жүруге дайын. ШҚО ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі Роман Честных та кәсіпкерлерге бұл процесте белсенді көмек көрсетуге дайын.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер