«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес және COVID-19: «жасыл аймақта» тұрақтану

2020 жылғы 29 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
5159 просмотров

Өткен жыл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бизнес үшін өте ауыр жыл болды. COVID-19 пандемиясы көптеген салаларға кері әсер етті. Сонымен қатар, қабылданған шаралар мен кәсіпкерлердің жоғары жауапкершілігінің арқасында Шығыс Қазақстан облысы желтоқсан айының басында «қызыл аймақтан» шыға алды. Шығыс бизнес-қоғамдастығы 2020 жылы қиындықтарды қалай еңсергені жайында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек айтып берді.

– Мәріпбек Шәкербекұлы, ШҚО-да бүгінде қанша жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар екенін, олардың саны бір жылда қаншалықты қысқарғанын және қандай сегменттерде екенін айтып беріңізші?

–Соңғы статистикалық деректерге сәйкес Шығыс Қазақстанда 87 384 бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 377 бірлікке аз. Төмендеу негізінен жеке кәсіпкерлер есебінен болды. Шынында да, шағын және микробизнес, әсіресе туризм, сауда, қызмет көрсету, ойын-сауық сияқты салаларда айтарлықтай шығындарға ұшырады. Қазіргі уақытта ШҚО-ның ойын-сауық саласындағы 500-дан астам кәсіпорны жабық күйінде қалып отыр. Бұл боулинг клубтары, бильярд, компьютерлік клубтар, интернет-клубтар, букмекерлік кеңселер, караоке.

– Біздің оқырмандарға ШҚО Кәсіпкерлер палатасына қандай қызметтерге жүгінуге болатыны жайлы айтып беріңізші.

– ШҚО Өңірлік кәсіпкерлер палатасында және облыс бойынша барлық 18 филиалда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жұмыс істейді, олар бизнеске маркетингтік, заңгерлік, бухгалтерлік қызмет, жобаларды сүйемелдеу қызметтерін көрсетеді.

Біз «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді бизнес негіздеріне оқытамыз. 2017 жылдан бастап 13 мыңға жуық адам оқытылды, оның ішінде 3 мыңға жуығы өз ісін ашуға және дамытуға гранттар алды, 1,6 мыңнан астам адам «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген шағын несиелер алды.

ҰКП және ҚР БҒМ «Білім беру мекемелеріндегі кәсіпкерлік қызмет негіздері» жобасы аясында 2019/2020 оқу жылында біз 14,2 мың оқушы мен ЖОО мен колледж студенттерін оқытып шығардық. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кадрларды қысқа мерзімді даярлау жүйесін дамыту саласында өңірде 2017 жылдан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП Білім беру ұйымдарының тізіліміне 92 оқу орталығы құрылып, оған 5,4 мың жұмыссыз оқытылды.

Кәсіпкерлер палатасы барлық қызметтерді тегін көрсететіндігін атап өткім келеді.

– Палата ағымдағы жылы аграрлық сектордың қандай мәселелерін шеше алды?

– Біз агроөнеркәсіп секторының жүйелі проблемаларын заңдарға, заңға тәуелді актілерге, түрлі ережелерге енгізілген өзгерістерді лоббилендіре отырып, белсенді түрде шешеміз. Біздің маңызды жеңістеріміздің бірі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидияларды беру ережелеріне енгізілген өзгерістер деп санауға болады. Енді ЖАО бұл қаражатты басқа салаларға қайта бөлуге құқылы емес.

Егер көктемгі дала жұмыстары кезеңі туралы айтатын болсақ, Палата салалық министрліктер арқылы жанар-жағар май құнының жоғарылау мәселесін шешті. 2020 жылдың көктемінде біздің облыстың шаруалары қозғалысқа қойылған шектеулерге байланысты өте қиын жағдайға тап болды. ӨКП араласуының арқасында бұл кедергі жойылды: біз осы тауарлардың экспортына тыйым салынғанға дейін жіберілген ауыл шаруашылығы өнімдері бар 93 вагонды бос тұрып қалудан құтқара алдық. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде біз 130-дан астам кәсіпкерге ШҚО бақылау пункттері арқылы жүк автокөлігімен жүруге көмектестік, онда олар қандай да бір объективті емес себептермен ұсталды.

Сондай-ақ, Палата өңірдің сүтті және етті мал шаруашылығында өткізу тізбегін ұйымдастырды, бұл шаруаларға өндірілген өнімді сатуға ғана емес, 3 млрд теңгеге жуық мөлшерде мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік берді.

– Бизнес құқықтарын қорғау саласындағы кәсіпкерлерге көмек көрсету туралы айтып берсеңіз.

– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту – ШҚО Кәсіпкерлер палатасының және жалпы «Атамекен»ҰКП-ның маңызды функцияларының бірі. Тек 2017 жылдан бастап ӨКП-на бизнестен 2 000-нан астам өтініш келіп түсті, кәсіпкерлердің жалпы сомасы 9 млрд теңгеден астам құқықтары қорғалды. Осы жылдар ішінде ШҚО бизнес құқықтарын қорғау бойынша көшбасшылар үштігіне кірді, ал 2019 және 2020 жылдары тұрақты түрде бірінші орында тұр.

Егер пандемия кезеңі туралы нақты айтатын болсақ, 2020 жылдың күзінде ғана біз осындай көмек алу үшін бізге жүгінген ШҚО-ның 50-ден астам кәсіпкерлерін мониторингтік топтардың негізсіз әрекеттерінен қорғадық. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жұмыс белсенді түрде жария етілді, атап айтқанда шағын дүкендер мен кафелердің иелері – Светлана Саскенева, Мария Гундарева, Глубокое ауданынан Сара Сүлейменова, Тарбағатай ауданынан Эльзат Ерғалиева және басқалары 638 940 теңге көлемінде айыппұл санкцияларынан қорғау мысалдары келтірілді.

2020 жылдың мамыр айынан бастап біз ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен бірлесіп бір-бірімен және мемлекеттік органдармен шаруашылық даулары туындаған кәсіпкерлер үшін Медиация қызметтерін көрсетумен айналысамыз. Алты ай ішінде біз тараптардың бітімгершілік келісімге келген 35 жағдайын қарастырдық.

Сондай-ақ, палата ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен сындарлы диалог орнатқанын атап өткім келеді. Апта сайын біз ДСЭК өкілі Талғат Тұңғышбаевтың түрлі саладағы бизнес субъектілерімен кездесулерін ұйымдастырамыз. Әдетте, бизнестің көтерген басым ұсыныстары назарға алынады және ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулыларында көрініс табады.

- Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында облыс тұрғындарына қандай тілек айтар едіңіз?

- Бүгінгі біздің басты мақсатымыз - «жасыл аймақта» тұрақтану. Біз бұған ұмтыламыз және бизнес-қоғамдастықты санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырамыз. Алдағы жылы барлық шығысқазақстандықтарға мықты денсаулық және сенімді иммунитет тілеймін! Осылайша, әрқайсымыз зардап шеккен кәсіпкерлік салаларын жандандыруға өз үлесімізді қосамыз, демек, біз өңіріміздің және тұтастай алғанда бүкіл Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқатын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіре аламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер