«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлерге Арбитраж орталығының жұмыс барысы таныстырылды

2021 жылғы 08 Сәуір
- Шығыс Қазақстан облысы
5783 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 7 сәуірде «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраж орталығының қызметі және ӨКП-ның бизнесті қорғау саласындағы құқықтық блогы жұмысының нәтижесімен танысты

 7 сәуірде Әсемхан Досқожановтың төрағалығымен және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербектің қатысуымен ШҚО Кәсіпкрелер палатасы Өңірлік  кеңесінің кезекті отырсы өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге Ұлттық палатаның еншілес кәсіпорны, соттан тыс дауларды шешу саясатын жүзеге асыратын – Арбитраж орталығының қызметі таныстырылды.

 «Біз негізінен бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік қызмет шеңберінде жасаған келісімшарттарынан туындаған дауларды қарастырамыз. Отандық сот жүйесінің үлкен жүктемесін ескере отырып, сондай-ақ кәсіпорындардың мамандануына байланысты түрлі сұрақтар бойынша судьялардың барлығы бірідей білікті әрі сауатты позиция бере алмауы себепті арбитраж функциясы өте маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев.  

Спикер дауларды арбитражда шешудің артықшылықтары туралы айтты, онда тараптар тәуелсіз арбитрларды өздері таңдайды,  оның біліктілігі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейі мен беделіне назар аударады. Арбитраж шешімі әлемнің 160-астам елінде орындалады, ал алым сомасы талап арыз сомасының шамамен 0,5%-ын ғана құрайды, бұл сот инстанциялары алымдарынан 6 есе арзан. Осы ретте арбитраж шешімдері мен сондай-ақ арбитражда дауды шешу барысының өзі құпия жүргізіліп, жарияланбайды. Ал сот шешімдері ашық жүргізіледі, бұл жайт сот процесіне қатысып жатқан тараптардың беделіне, коммерциялық жағдайына әсер етуі мүмкін.

 «Арбитражда мәселелер тез қаралады, өйткені бізде бір ғана инстанция бар,  апелляция, кассациялық қарау жоқ, барлығы түбегейлі осында шешіледі. Әдетте бізде даулар 2-3 ай қаралады, ал сотта бір іс барлық инстанцияларды есептегенде бір жыл бойы қаралады», – деді Асқар Қалдыбаев.

 Баяндамашы арбитражда азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар ғана қаралатынын айтты, ал Арбитраж орталығына жүгінудегі басты шарт –  бизнес субъектілері арасындағы келісімшартқа туындаған дауларды арбитражда шешу туралы ережені енгізу.

 Өңірлік кеңесте қаралған екінші мәселе – ШҚО ӨКП директоры, бизнес-омбудсменнің ШҚО бойынша өкілі Әлия Мұқашеваның құқықтық блоктың 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысы туралы баяндамасы болды.

«Атамекен» ҰКП Өңірлік палаталар рейтингінде ШҚО ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімі жеті жыл қатарынан үздік үштік қатарында, ал 2020 жылы бірінші орынды еншіледі.

 Өткен жылы Палатаға бизнесті қорғау бойынша кәсіпкерлерден 594 өтінім түскен, соның ішінде 562 өтінім оң шешілген (94 пайыз). 2021 жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлерден 126 өтінім келіп түсті, 97 өтінім бойынша оң шешімге қол жеткізілді, нәтижесінде кәсіпкерлердің 1 016 639 277 теңге сомасында  мүліктік құқықтары қорғалды. 2020 жылы кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласқан 77 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

 ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотпен бірлескен жоба «Татуластыру кабинеті» шеңберінде 2020 жылы 70 кәсіпкердің мүліктік дауы шешілді – жалпы 40 млн теңгеге 35 медиативті келісім жасалды.

2020 жылы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 12 отырысы өтті, онда бизнестің 22 түйткілді мәселесі қаралып, 19-ы оң шешілді.

Өңірлік Палата қолайлы инвестициялық ахуалды құру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірге «Бизнесті және инвестицияларды қорғау» жобасын іске асыруға қатысады. Бүгінгі таңда жоба аясында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен жалпы сомасы 277,5 млрд теңгеге 39 келісім жасалды.

«2020 жылы біз 29 жергілікті және 9 республикалық сипаттағы кедергілерді анықтадық, оның 25-і жойылды. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Республикалық ведомствоаралық комиссияның отырысында белгілі бір аймақта (қызыл, сары, жасыл) орналасуына байланысты сауда объектілерінің қызметін шектеудің нақты критерийлері қабылданды. Тұрақты негізде санитарлық нормалардың артығын жою мәселелері Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен пысықталды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар биыл да жалғасады», – деп қорытындылады Әлия Мұқашева.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер