«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сапалы жолдар – өңірлік туризм дамуының негізгі факторы

16 Қазан 2021
3414 просмотров

«Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Туристік сала комитеті өңірлердегі туристік әлеуеттің дамуын тежейтін сапасыз жол учаскелері туралы деректерді жинайды. Бұл туралы туристік қоғаммен өткен кеңес барысында комитет төрайымы Юлия Якупбаева мәлімдеді.

 «Жолдардың жай-күйі – өзекті тақырып. Жақында автожолдар инфрақұрылымы туристік нысандарға тарту тақырыбын Қарағанды, Алматы, Атырау облыстарының кәсіпкерлері көтерген. Алакөлге баратын тасжолдың ұзақ уақыт бойы салынып жатқанын бәрімізге белгілі. Сондықтан ҰКП алаңында жиналып, барлық мәселелерді министрліктер, ведомстволар және өңірлермен талқылауды шештік. Жалпы, мәселеге жүйелі қарап, жолдардың барлық проблемалық учаскелері туралы нарық ақпаратын жалпылауды, оны жобалық кеңсеге тапсырып, ағымдағы жағдайға мониторинг жүргізуді ұсынамыз. Қажет болған жағдайда даулы мәселелерді Үкімет деңгейіне шығару қажет», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

 Атап айтқанда, әлі салынып бітпеген, жөндеуді қажет ететін жолдар туралы айтылды. Мысалы, Алтынемел қорығына апаратын Сарыөзек-Басши тасжолына күрделі жөндеу керек.

 «Өкінішке қарай, ұлттық паркке басқа жолмен баруға болмайды. Қорғасқа апаратын тасжол бөлігі көлік ағыны көп, шулы болғандықтан Ұлттық парк басшылығы оны жауып тастады», – деді Қазақстан туристік қауымдастық төрайымы Рашида Шайкенова.

«Қазақстандық туризм индустриясы» қауымдастығының төрайымы Мунирам Ахметова Алматыдан Алакөл көлінің шығыс жағалауына жету өте қиын екенін атап өтті.

 Тағы бір күрделі аймақ – Өскемен-Алтай тасжолы. Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстары  екі жыл бойы аяқталмай жатыр. ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр түсіндіргендей, ведомствода жерді орман шаруашылығынан шығару мәселесін бірден шеше алмады. Осы уақыт ішінде мердігер учаскеден кеткен.

 «Қазіргі кезде проблеманың бәрі процедураға тіреледі. Жұмысқа кірісіп, жолдың қалған бөлігіне қаржыландыру алу үшін біз не істелгенін баяндап, мәселені республикалық бюджет комиссиясына шығаруымыз керек. Алайда комиссияның шешімін әлі алғанымыз жоқ», – деп түсіндірді ол.

 Жамбыл Бақтиярдың айтуынша, қазанның басында қосалқы заң актісіне туристік нысандардың жанындағы жолдарды жөндеу мен салуды жоспарлауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.

 Өз кезегінде туристік дестинацияларды дамыту департаментінің директоры, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жобалық кеңсесінің жетекшісі Батыр Қонақбаев жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді.

 Жұмыс нәтижесінде Жұмыспен қамту және Бизнестің жол карталарына, сондай-ақ өңірлердің кешенді карталарына жолдарды салу және реконструкциялау бойынша жалпы сомасы 22 млрд теңгеден асатын 21 жоба енді.

Туристік кластерді одан әрі дамыту мақсатында Маңғыстау облысы бойынша жалпы ұзындығы 27,7 шақырым екі жоба, Ақмола облысында жалпы ұзындығы 25,5 шақырым 4 жоба бойынша құрылыс және реконструкциялау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.  Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 20 шақырым 1 жобаны орташа жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 2020 жыл қорытындысы бойынша 36,1 шақырым жолға қозғалыс іске қосылды, соның ішінде 34,6 шақырым – Маңғыстау облысында, 4,5 шақырым – Алматыда.  

 Жиынды қорытындылай келе, Юлия Якупбаева бизнес-қауымдастыққа жолдардың проблемалық учаскелерінің туристік маңыздылығын негіздей отырып, олардың жай-күйі туралы ақпаратты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жіберу туралы өтініш жасады. Жиынтық ақпарат «KazakhTourism» ҰК» АҚ және ҚР ИИДМ-ға жолданатынын атап өтті.


Серіктестер