«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да кәсіпкер меморганның қателігінен миллион теңгесінен айырыла жаздады

2022 жылғы 08 Ақпан
- Шығыс Қазақстан облысы
6206 просмотров

 Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы салық есептілігін толтырған кезде қате жіберді деп айып тағылған бизнес субъектінің құқығын қорғай алды.  Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпорынның жеткізушімен өзара есеп айырысуында құны миллионды құрайтын қатені байқады.

ШҚО кәсіпкерлер палатасына «ВостокЭкоЛайн» ЖШС жетекшісі жүгінді. Оған мемлекеттік кірістер органы салық есептілігін жасау кезінде 957 мың теңгеден астам сомаға бұзушылыққа жол берді деп айып тақты.

 «Салық кодексі 96-бабының нормасын орындай отырып, кәсіпорын салық органына анықталған бұзушылыққа қатысты түсіндірме жіберді. Алайда, мемлекеттік кірістер басқармасының 2021 жылғы 22 қазандағы шешімімен хабарлама орындалмаған деп танылды. «ВостокЭкоЛайн»  ЖШС басшысы бұл шешіммен келіспей, Палата көмегіне жүгінді», – деді ШҚО ӨКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Рауан Абдуллин.

 Орын алған ситуацияны мұқият қарап, Палата мамандары ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне берілген хабарлама мен шешімнің заңдылығын тексеруді сұрады. Департамент екеуін де заңды деп таныды.

 Бұдан кейін Палата департаменттің шешіміне қатысты жоғары тұрған орган – ҚР мемлекеттік кірістер комитетіне шағымданды.

 «Комитет хабарламаны орындау шеңберінде «ВостокЭкоЛайн» ЖШС жеткізушімен есеп айырысуды растайтын барлық құжатты тапсырғанын анықтады. Яғни, іс жүзінде хабарламаның орындалғаны дәлелденді», – деді Рауан Абдуллин.

Осылайша кәсіпкердің түйткілді мәселесі өз шешімін тапты.

 Құрметті кәсіпкерлер! Егер Сіздің құқығыңыз мемлекеттік органдар қызметкерлерінің іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі нәтижесінде бұзылған болса, құқықтық көмек алу үшін ШҚО кәсіпкерлер палатасына мына мекенжай бойынша хабарласуды сұраймыз: Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, 12-каб., тел.: 8 (7232) 742-103, 742-104.

 

Иллюстрация: nalacon.ru


Еншілес ұйымдар

Серіктестер