«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Форс-мажор куәлігі кәсіпорынға 7,2 млн теңге үнемдеуге көмектесті

2022 жылғы 22 Ақпан
- Шығыс Қазақстан облысы
7072 просмотров

Дереккөз: rusautomobile.ru

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы құқық блогының мамандары Семей қаласындағы кәсіпорынға 7,74 млн теңгені үнемдеуге көмектесті. ҚР ИИДМ Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті форс-мажорлық жағдай және тауарды жеткізуде болмашы кешіктіруге қарамастан кәсіпорыннан міндеттеме орындалмағаны себепті үлкен мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етті.

ШҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінген кезекті кәсіпкердің мәселесі оң шешілді. Осы жолы палата көмегі Семей қаласындағы ірі бизнес объекті – «СемАЗ» ЖШС-на көрсетілді.

 2020 жылдың сәуірінде кәсіпорын «ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті» РММ-мен қосымша келісімдерді ескере отырып, жеткізу мерзімі 20.12.2020 жылға дейін  «55524 әскери бөлімі» РММ-ге әскери мақсаттағы «Урал-4320» маркалы автобустарды жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Іс жүзінде бұл тауар 2020 жылдың 28 желтоқсанында жеткізілді, яғни кешіктіру мерзімі небәрі 8 күнді құраған.

 «Сол кезде елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген еді. «СемАЗ» ЖШС осыған байланысты Қазақстанның сыртқы сауда палатасынан форс-мажор жағдай туралы куәлік алды. Алайда тапсырыс беруші бұл жағдайды елемей, жеткізушіден шамамен 8,6 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды шешкен. Әрине, «СемАЗ» ЖШС бұл шешіммен келіспей, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді», – деді ШҚО ӨКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Рауан Абдуллин.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті сотқа тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арыз берді, ал жауапкер өз тарапынан талап арызға пікір жіберді. Онда жауапкер 8 күнге созылған кешіктіру бойынша қалыптасқан жағдайды егжей-тегжей және дәлелді түрде түсіндірді.

Біріншіден, екі тарап арасындағы келісімшарт пандемия кезінде жасалды және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 10.04.2020 жылғы хатымен барлық мемлекеттік орган және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сатып алу келісімшарттары бойынша жұмыстар мен жеткізу кестесін қайта қарау, сондай-ақ карантиндік іс-шаралар кезеңінде айыппұл санкцияларын өндіріп алудан бас тарту тапсырылды. Сондай-ақ, келісімшартта тараптар келісімшарт бойынша міндеттемелердің толық немесе ішінара орындалмағаны үшін, егер ол Қазақстанның сыртқы сауда палатасы берген тиісті куәлікпен расталатын форс-мажорлық жағдайдың нәтижесі болса, жауапты болмайды деп жазылған.

Екіншіден, Комитет белгілеген тұрақсыздық айыбы кредитор шығынына қарағанда тым үлкен. Есесіне «СемАЗ» ЖШС келісімшарт бойынша өзінің міндеттемелерін 100%-ға орындап қойған. Нақтырақ айтсақ, Комитет ешқандай шығынға ұшырамады. Бұны сотта мемлекеттік органның өкілі де растаған. ҚР Азаматтық кодексінің 297-бабына сәйкес мұндай жағдайларда сот борышкердің талабы бойынша борышкердің міндеттемелерді орындау дәрежесін және борышкер мен кредитордың назар аударарлық мүддесін ескере отырып, тұрақсыздық айыбын азайтуға құқылы.

 «Мемлекеттік сатып алу келісімшартына жасалған сипаттамада Ресейді өндірілген «Урал» маркалы автомобиль қажет екені белгіленген. Тауарды жеткізуді кешіктіру Ресейде өндіруші-зауыт тарапынан туындаған қиындықтар, әлемдік пандемия, елдегі төтенше жағдай және форс-мажорлық жағдайға байланысты орын алған. Мұндай жағдайда тапсырыс берушінің тұрақсыздық айыбын талап ету негізсіз әрі мөлшері тым үлкен», – дейді Рауан Абдуллин.

«Атамекен» өкілі осыған ұқсас істерде 2020 жылы сот тауарды жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұл санкцияларын өндіріп алу туралы талаптарды қанағаттандырғаны бойынша тәжірибе қалыптасқанын атап өтті. Бұл жағдайда форс-мажор мерзімі 58 күнді құрады, ал кәсіпкердің кешіктіру мерзімі небәрі сегіз күн. Бұдан басқа, келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде тапсырыс беруші тапсырыс берілген тауардың санын 33-тен 46 бірлікке дейін ұлғайтты, ал жеткізу мерзімі 20 күнге ғана ұзартылды. Бұл талаптар мөлшерлес емес, соның салдарынан тауарды жеткізу 8 күнге кешіктірілді.

 Бұл іс 2021 жылдың шілдесінде ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында  қаралды. Сот қарауына ШҚО ӨКП құқық блогының сарапшысы Жанар Сапаева қатысты. Заңгер сотталушыда форс-мажор туралы куәліктің болуын ескере отырып, пандемия кезінде жеткізушінің тұрақсыздық айыбын төлеуден бас тарту  бойынша құқығын қорғады.

 «Жауапты тараптың келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді орындағанын, сонымен қатар тапсырыс беруші белгілеген тұрақсыздық айыбы тым үлкен екенін ескере отырып, сот тұрақсыздық айыбын 890 740 теңгеге дейін түсіру дұрыс деп шешті. Сонымен қатар жауапкер тараптан 25,7 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік баж ұсталды. Осылайша, Комитеттің талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Ал «СемАЗ» ЖШС 7,74 млн теңге үнемдеді», – деп қорытындылады Рауан Абдуллин.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер