«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер Конституцияға ұсынылған түзетулерді талқылады

2022 жылғы 24 Мамыр
4904 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР Конституциясына ұсынылған түзетулерді түсіндіру бойынша кездесу өтті.

Еліміздің Ата заңына түзетулерді офлайн және онлайн режимде талқылауға 400-ге жуық адам жиналды: 17 өңірлік кеңестің өкілдері, кәсіпкерлер, сондай-ақ басқарма мүшелері, «Атамекен» ҰКП департаменттерінің директорлары, өңірлік палаталардың директорлары және олардың орынбасарлары қатысты.

 Түзетулерді түсіндіру үшін Қоғамдық кеңестің мүшелері Нұр-Сұлтан қаласының қаржы және бюджет жөніндегі комиссияның төрағасы Бауыржан Смайылов, BI Group директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев шақырылды.

 «Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына жолдауында елімізді жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Референдум 2 аптадан аз уақыттан кейін – 2022 жылғы 5 маусымда өтеді. Осыған байланысты экономикалық және саяси реформалар бағытында бизнесті дамытудың жаңа перспективаларын талқылаудың кезі келді», – деді кездесуді ашып, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.

 Шақырылған сарапшылар жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылатын ҚР Конституциясына негізгі өзгерістер туралы айтты. Жалпы, түзетулер 12 негізгі блокты қарастырады. Бірінші блок ҚР Президенттің лауазымына байланысты шектеуге қатысты.

«Бірінші кезекте, Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік секторда саяси және басшылық қызметтерді атқаруға шектеу қойылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына шектеу қойылды», – деді Бауыржан Смайылов.

 Сонымен қатар Президенттің өңір әкімдері актілерінің күшін жою және тоқтата тұру, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін қызметтен босату құқығын алып тастау ұсынылды. Тағы бір түзету тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық норманы алып тастауды көздейді.

 Алматы қаласы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев өзгерістер елдегі бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

 «Парламенттің рөлі мен мәртебесіне қатысты маңызды өзгеріске назар аудартқым келеді. Мен бухгалтерлік есеп саласында кәсіпкерлікпен айналысамын. Біз салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер ауқымын көріп отырмыз. 2020 жылдың өзінде 406 түзету жасалған. Парламент рөлін өзгерту бойынша жоспарланған жаңашылдықта заң актілеріне көзқарас басқа болып, сапа артып, заңнама жиі өзгеріске ұшырамайды деп ойлаймын», – деді спикер.

 Маңызды ұсыныстардың бірі – Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот өкілдері мен судьялар, сондай-ақ басқа да судьялар, Орталық сайлау комиссиясы, жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мен мүшелеріне саяси партияларға, кәсіподақтарда мүше болу, қандай да бір партияны қолдап сөз сөйлеуге тыйым салу.

Ұсынылған өзгерістер отандық кәсіпкерлер арасында қызу қолдау тапты. Өңірлердің өкілдері ұсынылған тәсілдердің өзектілігін атап өтті, сондай-ақ бастамаларды кейіннен тиімді іске асыруға өз ұсыныстарын айтты.

ҰКП кәсіпкерлер арасында ҚР Конституциясына ұсынылған түзетулер туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. Алдағы уақытта елордалық компаниялардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер