«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыс Қазақстанда «Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жол картасына» қол қойылды

2022 жылғы 26 Мамыр
- Шығыс Қазақстан облысы
6747 просмотров

25 мамырда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов және «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Қуанышбек Мұқаш Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – бизнестің өзекті мәселелерін анықтау және оларды шешу жолдарын талқылау.

25 мамырда ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Семей қалалық филиалы алаңында мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер кеңесі және бизнес субъектілері өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиында барысында өңірдің бизнес-қоғамдастығы өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді айтуға мүмкіндік алды.

Атап айтқанда, шаруа және фермер қожалықтарын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру құқығын беруге қатысты мәселе көтерілді. Өтініштен байқау өткізу кезінде инвестициялардың болжамды көлемі жеңімпаздарды айқындаудың негізгі көрсеткіші екені анықталды. Бірақ қатысушы болжанатын инвестициялардың кез келген сомасын көрсете алатынын ескере отырып және жер комиссиясының оның төлем қабілеттілігін растайтын құжаттардың болмауы салдарынан қатысушының әлеуетін айқындай алмайтынына байланысты бұл норманы қолдану тиімді емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану жөніндегі заңнама нормаларын жетілдіру және конкурс жеңімпаздарын әділ анықтау мақсатында бизнес-қоғамдастық «Инвестициялардың болжамды көлемі» өлшемшарты бойынша балл беру нормасын алып тастауды ұсынады. Бұл норма ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз бөлу үшін жағдай жасайды.

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік сатып алу, салық бойынша қарыздарды өндіріп алу, көтерме-тарату орталықтарының құрылысына салынған инвестицияны субсидиялау, жүк жөнелтуші кәсіпкерлерге қатысты айыппұл санкциялары, кедендік құнды түзету, «АРТ Спорт» бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар шығармашылық үйірмелері мен спорт секцияларының қызметтерін қаржыландыру мәселелері көтерілді. Бизнес-омбудсмен мен «Атамекен» өкілі аталған мәселелердің маңызды екенін және оларды шешуге жәрдемдесуге дайын екенін хабарлады.

«Кәсіпкерлікті дамытудың арқасында ғана облыстың тұрақтылығы қамтамасыз етілетінін бәріміз жақсы түсінеміз. Бірлесе отырып, қарау, талқылау және өңірлерде экономикалық өсудің қандай мүмкіндіктері бар екенін түсіну қажет. Бұл өте маңызды» - деп түйіндеді Рустам Жүрсінов.

Сол күні Өскеменде бизнес-омбудсмен, өңір басшысы және Шығыс Қазақстан облысының прокуроры «Кәсіпкерлік қызметті қолдау жөніндегі жол картасына» қол қойды. Келісім ШҚО-да су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату, ШҚО елді мекендерінің бас жоспарларын әзірлеу, Шығыс бизнесінің өз қызметкерлеріне экологиялық үстемеақылар төлеуі, қоғамдық автокөлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі, Алакөл көлінің жағалауында интернет-желісінің және ұялы байланыстың болмауы проблемаларын шешуді көздейді.

26 мамырда Рустам Жүрсінов пен Қуанышбек Мұқаш ШҚО Кәсіпкерлер палатасы алаңында ӨКП директоры Қайрат Мамырбаев пен Құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Әлия Мұқашеваның қатысуымен бизнес субъектілерін жеке қабылдады. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, «Ертіс» ӘКК алдында несиелік серіктестіктерге қатысушылардың қарыз қаражатын өтеуі, Орман кодексіне өзгерістер енгізу қажеттілігі және т.б. мәселелерді көтерді.

Мәселен, ШҚО-ның ауылдарында жұмыс істейтін 1 700-ге жуық кәсіпкердің, яғни кредиттік серіктестікке қатысушылардың мәселесі 9 жылдан бері жалғасып келеді. Қарыз алушылар болса «Ертіс» ӘКК алдындағы борыштарын өтей алмай отыр, оның үстіне сот орындаушылары да ауыртпалықтар салған. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Азамат Биғалиев және Ұлан ауданының «Болашақ» ШҚ басшысы Ахметхан Жуанышевтің айтуынша, қазір қарыз алушылар несие ала алмайды, мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуге тыйым салынғандықтан кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, елден шыға алмайды және нотариаттық мәмілелер жасай алмайды.

Бизнес-омбудсмен және «Атамекен» ҰКП өкілі бұл мәселені жеке бақылауға алып, оны Шығыс Қазақстан облысының прокурорымен талқылауға ниетті екенін жеткізді.

«Жағдай одан әрі тығырыққа тірелмеуі үшін шектеулерді алып тастай отырып, қарыз алушылардың қарызын төлеуді қайта құрылымдау қажет немесе кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыру қажет деген ойдамыз. Міндетті түрде мәселені облыс әкіміне жеткіземіз. Даниал Кенжетайұлы әділ адам, ол ауыл кәсіпкерлерін осындай қиын жағдайда қалдырмайтынына сенімдімін», – деп түсіндірді Рустам Жүрсінов.

Көптеген жыл бойы өзекті болып келген мәселенің бірі - орман қорының жерлерін жалға алатын орман пайдаланушылардың проблемасы.

«Орман кодексіне сәйкес, егер біз, орман заңнамасының екі және одан да көп бұзылуына жол берсек, онда орман қоры жерінде орман иеленуші салған барлық нәрсені біз өз есебімізден бұзуымыз немесе мемлекеттік орман иеленушінің балансына беруіміз керек. Бұл заңдастырылған рейдерлік! Заңбұзушылықты табу соншалықты қиын емес. Сондықтан бұл ережелерді Орман кодексінен алып тастау керек», – дейді «Алтайские альпы» тау шаңғысы курортының негізін қалаушы Александр Чиликин.

Сондай-ақ, кәсіпкер жерді жалға алу, жалға алынған жерде ескі ағаштарды кесіп, жас көшеттерді отырғызу үшін қаншама қиындықтан өту керек екенін айтып өтті. Жерді жалға алу мен иеленудің айырмашылығы – жер иесі барынша қорғалған және жерді банкте несие беру кезінде кепіл ретінде пайдалана алады. Кәсіпкер мемлекет жалға алушыларды мемлекеттік қызметшілердің қол сұғушылығынан барынша қорғауды қамтамасыз етуі тиіс деген пікірде.

Жеке қабылдауда бизнес субъектілері айтқан барлық проблемаларды кәсіпкерлердің құқықтарын жөніндегі уәкіл және «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің басшысы бақылауға алды.

Елордалық делегация сапарының бағдарламасы Шығыс Қазақстанның құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесуді де қамтиды. Ал 27 мамырда бизнес-омбудсмен мен Ұлттық палата өкілі облыс орталығында жергілікті атқарушы органдар, өңірлік кеңес мүшелері, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер