«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да «Бизнесті қорғау экожүйесі» жобасы іске асырылып жатыр

2022 жылғы 26 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
5453 просмотров

«Бизнесті қорғау экожүйесі» – «Атамекен» ҰКП іске асырып жатқан жаңа жобаның атауы. Жоба аясында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы прокуратура органдарымен тығыз өзара іс-қимылда бизнес субъектілерінің құқығын қорғауды жүзеге асырады. Бұл туралы ШҚО ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, ШҚО бизнес-омбудсменінің өкілі Әлия Мұқашева айтты.

 

– Әлия Орумбекқызы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнесті қорғау экожүйесі» жобасы туралы айтып берсеңіз. Оның мақсаттары қандай және ол Шығыс Қазақстанда және Абай облысында қалай жүзеге асырылады?

– Мемлекет басшысының соңғы тапсырмалары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі жұмысты қайта құрылымдады.

«Бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасында басты назар прокуратура органдарымен тығыз қарым-қатынасқа аударылған. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі, әкімшілік, қылмыстық практика және т.б. сияқты түрлі салаларда бірлескен талдау жүргізу. Талдау нәтижелері бойынша түйткілді мәселелер анықталады. Оларды біз жұмыс топтарының жиналыстарында талқылаймыз және кәсіпкерлік субъектілері құқығының бұзылуына жол бермеу бойынша ұсыныстар әзірлейміз. Әрі қарай осындай проблемаларды анықтау үшін талдау нәтижелері біздің аудан өкілдеріне жеткізіледі.

– Осы жоба аясында қандай іс-шаралар өткізілді?

–  Осы жылдың мамырында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов ШҚО және Абай облысына барып, ШҚО кәсіпкерлер палатасы алаңында кәсіпкерлерді жеке қабылдады.  Семей мен Өскеменде бизнес-қоғамдастықпен кездесті. Абай облысы және ШҚО Кәсіпкерлер палаталарына осы кездесулерде талқыланған мәселелерді қысқа мерзімде шешу бойынша тапсырма берді. Қазіргі кезде біз барлық көтерілген мәселенің 80%-дан астамын шештік.

Біз ШҚО прокуроры жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің жиналыстарында мемлекеттік органдармен тұрақты жұмысты жалғастырамыз. Өткен аптада кезекті отырыс өтті, онда мектеп асханаларын жалға алушылар мен мемлекеттік гранттарға үміткерлердің мәселелері талқыланды.

Шілдеден бастап бизнес субъектілеріне қатысты түрлі істерді жүргізу тәжірибесін талқылау үшін судьялар, адвокаттық қоғамдастық және заң консультанттарымен кездесулер өткізіле бастады.

Сондай-ақ, енді тұрақты негізде, әр тоқсанда бір рет, біз прокурор және қызметі бизнестің құқығы мен мүддесімен ұштасқан барлық бақылау-қадағалау органдарының қатысуымен бизнесті қорғау бойынша форумдар өткіземіз. «Ашық микрофон» форматындағы кездесулерде кез келген кәсіпкер мемлекеттік органдарға өз проблемасын айтып, жүгіне алады. Осылайша мәселе кәсіпкер органдардың табалдырығын тоздырып жүргеннен гөрі тезірек шешіледі.

Біз Өскемен және Семейде бір форум өткіздік. Ал қазір ШҚО-да келесі форумды өткізу мерзімі жақындап келеді. Ол 30 қыркүйекте сағат 10:30-да С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бесінші корпусында Қазақстан көшесі, 55, 4-қабатта өтеді. Шешімін талап ететін проблемалары бар барлық кәсіпкерді форумға шақырамыз!

– Ал кәсіпкерлер Палатаға қандай мәселелермен жиі жүгінеді?

– Ең басты проблемалар мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, салық салуға қатысты. Егер статистика туралы айтатын болсақ, онда орта есеппен жыл сайын ШҚО Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша шамамен 350-400 өтініш түседі. Мысалы, өткен жылы бізге 383 өтініш келіп түсті. Олардың 330-ы бойынша оң шешімге қол жеткізілді. Пайыздық қатынаста бұл 86%-дан астам – осы көрсеткіш бойынша біз әрқашан өңірлік кәсіпкерлер палаталары арасында лидерлер қатарында боламыз.

– Палатада Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның қызметі, міндеті мен жұмыс нәтижесі туралы айтып өтсеңіз.

– Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес ШҚО Кәсіпкерлер палатасының тұрақты жұмыс істейтін кеңес алу-ақылдасу органы. Оның құрамына прокуратура органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті, мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері, адвокаттық қоғамдастық пен қауымдастықтардың өкілдері кіреді.

Кеңес жұмыс істеген жылдар ішінде өзін кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелеріндегі пәрменді құралдардың бірі ретінде көрсетті. Мысалы, өткен жылы Кеңестің 15 отырысы өтті. Онда 30 мәселе, оның ішінде 24 түйткілді және 6 ақпараттық сипаттағы мәселелер қаралды. 24 түйткілді мәселенің 21 өтініші бойынша оң шешімге қол жеткіздік, бұл 87,5%-ды құрайды. Кеңестің бастамасы бойынша мемлекеттік органдардың 15 қызметкері түрлі жауапкершілікке тартылды.

 Осы жылдың 8 айында кеңестің 9 отырысы өтті. Онда 18 мәселе, оның ішінде 15 түйткілді және 3 ақпараттық сипаттағы мәселелер қаралды. Оң шешімдегі 15 түйткілді мәселенің 12-сі бойынша қол жеткіздік (бұл 80%), мемлекеттік органдардың 4 қызметкері түрлі жауапкершілікке тартылды.

- Кәсіпкерлік қоғамдастыққа айтар тілегіңіз?

- Мен кәсіпкерлерге заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауды тілеймін, ал мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда дереу ШҚО Кәсіпкерлер палатасына мына телефондар арқылы 8 (7232) 742-103, 742-104, «Атамекен» ҰКП-ның облыстағы өкілдігіне 8 (7222) 425-744 телефоны бойынша, сондай-ақ біздің аудандық және қалалық әкімдіктерге хабарласуларыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер