«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Армандаған да жоқпын». Қазақстандық шаруалар Германияның жаңартылатын энергия көздеріне қатысты тәжірибесін үйренуге келді

2023 жылғы 21 Наурыз
1564 просмотров

 Еліміздің бірнеше өңірінен жиналған топ шаруа немістің жаңартылатын энергия көздерін игерудегі тәжірибесін үйренеді. Фермерлер биогаз, қолданбалы ғылым, жаңартылатын энергия көздері енгізілген ауылдарды аралап, су үнемдеу, құрғақшылықтан қорғануды меңгерген ғылыми орталықтарға барады.

Шағын фермерлік қожалықтарда жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жоба аясында қазақстандық пилоттық шаруашылықтардың иелері Германияның Мюнхен қаласына келді.

«Шынымды айтсам, армандаған да жоқпын. Осы жобаға қатысу арқылы Германиядан бір-ақ шықтым. Қуаныштымын. Бұл ел – жаңартылатын энергия көздері әлдеқайда дамыған мемлекеттің бірі. Қаларының арасындағы тасжолдың бойында күн панельдерін көрдік. Өте көп екен. Содан-ақ қаншалық алға кеткенін аңғаруға болады. Сондықтан немістің тәжірибесін меңгеріп, шаруашылығымызда пайдаланатынымызға сенімдімін», – деп бөлісті ойын шығысқазақстандық фермер Татьяна Поспелова.

Шаруалардың сапары Вайенштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры, Cowenergy жобасын жүргізушіғалым  Штумпенхаузенмен кездесуден бастап, Huabahof фермасымен танысады. Сонымен қатар, биогаз қондырғысы бар компанияның жұмысын көріп, ауыл шаруашылығындағы жаңартылатын энергия көздері енгізілген Вольпертсхаузен ауылына барады.

Германияда электр энергиясын табиғаттан өндіру статистикасы да күн сайын жаңарып тұрады. Ел күнделікті деректерді жариялайды. Жобаның халықаралық сарапшысы Динкалакер Йорг шаруаларға соңғы деректерді ұсынды. Оның мәліметінше, Германия электр энергияның 16 пайызын жел арқылы, 13 пайызын күннен, 12 пайыз биомассадан алған. Бұл көрсеткіштер күнделікті өзгеріп отырады. Егер жер қарқыны жақсы болса, елдің күнделікті тұтынатын энергиясының 50 пайызына дейін желден алады. Маманның айтуынша, сол себепті бұл салады озық шыққан елдің тәжірибесі шаруалар үшін маңызды.

«Германия жаңартылатын энергия көздерін пайдалануда ілгері кетті. Әсіресе, ауыл шаруашылығында тиімділігін арттырған бірегей елдердің қатарында. Сол себепті бұл сапар қазақстандық фермерлер үшін таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз», – деді Динкалакер Йорг.

Бұдан бөлек фермерлер су үнемдеуде көш бастап тұрған Landwirtschaftsamt ауылшаруашылық компаниясының қызметімен танысып, Бау-бақша кәсіпорындарына арналған суару қауымдастығының атқарып жатқан жұмысын зерделейді.

Айта кетейік, жобаны Жапонияның қаржылай қолдауымен ҚР Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы «Атамекен»Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып жатыр. Пилоттық жоба аясында қазақстандық 10 шаруашылыққа ЖЭК пайдаланатын құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар, бірқатар өңірде фермерлер үшін ЖЭК маңызы мен тиімділігіне арналған тренингтер өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер