«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жанға жайлы студенттер үйі

2023 жылғы 24 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
9851 просмотров

Өскемендегі «Студенттер қалашығы» аумағы - бұрыңғы атақты Өскемен құрылыс жол институтының, қазіргі ШҚТУ дың тарихы өрбіген қасиетті мекен. Осы қалашықтағы Серикбаев, 35/1 көшесінде студенттер үшін тағы бір жатақхана - студенттер үйі салынып, пайдалануға берілді.

 

ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА БАРЛЫҚ БӨЛМЕДЕ БАР

Жайлы жатақхана ҚР Президентінің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты бастамасы бойынша студенттік жатақханалар мен жеке меншік мектептер, интернаттар құрылысын жүргізу мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып отыр.

«Бәрі енгізілген» қағидаты бойынша тұрғызылған заманауи студенттер үйін өскемендік кәсіпкер Назым Сейтқазина салған.

«Біз студенттер үйін студенттік жатақханалар мен жеке меншік мектептер құрылысын жүргізуге арналған мемлекеттік бағдарламаға қатыса отырып салдық. Жүзеге асырыла бастаған төрт жылдан бері бұл бағдарлама өзін тек оңды жағынан көрсетіп отыр. Сондықтан, біз шығыс қазақстандық инвесторларды аталған бағдарламаға қатысып, табыс табуға, студенттердің жатақхана жетіспеушілігі мәселесін шешуге шақырамыз», – дейді Назым Сейтказина.

Студенттер үйі барлық талаптарға сай болуымен қатар мұнда студенттерге арналған көптеген қосымша мүмкіндіктер бар. Бірінші қабатта асхана, азық-түлік дүкені, шаштараз, спорт зал, типография, Makeup қызметтеріне дейін бар. Бөлмелердің бәрінде санитарлық торап, душ, ас дайындау аумағы, сабаққа дайындалу, жатын бөлме аумағы бар. Барлық бөлмелер тұрмыстық техникалармен жабдықталған, тоңазытқыш, шыны керамикалық плита, автоматты кір жуу машиналары, жаңа жиһаздар бар. Әр қабатқа сымсыз лимитсіз интернет тартылған.

Бүгінде Астана мен облыс орталықтарында Президент тапсырмасына сәйкес студенттерге осындай жаңа жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Студенттер тұратын жатақханалардың жетіспеушілігі біздің өңірде де өзекті мәселе болып отыр. Ауылдан келген жастар өз бетінше баспана іздеп, қиналып, оған қомақты ақша төлеуге мәжбүр. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда жатақханаға мұқтаж студенттер саны 63 мыңнан асады. Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысында – 488 студентке, көршілес Абай облысында – 2612 студентке жатақхана қажет.

МЕКТЕП, ИНТЕРНАТ САЛСАМ ДЕУШІЛЕРДІ ШАҚЫРАДЫ

Мәселені шешудің тиімді әдістерінің бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігін жетілдіру. Құрылыс салушыларды тарту үшін қазір бір орынға мемлекеттік тапсырыс нормативі едәуір ұлғайтылған: алты жыл ішінде мемлекет өңірлердегі инвесторға 195 АЕК төлейтін болады, ғимаратты жатақханаға бейімдеп қайта салғанға 47 АЕК төлейді. (2023 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге). Осы мақсатта заңнамада жатақхана салу үшін жер телімін алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар көзделген.

Мемлекет тарапынан ақшалай төлемдер түріндегі қолдау және жоғары қажеттікті ескере отырып, қазір кәсіпкерлерге қонақ үй немесе кампусқа қарағанда студенттік жатақхана, интернаттар мен мектептер салу әлдеқайда тиімді деуге болады. Бағдарламаның операторы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ. Бағдарламаға қатысу үшін жерге құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарымен, заңды тұлғаның болуы туралы құжаттармен алдын-ала келісімшарт жасасуға өтінім беру қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Қаржы орталығы» АҚ мен бірлесе аймақ кәсіпкерлерін мемлекеттік бағдарламаға қатысып жатақханалар салуға тартуда.

«Жыл басынан бері облыстағы студенттік жатақханаларда бес мыңнан астам төсек - орын қажеттілігі мәселесі шешілді. Қазіргі күні 488 студентке төсек - орын және 4 319 оқушыға оқу орны керек. Аталған мәселелерді шешу үшін біз жыл сайын «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен, өңірдегі әлеуетті инвесторлармен кездесулер өткізіп отырмыз. Жатақханалар мен мектептер, интернаттар салуға ниет білдірген, қызығушылық танытқан кәсіпкер бізге келіп, хабарласып бағдарламаның мүмкіндіктерімен егжей - тегжейлі таныса алады», – деген ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Әділхан кәсіпкерлерге кез - келген уақытта кеңес беруге әзір екендіктерін айтты.

Студенттерге жатақхана салуға, оқушыларға мектептер мен интернаттар салуға арналған мемлекеттік бағдарлама жайлы, құрылысты салушыға мемлекеттен төленетін төлемдер мен көрсетілетін қолдаулар, қаржылай қолдаудың тетіктері мен шарттары туралы толық ақпаратты ШҚО кәсіпкерлер палатасына мына телефондар арқылы хабарласып алуға болады: 8 (7232) 742-954, 742-102 немесе «Қаржы орталығының» fincenter.kz сайтынан немесе 8-800-080-28-28 нөмірі бойынша алуға болады.

Жанаргүл Мұқатай, Шығыс Қазақстан облысының «Didar» газеті
Христина Дорошенко, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер