«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Экспорттаушылар салықтық әкімшілендіру саласында бизнесті кемсіту бар деген пікірде

2023 жылғы 28 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
4941 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Машина жасау комитетінің отырысында Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері экспорттаушыларға қатысты салықтық әкімшілендіру мәселелерін көтерді. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚҚС қайтару рәсімі орта бизнестің мүддесін ескермейді, Қазақстанның машина жасау кәсіпорындары нарықта ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанын және сенімді әрі тұрақты өндіріс ретінде беделді екенін айта кету керек.

 

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында ШҚО бизнес-омбудсмен өкілі Әлия Мұқашеваның және мүдделі тараптардың қатысуымен «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ Бас директоры Владимир Аксеновтың төрағалығымен машина жасау комитетінің кезекті отырысы өтті.

Отырыста қазақстандық өнімді экспорттаушыларға ҚҚС-н қайтару мәселесі қаралды. Атап айтқанда, ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексіне енгізілген және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістер туралы сөз болды.

Машина жасау комитетінің төрағасы ШҚО орта бизнестің бірқатар кәсіпорындары арасында сауалнама ұйымдастырды, сауалнама нәтижесі бойынша салық заңнамасына түзету енгізу бойынша ұсыныс жасалды.

Бизнестің ескертулерінің бірі камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда ЭШФ жазып беруге шектеу қоюға қатысты болды.

«Бизнес өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда кез келген инспектор кез келген кәсіпорынның қызметін тоқтатуға құқылы. Біздің ойымызша бұл салық органдарының шамадан тыс талап қоюымен байланысты. Салық инспекторы кәсіпорындардың қызметі мәселесін шешпеуі керек. Тексеру барысында, қандай да бір дау туындаса немесе бұзушылықтар орын алса, оларды жою кезінде, келісу-келіспеу, шағым түсіру кезінде кәсіпорындардың қызметі тоқтамауы керек. Бұл бизнеске қатысты әділетсіздік қана емес, бұл еңбек ұжымдарының, жалақы және әлеуметтік шиеленіс мәселесі. Сондықтан біздің ойымызша осы тармақты қолдануға қатысты түзету енгізу қажет немесе аталмыш бапты өзгерту керек», – деп түсіндірді Владимир Аксенов.

Талқыланған тағы бір мәселе ҚҚС асып кеткен соманы қайтару мерзімімен байланысты. Өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымнан тауарлардың кемінде 70%–н экспорттайтын кәсіпорындар үшін ҚҚС асып кеткен соманы 55 жұмыс күні ішінде, өзге жағдайда 75 жұмыс күні ішінде қайтару туралы талап қойылды. Бұл ретте ҚҚС асып кеткен соманы қайтару мерзімі ҚҚС бойынша декларацияларды ұсыну үшін белгіленген мерзімнен күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін басталады.

«Бәрі жақсы, жақсы жаңалық, бірақ, өкінішке орай, бұл өнімнің 70%-н экспортқа шығаратын ірі бизнеске ғана қатысты. Бұл ірі мұнай-газ компаниялары, бұл біздің шикізатты шетелге шығаратын холдингтер. Егер экспортпен айналысатын бизнестің қалған бөлігі туралы айтатын болсақ, онда кірістің 70%-ы үлкен көлем болып табылады. Сондықтан біз бұл көрсеткішті кем дегенде 50-60%-ға дейін төмендетуді ұсынамыз. ҚҚС қайтару мерзіміне қатысты: 75 + 30 = 105 күн. Біз осы 30 күнді алып тастауды ұсынамыз, бүгінде барлығымыз электронды шот-фактураларға көштік, енді қағаз құжаттарды өңдеу қажет емес, барлығы желіде, біз барлық қозғалыстарды көреміз. Бұл біздің кәсіпорынның айналым қаражаты, олар жұмыс істеуі керек!» - деп түсіндірді Владимир Аксенов.

Сондай-ақ, машина жасаушылардың ұсыныстары салық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібіне қатысты болды, онда экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды ынталандыру ретінде импорт пен баж салығы бойынша ҚҚС ескерілуі мүмкін. ҚҚС-н қайтарудың оңайлатылған тәртібімен коэффициентті салықтың асып кету сомасынан 50%-дан 70%-ға дейін ұлғайту ұсынылды, өйткені салық төлеушінің деректерінің «пирамидасы» бойынша ауытқулар көбінесе ағымдағы түзетулерге байланысты туындайды. Сонымен бірге, машина жасау комитеті «пирамиданы» қалыптастыруда оны ашық етіп жасауды және салық төлеушілердің сайтында жариялауды немесе тексерілетін бизнес субъектісіне толық көлемде ұсынуды сұрайды.

Владимир Аксенов осы «пирамидаға» салық төлеушілер жиі түсетініне назар аударды, оларды жалған кәсіпорындар деу қисынсыз, мысалы, металды вагондармен сатып алатын ArcelorMittal компаниясы; бүкіл Қазақстан бойынша авиарейстер жасайтын «Эйр Астана» компаниясы; тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар беретін «Атамекен» ҰКП, және т. б.

«Ал, «Атамекеннің» шот-фактураларын мойындамаудың мәні неде, біз бұл жалған кәсіпорын емес екенін түсінеміз ғой және де сот органдарында бұл мәселелер тіпті қаралмайды да!»- деді Владимир Аксенов.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы бір жаңалық енгізілді, ҚҚС қайтару туралы талап бөлігінде салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тыйым салынады. Машина жасау комитеті 211-баптың мынадай редакциясын ұсынады: «Салық төлеуші тексеру нәтижелері бойынша тиісті салық кезеңі үшін қайтарылмаған сома бойынша нөлдік ставка бойынша ҚҚС қайтару туралы талап бөлігінде өзгерістер енгізуге құқылы».

«Яғни, егер «пирамида» түзетілсе, салық төлеуші бұрын тексерілген кезең үшін ҚҚС қайтаруға құқылы болуы керек. Бүгінде қандай да бір себептерге байланысты бұл құқықтың күші жойылды. Бұл енді мүлде қисынсыз жағдай! «Пирамиданы» МКК жүргізеді, оны ММК өзінің кейбір тексеру функциялары негізінде түзетеді, инспектордың қызметінде қателіктер болуы мүмкін, мысалы жиі кездесетін жағдай, деректерді ұсынуда қандай да бір іркіліс немесес бұзылу орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер өз қаржысын алуға құқылы болуы керек деген пікірдеміз», – деді машина жасау комитетінің төрағасы.

Өз тарапынан ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (МКД) басшысының м.а. Асхат Жібітаев ЭШФ-ны бұғаттау бойынша енгізілген өзгерістер 4 жылдан бері қолданылып келе жатқанын және көлеңкелі экономикаға қарсы күресте тиімді екенін атап өтті.

«Негізі, Сіз дұрыс айтасыз: бір ғана маман ЭШФ-ға қол жеткізуді шектеу арқылы кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметін шектейтін белгілі бір шешімдер қабылдауға құқылы емес. Салық кодексінің нормалары заңнамалық тұрғыдан сәйкестендіру, бұл процесті барлығына түсінікті етіп реттеу үшін қабылданды. Пилоттық жобаның басында 2019-2020 жылдары «ЭШФ» АЖ-не қолжетімділігі шектелген төлеушілер саны ондаған болса, бүгінде саусақпен санарлық салық төлеуші қалды», - деп статистикалық деректерді келтірді Асхат Жібітаев.

Экспорттаушыларға ҚҚС-н оңайлатылған қайтару мерзімдеріне қатысты МКД өкілі бұл мерзім экспортталатын тауардың үлесіне байланысты күнтізбелік 155 күннен екі-үш есе қысқартылғанын атап өтті. Мамандар қысқа мерзімде ақпаратты өңдеп, барлық деректерді тексеріп, оларды жинақтап үлгермейді. Алайда, уақыт өте келе, бұл процесс толығымен реттеліп, автоматтандырылған кезде, Мемлекеттік кірістер комитеті бұл норманы тағы бір рет қайта қарастыруы мүмкін, деген пікірде Асхат Жібітаев. Ол сондай-ақ, бизнес енгізген ұсыныстарды Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Шығыс кәсіпкерлерінің ұстанымын белгілеу үшін өзінің орталық аппаратына жіберуге дайын екенін айтты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Салық салу департаменті директорының орынбасары Айслу Молдағалиева машина жасау комитетінің мүшелеріне бизнес көтерген барлық мәселелер Ұлттық палата өкілдері кіретін ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Жұмыс тобының отырыстарында қаралатынын айтты.

«Қазір жұмыс тобының отырыстарында ҚҚС әкімшілендіру мәселелері талқылануда. Мемлекеттік кірістер комитеті ҚҚС қайтаруды жаңа Салық кодексінен алып тастамақ ниетте, олар ҚҚС-нан кері бақылауды енгізуді ұсынады. ҚҚС қайтару ережелеріне келетін болсақ, олар өткен жылы бизнеспен және «Атамекен» ҰКП-мен келіспей енгізілді, дегенмен біз оларға өз ескертулерімізді жібердік. Біз екінші жыл қатарынан белсенді түрде Мемлекеттік кірістер комитетінен біздің айтқанымызға құлақ асуын сұрап келеміз», - деді Айслу Молдағалиева.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық енгізілген ұсыныстарды ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Жұмыс тобы шеңберінде одан әрі талқылау үшін «Атамекен» ҰКП-на жіберу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер