«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін алу жолдары түсіндірілді

2023 жылғы 18 Сәуір
- Қызылорда облысы
8375 просмотров

Үш құрамдасты интеграцияланған жүйені пайдаланатын кәсіпкерлер қосымша құн салығы бойынша есепке тұрмайды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде сала мамандары айтты.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, кәсіпкерлер қатысты.

Мемлекеттік  кірістер департаментінің өкілі Злиха Шакетова үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің артықшылықтарын айтып шықты.

Аталған жүйе өзара байланысқан үш құрылғыдан тұрады. Олар - онлайн-бақылау касса машинасы, POS терминал, тауарларды тіркейтін автоматтандырылған жүйе. Бұл жүйе  арнаулы салық режимімен жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлерге арналған. Оны пайдаланған кәсіпкерлерге мемлекеттен жеңілдіктер қарастырылған.

«Жартыжылдық салық кезеңі үшін кіріс шегі 24 038 айлық есептік көрсеткіштен 94 086 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды,  яғни 82 931 100  тенгеден 324 596 700  теңгеге дейін оңайлатылған декларация негізінде  жұмыс жасауына болады.  Бұл жерде айта кету керек, жеңілдік беріп тұрған 70 048 АЕК-ті  (241 665 600 теңгесі)  міндетті түрде  пос терминал арқылы есеп айырысу қажет», – деді Злиха Шакетова.

Ал қосылған құн салығы бойынша  жылдық шектік мәні 20 000 айлық есептік көрсеткіштен 144 184 айлық есептік көрсеткішке дейін,   яғни 69 000 000  теңгеден 497 434 800  теңгеге дейін ұлғаяды. Ол үшін жеңілдік беріп тұрған 124 184 АЕК (428 434 800 теңге) міндетті түрде  пос терминал арқылы өтуі керек.

«Нәтижесінде осы жүйені пайдалану арқылы табыс ұлғайған кезде кәсіпкерлер АСР бойынша белгіленген шектердің асып кету немесе қосымша құн салығы бойынша есепке қою қажеттілігі туралы алаңдамауына болады», – деді мемлекеттік кірістер департаментінің маманы.

Аталған жүйені орнату үшін кәсіпкерлер не істеу керек?

Кәсіпкер мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан үш құрамдастырылған интеграцияланған жүйенің біреуін таңдап, салық төлеушілер кабинетіне кіруі және мемлекеттік кірістер органына тіркеуі қажет.

Кездесуде мамандар салыққа қатысты өзге де өзгерістермен бөлісіп, кәсіпкерлердің сұрағына жауап берді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер