«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО бизнес-қоғамдастығы күмәнді мәмілелер бойынша материалдарды қарайтын келісу комиссияларының қызметін заңдастыруды ұсынады

2023 жылғы 04 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6076 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте келісу комиссиялары жұмысының тиімділігі талқыланды, олар мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа шағымдар бойынша материалдарды алдын ала қараумен айналысады. Тек 10% жағдайда ғана комиссиялар сотқа арыз беру үшін негіздердің жоқтығы туралы шешім қабылдады.

 

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің мүшелері келісу комиссиялары жұмысының тиімділігі мәселесін көтерді, себебі мәмілелерді жарамсыз деп тану мәселесі жүйелі сипатта және бүгінгі таңда бизнестің ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Маусым айының соңында бұл мәселе ШҚО прокурорының бірінші орынбасары Мейрам Таутеновтың, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтің, ШҚО-дағы бизнес-омбудсмен өкілі Алия Мукашеваның, бақылау-қадағалау органдары мен адвокаттық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Игорь Шацкийдің төрағалығымен өтетін ТҚҚ Кеңесінің отырысына қайта шығарылды.

ШҚО КП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Алыстан Маратов өз баяндамасында мәлімдегендей, 2023 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша ШҚО МКД кезінде жарамсыздық белгілері бар мәмілелер бойынша материалдарды сотқа дейінгі қарау жөніндегі келісім комиссиясы 21 материалды қарады. Осы материалдардан 19 жағдайда мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арызды сотқа беру туралы шешім қабылданды және тек 2 материал бойынша ғана сотқа талап қою үшін негіздердің жоқтығы туралы шешім қабылданды, бұл қаралған істердің жалпы санының 10%-ынан да аз.

«Біздің пікірімізше, мұндай үрдіс комиссиядағы күштер арақатынасының тең болмауынан қалыптасқан. Яғни, ШҚО КП-ның бір өкілі және алты МКД өкілі болуынан. Біз жыл басында тәуелсіз салалар өкілдерінің, соның ішінде бизнес-қоғамдастық өкілдерінің комиссияны күшейту мәселесін көтердік. Сол кезде Кеңестің хаттамалық шешімімен Департаментке осы ұстанымды Мемлекеттік кірістер комитетінің назарына жеткізу ұсынылды. МКД бізге салық заңнамасының талаптарын ескере отырып, Кеңестің ұсыныстарын енгізу тетіктерін пысықтайтынын айтты. Алайда комиссия 2021 жылдың қазан айында МКД басшысының бұйрығымен бекітілген бұрынғы құрам бойынша жұмыс істейді», – деді Алыстан Маратов.

Сонымен қатар, сарапшы бірнеше жергілікті компаниялар арасындағы мәмілелердің дұрыстығы туралы мәселені оң қарауды мысалға келтірді. Мәселен, келісу комиссиясының отырысы барысында салық төлеушілер сұратылған құжаттардың, оның ішінде үшінші тұлғалармен көлік қызметтерін ұсыну туралы мәмілелерді растайтын барлық тізбесін ұсынды. Дәлелдеме базасын зерделеп, комиссия сотқа талап арыз беру үшін негіздердің жоқтығы туралы шешім қабылдады.

«Осылайша, комиссия бұрынғысынша жақсы диалог алаңы болып қала береді, онда кәсіпкер жүргізілген мәмілелердің шынайылығын растайтын құжаттарды ұсыну арқылы өз көзқарасын дәлелдей алады. Кәсіпкерлер үшін қандай да бір брошюра, ақпараттық сипаттағы буклет әзірлеуді ұсынамыз. Онда келісу комиссиясының жұмыс тәртібі көрсетіледі, осы жағдайда салық төлеушінің не істеу қажеттігі және қандай құқықтары бар екендігі түсіндіріледі», – деп Алыстан Маратов ШҚО КП ұстанымын білдірді.

Өз тарапынан ШҚО МКД басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асхат Жібітаев өткен жылмен салыстырғанда осындай кезеңде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздардың саны айтарлықтай төмендегенін атап өтті. Бұл ретте сот шешімдері соңғы уақытта МКД ұстанымын қолдау үрдісіне ие.

«Неге келісу комиссиясының көп бөлігі мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінен тұрады, ал Кәсіпкерлер палатасынан бір адам ғана деген сұраққа келтін болсақ. Кез келген жағдайда қаралу нысаны да, қаралу әдістемесі де бір. Бұл жерде салық төлеушінің рұқсатымен барлық ұсынылған құжаттарды тексеру жүзеге асырылады және тараптардан біреудің, оның ішінде бизнес-қоғамдастық өкілінің қатысуы, әдістемені ешқандай өзгертпейді. Себебі қаржылық құжаттарды талдауды өзгерте алмайсың», – деп Асхат Жибитаев өз ойын білдірді.

ШҚО прокурорының бірінші орынбасары Мейрам Таутенов құқық қолдану тәжірибесі соңғы кезде тағы да өзгергенін растады. Яғни, Жоғарғы сот негізінен салық органдарының позициясында. Сондықтан жергілікті маңызы бар соттар да өз шешімдерін сол бағытта қабылдайды. Ал салық төлеушіге өзімен бірге адвокатты немесе өзге де өкілді келісу комиссиясының отырысына әкелуге ештеңе кедергі келтірмейтіндіктен, бұл комиссияның құрамын ешкімнің де күшейтуінің қажеті жоқ.

Өз кезегінде ТҚҚ Кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий кәсіпкерлердің келісу комиссияларын тартуға жиі жүгіне бастағандықтан, арыздар азайғанын, ал істің сотқа дейін сирек келе бастағандығын атап өтті. Осы комиссиялардың жұмысы неғұрлым тиiмдi болса, сот инстанцияларына соғұрлым аз талап арыз түсетін болады.

Талқылау қорытындысы бойынша ТҚҚ Кеңесінің қарары қабылданды, оған сәйкес ШҚО МКД жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде тиісті ережені әзірлей отырып, келісу комиссиялары институтын сотқа дейінгі реттеу тәсілі ретінде заңнамалық бекітуге қатысты ҚР Қаржы министрлігіне ұсыныстар жіберуді ұсынылды.

«Дегенмен, Кәсіпкерлер палатасына моральдық тұрғыдан тыныш, сенімді болу үшін біз келісу комиссияларының құрамын тәуелсіз салалар өкілдерінің, соның ішінде адвокаттардың, заң кеңесшілерінің, кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелерімен күшейту туралы мәселені қайта қарауды талап етеміз», – деп қорытындылады Игорь Шацкий.

Кеңес төрағасы сондай-ақ талқыланған мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП тапсырмасы бойынша Бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдындағы есебінің бірыңғай күні барысында қарауға шығарылатынын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер