«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыс Қазақстанда бизнестің құқығы қалай қорғалады

2023 жылғы 02 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
7039 просмотров

Шығыс Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 2023 жылғы 9 айдағы жұмысының нәтижесі туралы айтты. Мысал ретінде Риддер қаласындағы кәсіпкердің проблемасын айтып өтті, оған жер учаскесін беруден заңсыз бас тартылған.

 

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева ағымдағы жылы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі қызметінің көрсеткіштері туралы айтып берді.

«Небәрі 9 айдың ішінде Кеңес 11 отырыс өткізді, онда бизнестің 20 проблемалық мәселесі және ақпараттық сипаттағы 4 мәселе қаралды. Сонымен қатар, 175 кәсіпкер Кеңес төрағасы Игорь Шацкийдің жеке қабылдауында болды. Өткізілген жеке кездесулердің нәтижесі бойынша көтерілген проблемалық мәселелерді шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының атына сұрау салулар жіберілді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесу ұйымдастырылды», - деді Әлия Мұқашева.

Бизнес-омбудсменнің өкілі Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жеке өтініштерді де, көптеген кәсіпкерлердің мүддесін қозғайтын жүйелік мәселелерді де қарастыратынын атап өтті. Ол Кеңестің араласуымен оң шешілген мәселенің бірін мысалға келтірді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Надежда Сүлеймановадан өтініш түсті, ол «E-License» сервисі арқылы «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу» мемлекеттік қызметін алу үшін өтініш берген. Кәсіпкер «Нариман» кафесіне қызмет көрсету үшін 0,0050 га қосымша жер учаскесіне меншік құқығын алу үшін жүгінді, бұл ретте ол  желіні қорғау аймағын пайдалануға қатысты шектеумен келісті және құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспары болған жоқ.

«2015 жылы бұл учаске Надежда Сүлеймановаға берілген болатын, бірақ кейінірек әкімдік кәсіпкерден оның конфигурациясын өзгерту туралы өтініш жазуды сұрады, осыдан кейін учаске қайтадан мемлекеттік меншікке өтті. Кәсіпкердің айтуынша, әкімдік оған бизнес объектісінің кіреберіс тобының жанынан дәл сондай шағын учаске бөлуге уәде берген. Бірақ 2023 жылдың шілдесінде Риддер қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының хаттамалық шешімімен кәсіпкерге жер учаскесін беруден бас тартылды», - деді Әлия Мұқашева.

Сұралған жер учаскесінің тұрғын аймақтың құрамында болуы кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға себеп болған, сондай-ақ 2008 жылғы Риддер қаласының бас жоспарында қоғамдық-іскерлік аймақты негізінен Гоголь көшесі мен Гагарин даңғылының бойында орналастыру және дамыту көзделген. Яғни, 2015 жылы, дәл осы бас жоспар қолданыста болған кезде, билік бұл учаскені кәсіпкерге берді, ал 2023 жылы бас тартты, бұл ретте 2008 жылдан бастап аталған қала құрылысы құжаттамасы өзгерген жоқ.

«Бұл жерде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның тұрғын аудандарды жеке тұрған, тұрғын үйлерге кіріктілген немесе оларға бекітілген медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-ағартушылық мақсаттағы объектілермен, инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерімен қамтамасыз ету туралы талабы да маңызды болып тұр. Бұл ретте сәулет бөлімі елді мекенді әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы объектілермен қамтамасыз етудің толықтығын дербес айқындауға уәкілетті емес. Мұндай тұжырым жасау үшін, ең болмағанда, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Риддер қалалық филиалының қорытындысын алу керек еді. Сонымен қатар, «Нариман» кафесі жұмыс істеп тұр, яғни әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы жаңа нысанды құру көзделген жоқ», – деп түсіндірді Әлия Мұқашева.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің ұсынымдарына сәйкес Палата ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаментіне және Риддер қаласының прокуратурасына кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша Риддер қаласының жер қатынастары және ауыл шаруашылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінің қызметіне талдау жүргізу туралы өтініш жолдады.

«Бизнес өкілінен түскен өтініште көрсетілген дәлелдер расталған жағдайда, біз кінәлі лауазымды тұлғаларды заң бойынша жауапкершілікке тартуды талап еттік. Департаменттің бізге жіберген жауабында тексеру жүргізу барысында Надежда Сүлейманованың дәлелдері расталып, бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша әкім аппаратына анықталған бұзушылықтарды жою және кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде тиісті нұсқама енгізілгені туралы жазылған. Бұдан басқа, Риддер қаласы әкімінің орынбасарына қатысты жол берілген бұзушылықтар үшін хаттама жасалды және Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 465-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Әкімшілік жаза қолданылды, яғни айыппұл салынды», - деді Әлия Мұқашева.

Өз баяндамасының соңында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілі Қазақстан Президентінің ұстанымын еске салды, ол мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы ең ауыр қылмыс ретінде қабылдануы тиіс деп бірнеше рет мәлімдеген болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер