«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

1 шілдеден бастап елімізде дәрілік заттарды міндетті таңбалау басталды

2024 жылғы 09 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
5648 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен Адами капиталды дамыту жөніндегі Кеңесте медициналық препараттарды таңбалауды енгізу мәселесі талқыланды.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, «Қазақтелеком» АҚ, Цифрлық экономиканы дамыту орталығы және ШҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің өкілдері қатысты.

ШҚО бойынша МФБКД хабарлағандай, бүгінде облыс бойынша 295 бөлшек дәріхананың 219-да 2D сканер болса, 76 дәріханада  жоқ. Пайыздық мөлшерде 74% құрайды.

«Дәріхананың есепке алу жүйесі мен Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесімен интеграциясы бар дәріханалар саны - 163 (55%). WEB-интерфейс және мобильді қосымша арқылы - 62 нысан (21%) жұмыс істейтін болады», - деп атап өтілді.     

Бұдан бөлек, дәрілік заттарды көтерме сатумен 15 дәріхана қоймасы іске асырып жатыр. Олардың жарақтандырылуы 100% құрайды.

«11 нысан есепке алу жүйесін таңбалау жүйесімен біріктіріп, 4 көтерме қойма жеке кабинет арқылы қолмен атқарылатын болады», - деп нақтылады ведомствода.

Кәсіпкерлерге цифрлық таңбалау рәсімінсіз өндірушілерден дәрі-дәрмек ала алмайтынын және оларды халыққа жеткізе алмайтыны еске салынды. Сонымен қатар, клиенттерді жоғалту деңгейі жоғары екені айтылды.

Дәріхана иелері интернет жылдамдығына байланысты проблеманы көтерді, ал шалғай аудандарда тіпті оның болмауы, электр қуатының жиі үзілуін алға тартты. Ал мұндай жағдайларда препаратты жіберуге мүмкіндік жоқ.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді бір жұмыс күні ішінде тауарды қабылдау талабын орындау мәселесі толғандыратыны айтылды.

«Қазақтелеком» АҚ-да тауарды басқа күні де қабылдауға болатынын, алайда оны сатып алушыларға қабылдаусыз жіберу мүмкін еместігіне тоқталды.

Шара аясында бизнес-қауымдастық бухгалтерлік есеп жүйелерін таңбалау жүйесімен біріктірудің қиындығы туралы айтып, бағдарламаның ескі нұсқалары жаңартуды қажет ететіні және бұл кәсіпкерлер үшін айтарлықтай шығын әкелетіні баяндалды.

Мұндай жағдайда есеп екі бағдарламада жүргізілетіндіктен, дәріхана қызметкерлеріне жүктеме екі есе артатыны айтылды.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының өкілі Бикеш Құрманғалиева жеке кабинетте Ismet.kz платформасында, сондай-ақ мобильді қосымша арқылы жұмыс істеуге болатынын атап өтті.

Кездесу барысында көптеген тауарларды қабылдауға, жеке сатуға және қайта сұрыптауға қатысты жеке сұрақтар да қойылды.

Қазақтелеком өкілдері бағдарламада қалай жұмыс істеу керектігін, актілер жасау және дәрілік заттарды есептен шығару, айналымға қайта енгізу туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов барлық кәсіпкерлерді жаңашылдыққа тезірек бет бұруға шақырды.  

«Таңбаланған тауардың сертификаты болады, ол контрабанда емес. Осылайша мемлекет контрафактілік өнімдерді анықтап, жосықсыз сатушыларды жоя алады», - деп атап өтті Дархан Сапанов.

Ол сондай-ақ жақын арада таңбалаудың енгізілуін тексеру үшін медициналық бақылау департаментінің қызметкерлері мен облыстық әкімдік өкілдерінен рейдтер жүргізу үшін мониторингтік топтар құрылатынын айтты. Бұл ретте, әкім орынбасары рейдтердің мақсаты жазалау шаралары мен айыппұлдар емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізу екенін тілге тиек етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер