«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тәлімгерлердің тәжірибесі маңызды

2024 жылғы 18 Шілде
- Алматы қаласы
5368 просмотров

Алматы қаласында зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру бойынша «Алтын жас» бағдарламасы бастау алды.

Мегаполистың жұмыс берушілеріне аға буын өкілдерінің тәжірибесі мен білімін пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. «Алтын жас» бағдарламасының мақсаты - зейнеткерлікке шыққан адамдардың еңбек өміріне белсенді және нәтижелі қатысуы, жұмыспен қамтылған халық санын өсіру және тәлімгердің рөлін нығайту үшін мүмкіндіктер жасау. Ал, жас мамандар үшін бұл практикалық білімді арттыру, стратегиялық ойлауды дамыту, қарым-қатынас орнатуды үйрену және т. б. мүмкіндіктер аясын кеңейту болып табылады.

Бұл зейнетке шыққан қала тұрғындарына қоғамда белсенділік танытуға мүмкіндік береді. Алматы - мұндай жаңашыл бағдарлама енгізіліп жатқан әзірге жалғыз қала. Біз, мәслихат депутаттары кезекті ХІХ сессияда бастаманы мақұлдадық. Алматы қаласы – бизнестің локомотиві атануға әбден лайық. Салық аударымдарының ең көп көлемі осы жерде. Ең алдымен, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуының есебінен. Сондықтан, мегаполисте осындай креативті жобалардың жүзеге асуы да жай емес, - деп бағдарлама туралы Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының  директоры Нұрсұлтан Шоқанов пікір білдірді.

Бүгінгі таңда 200 жұмыс беруші зейнеткерліктегі адамдарды жұмысқа қабылдауға ниет білдірді. Биылғы жылы бағдарламамен 80 жасқа дейінгі кемінде 500,  келесі жылы – 1000, ал 2026 жылы – 1500 зейнеткерді қамту жоспарлануда..

Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер 36 айдан кем емес мерзімге ынтымақтастық орната алады. Жобаның тағы бір ұтымды жағы – жалақы субсидияланған болады. Яғни, жұмыс беруші жартысын төлесе, екінші жартысы (айына ең төменгі бір жалақыдан аспайтын мөлшерде) бюджеттен беріледі.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде мегаполисте 247 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың  1 076 қатысқан сауалнама қорытындысы бойынша 80 жасқа дейінгі 48% - ы еңбек қызметін жалғастыруға ниетті.

Бағдарламаға жасына қарай зейнеткерлікке шыққан Алматы қаласында тіркелімде бар және ұдайы осы жерде тұратын адамдар мен меншік нысанына қарамастан Алматы қаласының жұмыс берушілері қатыса алады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, бүгінгі таңда негізгі кадр жетіспеушілігі денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп салаларында қатты байқалады. Мегаполиске  дәрігерлер, педагогтар, кіші және орта медициналық персонал, сондай-ақ электриктер монтерлер, экологтар және т. б. мамандар қажет.

Жұмыс беруші болсаңыз:

- бос жұмыс орнын көрсете отырып, өтінімді a.jas@almaty.gov.kz электрондық пошта арқылы ұсынады және оны Enbek.kz электрондық еңбек биржасының онлайн-сервисіне «зейнеткер үшін» белгісімен орналастырыңыз.

 

Зейнет жасындағы адам болсаңыз:

 - Достық даңғылы, 85, 2 қабат, 201 А каб. мекенжайы бойынша Алматы қаласының мансап орталығына немесе a.jas@almaty.gov.kz электрондық поштасы арқылы жұмысқа орналасу туралы өтінішпен жүгіну қажет.

Немесе  310-47-82 (ішкі. 277, 279),  +7 708 961 95 34 телефондары арқылы хабарласуға болады


Еншілес ұйымдар

Серіктестер