«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Орын алған күрмеулі мәселе

2024 жылғы 30 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6020 просмотров

Өскемендік кәсіпкерге коммерциялық объекті салуға жер учаскесі берілген, алайда дұрыс салынбағандықтан оны бұзу керек болып отыр.

Өскемен әкімдігі өз ісін дамытуға қолдау мен көмек көрсетудің орнына жер заңнамасының бұзылуына орай, кәсіпкерге объектінің кіреберісін бұзу жөнінде сотқа талап арыз берген.

Кәсіпкер объектіні бұзу мүмкін еместігін алға тартып, ортақ мәмілеге келе алмағандықтан, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін ШҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесте орын алған жағдай егжей-тегжейлі айтылды. ЖК жылжымайтын мүлік иесі болып табылады. Алайда, ШҚО Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексерістен кейін, 7 шаршы метрлік коммерциялық объектінің кіреберісі мемлекетке тиесілі жер учаскесінде орналасқандығы анықталды.

«Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Өскемен қаласы әкімінің талап арызы қанағаттандырылды. Сот кәсіпкерді жер заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде жер учаскесінен босатуға міндеттеді», - деп атап өтілді Кеңес отырысында.

Кәсіпкер Өскемен қаласының әкімдігіне объектінің кіреберісіне арналған жер учаскесін беру туралы өтінішпен жүгінген. Алайда ұсынысы қанағаттандырылмай, ол әкім шешіміне шағымданған.

«ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мемлекеттік меншік жерінен ЖК-ге объектінің кіреберісіне арналған жер учаскесін беруден бас тартуын заңсыз деп таныды», - деді ШҚО кәсіпкерлер палатасы.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес төрағасы Игорь Шацкий ШҚО кәсіпкерлер палатасына Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі заңды күшіне енгенге дейін атқарушылық құжатты өндірістен кері қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру үшін Өскемен қаласының әкімдігіне жүгінуді ұсынды.

«Сондай - ақ, құқықтық қолдау көрсетіп, сот отырыстарына қатысу қажет», - деді Игорь Владимирович.

Сонымен қатар, ең маңызды мәселе – әкімшілік соттың шешімі болған кезде, экономикалық сот шешімін орындау және тәртібін түсіндіру үшін экономикалық сотқа жүгіну қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер