ҚР ҰКП: кеденді ақпараттандырудағы жаңа мәселелер
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілген «Тауарларды кедендік тазарту мәселелері бойынша өткен интернет– конференция ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті үшін нағыз қызу талқыға айналды.
МКК спикеріне сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан тауарларды кедендік тазарту рәсімінің жалпыға белгілі құқықтық ережелеріне қатысты және «КЕДЕН» жаңа ақпараттық жүйесінде жүктерді ресімдеу процестері барысында туындаған аса өткір проблемаларға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсті. ҚР ҚМ МКК өкілі барынша жауап беруге тырысқанымен, сұрақтардың көпшілігі жауапсыз қалды.
Конференция қарсаңында, а.ж. 14-16 қараша аралығында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті «АСТАНА-1» (ажыратылған) ақпараттық жүйесінің орнына бірнеше функционалдар бойынша біріктірілген «КЕДЕН» жаңа кедендік ақпараттық жүйесін іске қосылғанын атап өткен жөн:
- кедендік төлемдер мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету сертификатын тіркеуге, сондай-ақ олардың төленуін қамтамасыз ету сертификатын қалыптастыруға өтініш беру;
- алдын ала ақпарат беру, жүктердің келуіне байланысты кедендік операцияларды жасау;
- көлік, ветеринариялық, фитосанитариялық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудан өту;
- транзиттік декларацияны беру, тіркеу және шығару, сондай-ақ кедендік транзит аяқталғаннан кейін кедендік операцияларды жасау;
- тауарларды уақытша сақтауға байланысты кедендік операцияларды жасау;
-резидент емес жеке тұлғалар үшін бірегей сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру.
Айта кетейік, МКК жаңа жүйеде тіркелу және оның функционалымен жұмыс істеу туралы нұсқаулықты іске қосылғанға дейін небәрі 2 күн бұрын бизнес-қауымдастыққа жолдаған. (12.11.2024).
Нәтижесінде, сыртқы саудамен айналысатын барлық кәсіпкерлерде жаңа инфожүйеге тиісті дайындықтың болмауына және оны осы функционалдар бойынша алдын ала тестілеуден өткізбеуіне байланысты (бұрын тек экспресс-жүктерді ресімдеу бойынша пилоттық жоба өткізілген) көптеген техникалық қателер пайда болды. Оны МКК жұмыс істеп тұрған инфожүйе барысында шешуге тырысқан.
Мұның бәрі жүктерді ресімдеудегі кідірістерді және соның салдарынан бизнес үшін елеулі тікелей қаржылық шығындарды тудырды.
Мәселен, қазақстандық кеден брокерлері (өкілдері) қауымдастығының төрағасы Геннадий Шестаковтың айтуынша, егер бұрын ескі жүйеде транзиттік декларацияны ресімдеу процесі бірнеше минутты алса, енді жаңа жүйеде бір жарым сағаттан астам уақыт алады.
Сол жердегі Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінен көмек сұраса, олар өздері де жаңа ақпараттық жүйеде туындаған мәселелерді қалай шешу керектігінен бейхабар.
Бұған дейін Ұлттық палата ҚР Қаржы Министрлігіне кәсіпкерлерге тауарларды кедендік ресімдеу жөніндегі күнделікті қызметке қажет ақпарат пен егжей-тегжейлі түсініктемелер беру бойынша өтініш жолдаған болатын.
Атап айтқанда, Ұлттық палата бизнес-қауымдастықпен ақпараттық жүйеде жұмыс істеу кезінде туындайтын СЭҚ қатысушылары проблемаларының тізілімін және оларды шешу туралы есептерді, оның ішінде енгізіліп жатқан «КЕДЕН» АЖ-нің әрбір функционалын тестілеу қорытындыларын талқылауды сұрады:
- XML форматында тауарларға алдын ала хабарлау құжаттары мен декларацияны жүктеу мүмкіндігінің болмауы;
-СЭҚ қатысушыларын тіркеудің және ұйымдардың қызметкерлеріне декларацияларды ресімдеу құқығын берудің күрделі рәсімі;
- форматты-логикалық бақылау кезінде СЭҚ қатысушысы қандай өнім бойынша қателік жібергені көрсетілмейді және т.б.
Алайда, Қаржы министрлігі мен МКК бұл өтінішке еш жауап қатпай, барлық кәсіпкерді тығырыққа тіреді.
Осылайша, жаңа жылдық мереке қарсаңында жүк айналымының артуы және шекарада кептелістер мен қаптаған кезек болмас үшін қазақстандық бизнес-қауымдастық «Атамекен» ҚР ҰКП атынан Қаржы министрлігі мен МКК оңтайлы шешім қабылдауын, атап айтқанда, «КЕДЕН» АЖ қатар, «АСТАНА -1» АЖ барлық техникалық жұмыстар атқарылғанға дейін қолданыста болуын сұрайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: