«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сарандық студенттер қазақстандық технологиялардың өндірістегі жұмысымен танысты

2025 жылғы 15 Сәуір
- Қарағанды облысы
2612 просмотров

Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және кәсіби бағдар беру жұмыстары шеңберінде Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері үшін өндірістік мекемеге танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Электромеханикалық жабдықтарды техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығының 2-курс студенттері өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі — кабельді муфталар, қорғаныс құралдары мен түрлі қосалқы бөлшектерді өндірумен айналысатын «Sigma Corporation» ЖШС-не барды.


Экскурсия барысында студенттер өндірістік процестің қалай ұйымдастырылатынын өз көздерімен көріп, қолданылатын технологиялармен, еңбек жағдайларымен, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты. Кәсіпорын мамандары өз қызметі туралы айтып, өндірістің негізгі кезеңдерін көрсетті.

— Мұндай іс-шаралар студенттерге таңдаған мамандықтарының қаншалықты сұранысқа ие екенін тереңірек түсінуге, сондай-ақ теориялық білімнің практикада қалай қолданылатынын көруге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында.

Экскурсия студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көпшілігі бұл сапардан кейін өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарап, осындай кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.


Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Білім басқармасының бастамасымен кең ауқымды кәсіби бағдар беру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — оқушылар мен студенттерді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен және кәсіпкерлік ортамен ерте кезеңде таныстыру.

Жоба аясында кәсіпкерлермен кездесулер, қонақ дәрістер мен өндірістік экскурсиялар ұйымдастырылады. Онда сала мамандары өз тәжірибесімен бөлісіп, жұмыс ерекшеліктері, мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы айтып, жастардың сұрақтарына жауап береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер