«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстандағы бал ара шаруашылығы: даму перспективалары мен жүйелік кедергілер

2025 жылғы 16 Сәуір
3112 просмотров

Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында ара шаруашылығын дамытудағы әкімшілік кедергілер мәселесі қаралды.

 

 

Қазақстан Ара шаруашылығын дамыту үшін перспективалы өңірдің бірі. Елімізде 12 мыңға жуық омарташы тіркелген, олардың едәуір бөлігі Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істейді. Мұнда барлық ара шаруашылығының 60% шоғырланған және бүкіл ел бойынша балдың 80% өндіріледі. Сондай-ақ, өңірде бал өңдеу және буып-түю зауыты жұмыс істейді.

 

 Сандар сөйлесін

Қазақстанда бал өндірісі жылына 3,9 мың тоннаны құрайды, оның 222,7 тоннасы Қытай, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ мен Иорданияға экспортталады. Дегенмен, импорт көлемі экспортқа қарағанда үш есе көп, бұл саланың теңгерімсіздігін көрсетеді.

 2002 жылдан бастап саланы қолдау мен дамытуға бағытталған «Бал ара шаруашылығы туралы» Заң жұмыс істейді. 2023-2024 жылдары омарташылар 1,2 млрд. теңгеден астам сомаға субсидия алды, 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қолданыста және жеңілдікпен кредиттеу есебінен 80 млн.теңгеден 12 жоба қаржыландырылды. Цифрландыру дамып келеді: тұқымдарды талдау және ара популяциясын есепке алу үшін Apiglab платформасы енгізілуде.

 Алайда, салада оның дамуына кедергі келтіретін барьерлер бар. Атап айтқанда, жайылымдарда және орман қорында омарталарды орналастырудың заңнамалық шектеулері, ара шаруашылығын агротехнологиялық фактор ретінде ынталандыратын құқықтық нормалардың болмауы, ара өсірушілердің жер алуындағы әкімшілік шығындар, араларды әкелудегі ветеринариялық бақылаудың әлсіздігі. Бұл өз кезегінде  аурулардың таралуына әкеліп, субсидиялар мен несиелеу желісі бойынша мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігін тудырады.

 Мәселен, Қостанай облысында ара өсірушіге ауыл шаруашылығы жануарларының тізілімінде аралардың болмауы негізінде жерді пайдалану құқығынан айырған жағдайды атап өтсек болады. Мұндай оқиғалар кәсіпкерлік қызметте кедергілер тудырып, осы саланың тиісті даму деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

 Қазақстанның «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының пікірінше, ара шаруашылығын дамытуға агроөнеркәсіптік кешен құрамынан саланы айыру кедергі келтіреді, бұл кәсіпкерлердің жер учаскелеріне қолжетімділігін айтарлықтай шектейді.

 Жер заңнамасына сәйкес жайылымдар тек ауылшаруашылық жануарларын жаюға арналған. Заңнамада мұндай жерлерді ара шаруашылығы үшін пайдалануға мүмкіндік беретін нормалар болмағандықтан, нысаналы мақсатқа сәйкес келмейді деп сараланады.

 Айта кету керек, ара шаруашылығы өнімділікке әсер етеді. Дақылдардың 90% аралар тозаңдандырады, ал тозаңдану тиімділігі өнімділікті 60-90% арттырады. Бұл мәнді заңнамада бекіту маңызды.

Сондай-ақ, «Бал-Ара» нормативтік базаны реформалауға, АӨК басым салаларының тізбесіне ара шаруашылығын енгізуге, қолдау шараларын кеңейтуге және аудандастырылмаған араларды әкелмеуді қамтамасыз етуге шақырады. Бұдан бөлек, субсидияланатын техника тізбесіне қажетті жабдықты (бал шайқауыш, балауыз тасығыштар, жылжымалы және стационарлық цехтар) қосу ұсынылады.

Жасанды түрде жасалған кедергілерді алып тастағанда қазақстандық ара шаруашылығы экспорттық әлеуетті іске асырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоса алады.

 

Кеңес ұсынысы

Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға және өзге де заңға тәуелді актілерге инвестициялық салымдар кезінде омарташылар шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау туралы ережелерге толықтырулар мен өзгерістер енгізуге, сондай-ақ омарташылық субъектілеріне гранттар, субсидиялар, сатып алуға жеңілдікті кредиттер түрінде өзге де мемлекеттік қолдауды көздеуге ұсыныс жасалды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне экожүйеге зиян келтірмей орман түзуші тұқымдар тізбесіне бал өсімдіктерін: қараған, үшқат, жөке, бөріқарақат, ырғай және басқаларын енгізуді орман қоры шегінде омарталарды орналастырғаны үшін төлемді алып тастау ұсынылды.

 Қаржы министрлігіне бал мен ара шаруашылығы өнімдерін әкелуді бақылауды қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізу ұсынылды.

 Кеңес отырыстың ұсынымдары мен материалдарын Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппаратына мәлімет ретінде жолдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер