«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

 «Атамекен»  ҰКП отандық кәсіпкерлерді «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасына қатысуға шақырады

2025 жылғы 10 Маусым
1123 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыру бойынша жиын өтті. Жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов қатысты.

Басқосуда тараптар «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыруда Ислам Даму Банкінің (ИДБ) ережелері бойынша техникалық кеңесшілер мен мердігерлерді таңдау, анықтау алгоритмі, сондай-ақ, ИДБ 1-кезеңінің несиелік жобалары үшін қажетті құрылыс материалдары жайында мәселе көтерді.

«SK Water Solution» ЖШС Бас директоры Дәулет Әбілқайыров аталмыш жобаға ИДБ несиесін тарту бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша,  сатып алу және мердігерлерді таңдау рәсімдері ИДБ ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады, сонымен қатар, мердігерлерді ИДБ өзі қатаң түрде анықтайды.

«Мердігер ұйымдарды анықтау үшін ИДБ ережелеріне сәйкес сатып алу әдістері бар. «Шағын» суару каналдары мен арнайы техникаларына баға ұсыныстарын сұрау әдісі қолданылады. Ал, ирригациялық каналдарға Ұлттық бәсекелестік сауда әдісі қолданылса, су қоймаларына ашық Халықаралық сауда әдісі қолданылмақ. Мердігерді таңдау бойынша мемлекеттік сатып алу Халықаралық консультанттың қорытындысын бергеннен кейін ғана басталады», - деді Дәулет Әбілқайыров.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов бұл жобада Ұлттық палатаның рөліне тоқталды.

«Су ресурстарын дамыту жобасының іске асуына, оның құрылысы мен тауарларын жеткізу жұмыстарына отандық кәсіпкерлердің тартылуын қалаймыз. Себебі, мұндай ірі жобаға ең бірінші кезекте – бизнес мүдделі. Біріншіден, жобаның жүзеге асуы бойынша комиссия мүшелігіне Ұлттық палата да қатысса дейміз. Неге десеңіз, ашықтық біздің негізгі қағидамыз болып табылады. Екіншіден, ауқымды істі жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына да палата атсалысса жұмыс жанданатынына сенімдімін. Және соңғысы, жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан соң көштен қалмауымыз тиіс. Сол себептен де Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту жобасын тиімді жүзеге асыруда Бизнестің цифрлі картасы таптырмас құрал болады», - деді Райымбек Баталов.

Жиын барысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов салаға және жобаға жауапты қызметкерлерге бірқатар тапсырмалар берді.

«Біздің басты мақсат – су ресурстары мен еліміздің ирригациялық жүйесін жаңғырту. Аяқталған жұмыстардың аралық актілеріне қол қою кезіндегі қағазбастылықты жойып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуымыз тиіс. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нәтижелерін қабылдау процестерін жеделдетуіміз керек. Бұл бойынша біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс істейтін боламыз», - деді министр.

Айта кетейік, Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту жобасы 2025-2029 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде. Еліміздің 6 облысында (Жамбыл, Түркістан, Жетісу, Қызылорда, БҚО және Алматы облыстары) 96 жоба бойынша ұзындығы 976 шақырым, ауданы 62 мың гектарды құрайтын жұмыстар атқарылатын болады. Одан бөлек, аталған өңірлерде 40 мыңға жуық лоток реттеліп, оған 56 804 дана Г-блок, 1605 дана затвор, 439 018 шаршы метр бетон, 30 037,5 тонна арматура жұмсалады деп жоспарлануда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесті қолдау мақсатында адал кәсіпкерлерді жоғарыда аталған ауқымды жобаға қатысуға шақырады. Жобаға қатысу Ислам Даму Банкінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер