«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі: балабақша мен әлеуметтік қызмет көрсету салалары жүйелі шешімді қажет етеді

2025 жылғы 12 Маусым
- Абай облысы
284 просмотров

Абай облысы кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Суйчинов, кеңес төрағасы А.А. Сүттібаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес қауымдастығының мүшелері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Жиын барысында өңірлік кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар саладағы нақты проблемалары көтерілді. Атап айтқанда, жеке балабақша иелері 2025 жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы мен ата-аналар төлемақысының мөлшері бойынша өз алаңдаушылықтарын білдірді. Бұған дейін бұл мәселе Кеңес отырысында қаралып, ата-аналар төлемін қайта есептеу жөнінде жұмыс тобы құрылып, нақты ұсыныстар әзірленген болатын. Алайда, келісілген есептемелерге қарамастан, құжат қабылдану мерзімі ұзарып кеткен.

Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар тарапынан көрсетілген қызметтер үшін төлемнің кешіктірілуі де күн тәртібіне шықты. Кәсіпкерлердің айтуынша, электронды жүйе (E-Sobes) толық жетілдірілмегендіктен, олар атқарылған жұмыстарды рәсімдеп, тиісті құжаттарды тапсыруда қиындықтарға тап болып отыр. Бұл жағдай қызметтің тұрақты көрсетілуіне, сондай-ақ ұйымдардың қаржылық ахуалына кері әсерін тигізуде.

Кеңес мүшелері бұл мәселелердің өңірлік кәсіпкерлікке ықпалы едәуір екенін атап өтіп, шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын алға тартты. Атап айтқанда, жұмыс топтарын қайта жандандыру, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейту, техникалық жүйелерді жетілдіру және шешім қабылдау процесін жеделдету қажеттігі айтылды.

Аталған Кеңес алаңы – бизнестің заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік органдармен тиімді кері байланыс орнатуда таптырмас құрал. Мұндай диалог форматы кәсіпкерлік бастамалардың еркін дамуына және әлеуметтік маңызы бар жобалардың үздіксіз жүзеге асуына нақты ықпал етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер