Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Хайнань провинциясы (ҚХР) делегациясымен келіссөздер өткізді
2025 жылғы 22 шілдеде Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов Қытай Халық Республикасының Хайнань провинциясы делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Хайнань Халықтық саяси кеңес консультативтік кеңесінің төраға орынбасары мырза Ли Голиан бастап келді.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылап, арнайы (еркін) экономикалық аймақтарды дамыту, логистика, индустриялық кооперация және институционалдық өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударды.
Кездесу барысында Сыртқы сауда палатасының өкілдері Хайнань провинциясының халықаралық көлік және инвестициялық хаб ретінде жоғары әлеуетін атап өтіп, өнімді ілгерілету және тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен платформа құруға қызығушылық білдірді. Қытай тарапы ССП-ның Хайнаньдағы өкілдігін ашу және қазақстандық компаниялардың Хайнань провинциясына бизнес-миссиясын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Атап айтқанда, Орталық Азия елдерін, Хайнань мен Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын мультимодальды дәлізді қалыптастыру бастамасына, арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесімен алмасу, кедендік рәсімдерді жеңілдету және преференциялық режимдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қытайдың оңтүстік теңіз қақпасы – Хайнань мен Еуразия құрлығының құрлықтық хабы – Қазақстан, Орталық Азияны, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын мультимодальды дәлізді бірлесіп құра алады. Бұл бағыт жоғары қосылған құны бар тауарларды тасымалдау мен сауда үшін үлкен әлеуетке ие», – деді кездесуде Мұрат Қарымсақов.
Өз кезегінде Ли Голиан:
«Қазақстан – Орталық Азияның экономикалық орталығы ретінде өңірлік ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады. Сіздердің арнайы экономикалық аймақтарды дамытудағы тәжірибеңіз біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Осы сапар аясында Хайнань мен Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі қаланады деп үміттенеміз», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, екі елдің салалық ведомстволары мен ұйымдары арасында тұрақты диалог орнатып, экономикалық саясатты әзірлеу мен іске асыру саласында тәжірибе алмасу, сауда, инвестиция және кадрлық әлеует салаларында жаңа өзара іс-қимыл форматтарын бірлесіп зерделеу ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастырып, нақты жобаларды іске асыруға кірісуге дайын екендіктерін растады. Бұл қадам екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды кезеңі болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: