«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында сауда нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

2025 жылғы 23 Шілде
- Қарағанды облысы
348 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының және кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірдегі сауда және қойма нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы.

Кеңесте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Жақыпбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірде жоғары және орта қауіп дәрежесіндегі 291 сауда нысаны есепке алынған: олардың 165-і – жоғары, 126-сы – орта деңгейдегі нысандар. Қолданыстағы мораторийге байланысты жыл сайын тек 4–5% нысан ғана жоспарлы тексеріске алынады.

«Бұл профилактикалық жұмыстарды шектеуге әкеледі. Дегенмен біз эвакуациялық жолдардың жабылуы, электр құралдарының ақаулығы, электр сымдарының талапқа сай емес орнатылуы сияқты жүйелі заңбұзушылықтарды тіркеп отырмыз. Мұндай жағдайлар адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіреді», – деді Нұрлан Құрманбаевич.

ТЖД мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астана мен Алматы қалаларында ірі өрт оқиғалары тіркелді. Екі жағдайда да себеп – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Ұқсас оқиға Теміртаудағы «Орталық» базарында да орын алды, мұнда темір контейнер ішінде өрт шыққан. Кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қарағанды қаласы ТЖ басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Бауржан Хабдулин кездесуге қатысушыларға сауда нысандарында жиі кездесетін бұзушылықтар мен олар үшін қолданылатын шаралар туралы еске салды.

«Нысан иелері мен басшылары өртке қарсы талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптарды елемеу тек айыппұлмен ғана емес, сот шешімімен нысанның қызметін тоқтату қаупімен де аяқталуы мүмкін», – деп атап өтті ол.

 

Кеңес барысында кәсіпкерлерге негізгі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді: жұмыс күнінен кейін барлық электр құралдарын (авариялық жүйелерден басқа) ажырату, эвакуациялық жолдардың бос болуы, тұйық ғимараттарда жанғыш сұйықтықтар мен газдарды, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды сатуға тыйым салу. Сонымен қатар, сауда қатарларындағы өткелдердің еніне, автономды өрт дабылдарын орнатуға және киоскілер мен павильондар арасындағы өртке қарсы арақашықтықты сақтауға қойылатын талаптар еске салынды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер павильондарға өрт дабылдарын орнату, сауда жабдықтарын орналастыру тәртібі, электр жүйелерін пайдалану, сауда орындарын жалға алу кезіндегі нормаларға қатысты бірқатар практикалық сұрақтар қойды. Сондай-ақ эвакуациялық жолдардың жабылуы және тез тұтанатын тауарларды сату жағдайлары қозғалды. Қатысушылар өз нысандарын тексеру үшін әдістемелік ұсыныстар мен чек-парақтар алуға қызығушылық танытты. ТЖД өкілдері сұрақтарға жауап беріп, тәуекелдердің алдын алу мақсатында ашық диалогқа дайын екендерін жеткізді.

«Талаптарды түсіндіріп қана қоймай, оларды орындауға жағдай жасау да маңызды. Біз кеңес беру жұмыстарын жалғастырамыз, жадынамалар таратамыз және ТЖД-мен бірлесіп кәсіпкерлерден келетін жиі сұрақтарға жауаптар әзірлейміз», – деді Палата директорының орынбасары Азамат Даненбаев.

Мұндай кездесулер Кәсіпкерлер палатасында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардың мақсаты – кәсіпкерлерге заң талаптарына уақытылы бейімделуге көмектесу, қауіп-қатерлерді азайту және қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер