Тіл жолындағы ынтымақтастық: Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлік субъектілері арасында мемлекеттік тілді насихаттау туралы меморандум
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы, Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы, Шығыс Қазақстан облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыс кәсіпкерлерімен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Тараптар ұлттық сананың құрамдас элементі ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Көрнекі ақпаратты: жарнамалық материалдарды, мәзірлерді, прейскуранттарды, баға белгілерін, фискалдық чектерді және тұтынушылық контенттің басқа да түрлерін сауатты ресімдеуге ерекше назар аударылатын болады.
«Кәсіпкерлер палатасы іскерлік ортаны жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға әрқашан дайын. Тілдік сауаттылық және заңға сәйкестік мәселелері-бұл әрбір тұтынушыға қолжетімді болуы тиіс сапалы сервистің бір бөлігі», - деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілі Әскерхан Хуанбай да жарнамадағы, ас мәзіріндегі немесе түбіртектегі қазақ тіліндегі мәтіндердің тек қана дұрыс болуына емес, сонымен қатар тұтынушыға түсінікті әрі тартымды болуы үшін кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Меморандумға қол қою кәсіпкерлік саласындағы тіл мәдениетін нығайтуға және Шығыс Қазақстанның іскер топтарында мемлекеттік тілге деген құрметпен қарауды қалыптастыруға маңызды қадам болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: