Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы жарты жылда бизнес құқықтарын 1,8 млрд теңгеге қорғады
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Өңірлік кеңес отырысында есеп берді.
Кәсіпкерлер палатасы есептік кезеңде бизнес құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік ортаны дамыту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырды. Бұл кезеңде Палатаға 114 өтініш түсті, оның 49-ы оң шешімін тапты, 43-і бойынша түсіндірме берілді, 22-сі қаралу үстінде. Негізгі шағымдар мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп кешені, кәсіпкерлер арасындағы даулар және құқық қорғау органдарының әрекеттеріне қатысты болды. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады. Палата 11 сот процесіне қатысты, соның екеуі бизнес пайдасына шешілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте 16 мәселе қаралып, 9-ы оң шешімін тапты.
«Жұмыстың табысты мысалдарының қатарында – Құлсарыдағы оқиғадан кейін қала депутаттарының бастамасымен Ақтөбедегі авто-газ құю станциялары мен жанармай құю бекеттеріне заңсыз тексерулер жүргізудің алдын алу бар. Сондай-ақ, логистикалық кешенді іске асыру барысында «SMARTEX DF» ЖШС-нің мүдделері қорғалды: кәсіпорынға жер телімі беріліп, электр желілеріне қосылу қамтамасыз етілді. Қорғалған құқықтардың жалпы көлемі шамамен 25 млн теңгені құрады», – деді Палата директоры.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыс әкімі мен облыс прокурорының қатысуымен төрт бірлескен кездесу өтті. Оларда 46 мәселе қаралды: 13-і оң шешімін тапты, 18-і бойынша түсіндірме берілді, 15-і қаралу сатысында. Маңызды нәтижелер қатарында – Ақтөбе индустриялық аймағы кәсіпорындары үшін электр энергиясы тарифінің төмендетілуі, «ПЗТМ» ЖШС жобасын іске асыруға жәрдемдесу, «Lucrum Star» ЖШС үшін «СПК Ақтөбе» АҚ-мен бірлесіп несиелендіруді келісу, сондай-ақ «Жедел плюс» ЖШС үшін жалдау төлемдеріне жеңілдік беру бар.
Бизнес мәселелерін жүйелі талқылау үшін Палата жанында сегіз салалық және салааралық кеңес жұмыс істейді. Олардың алаңында ауыл шаруашылығындағы шетелдік жұмысшыларға квота тапшылығы, электр энергиясы тарифтерінің жоғарылығы, жер телімдерін алудағы кедергілер, субсидиялардың кешіктірілуі, жаңа Су кодексінің салдары, бөлшек салық мөлшерлемесінің төмендеуі және 2026 жылдан бастап енгізілетін жабық салықтық тәуекелдерді басқару жүйесіне көшу мәселелері көтерілді.
Палата жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Мемлекеттік сатып алулар аясында 9 келісім комиссиясының отырысына қатысып, 7 компанияның құқықтары қорғалды. 22 өндіруші кәсіпорында кездесулер өткізілді, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «ТНК Казхром» АҚ-пен жергілікті бизнестің сатып алуларға қатысуын кеңейту бойынша келіссөздер ұйымдастырылды.
Өңірде «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өтті, жеңімпаздар қатарынан 9 кәсіпорын анықталды. 150 компания туралы мәлімет қамтылған өңірлік өндірушілер каталогы әзірленіп, мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025–2027 жылдарға арналған жеке инвестицияларды тартудың кешенді жоспары бекітілді.
Ақтөбе облысының интерактивті картасына жалпы құны 1,21 трлн теңге болатын 22 жоба енгізілді, олар аясында 4,6 мың жұмыс орны ашылады. Палата ай сайын жобалардың іске асырылу барысын жаңартып, проблемалық мәселелерге мониторинг жүргізеді.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 464 кәсіпкерге 491 қызмет көрсетті, негізінен бухгалтерлік сүйемелдеу және бизнес-жоспар әзірлеу бойынша. Бұдан бөлек, 2059 бизнес субъектісі мен бастамашыл азаматтарға 6988 кеңес берілді. Нәтижесінде 86 кәсіпкерге 1,59 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы беріліп, 54 ЖК ашылды, 78 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті, оған 48 өндіруші қатысты, олардың арасынан 10 жартылай финалист таңдалды. «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы аясында «PSW Group» ЖШС атқарушы директоры Мұрат Байбосынов Германияда тағылымдамадан өтіп, бірнеше келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ, «Бизнес әліппесі» экспресс-курстары ұйымдастырылды.
Адами капиталды дамыту саласында 2,5 мың кәсіпорын арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 5,1 мың кадрға, негізінен жұмысшы және техникалық мамандықтарға сұраныс бар екендігі анықталды. Талдау негізінде 7390 студентті ТжКБ оқуына және 40 ЖОО грантына мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Дуальді оқыту 60 мамандық бойынша 1209 кәсіпорын мен 28 колледждің қатысуымен жүзеге асырылып, 5916 студентті қамтыды. Менторлық мектепте 207 маман білім алды, қысқа мерзімді курстарды 393 тыңдаушы тәмамдады. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кәсіби бағдарлау іс-шаралары, бос орындар жәрмеңкелері және «Кәсіби маман» байқауы өтті, жеңімпаздар өңір атынан республикалық деңгейде өнер көрсетеді. Қосымша бизнес пен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайту үшін «Ақтөбе облысы мамандықтар каталогы» әзірленді.
Өңірлік кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, жергілікті өндірушілердің өнімдерін ірі сауда желілері арқылы өткізу үшін «Қазақстанда жасалған» арнайы сөрелерін белгілеу тетігін әзірлеу, несиелендіру бағдарламаларының қолжетімділігін кеңейту және басқа да кәсіпкерлерді қолдау шараларын қарастыру ұсынылды.
«Жергілікті өндірушілер арасында өзара ынтымақтастық тізбегін құру қажет. Бұл аймақта өндірілген тауарларды делдалсыз тікелей алуға мүмкіндік береді. Мысалы, ірі кәсіпорын басшысы ретінде мен өндірушілермен серіктестік орнатуға дайынмын, сол арқылы қызметкерлерім өнімді өндірушілер бағасымен ала алады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу бойынша қолдау шараларын бірлесіп қарастыру қажет», – деді Надежда Шабаева.
Арман Жылгелді ауыл кәсіпкерлерімен өзара іс-қимылды күшейтіп, елді мекендерде көшпелі іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Отырысты қорытындылаған Кеңес төрағасы Асхат Айтжанов атап өтті:- «Бизнес құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерде біз өз ұстанымымызды берік қорғауымыз қажет. Барлық мәселе ортақ талқылау арқылы шешілуі тиіс. Ұлттық палата Үкімет деңгейінде көптеген комиссиялар мен жұмыс топтарының құрамында бар және біздің бастамаларымызға әрдайым қолдау көрсетуге дайын».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: