«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО мектептік ас мәзірінсіз қалды: шенеуніктер жауапкершіліктен қашуда

2025 жылғы 15 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
335 просмотров

Басқа өңірлерде балалар жаңа стандарт бойынша тамақтанып жатқанда, ШҚО-да әлі күнге дейін өңірлік ерекшеліктерді ескерген ас мәзірін келісу мүмкін болмай отыр.

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында мектеп асханаларын жалға алушылардың кезекті отырысы өтті. Алайда нақты шешімнің орнына тағы да сылтаулар ғана айтылды.

«ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жаңа тамақтану стандарттары бекітілді. Өңірлерде бюджет пен балалардың қалауын ескерген бейімделген мәзірлер жасалуда. Бірақ ШҚО-да бұл жұмыс әлі күнге дейін орындалмаған. Денсаулық сақтау басқармасы өз міндеттерінен іс жүзінде шеттетіліп отыр, ал Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту вице-министрлері нақты атап өткендей, мәзірді жетілдіруді өңірлер атқаруы тиіс», – деп атап өтті Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының президенті, Республикалық заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрайымы Марина Лаптева.

Оның айтуынша, үш жұмыс кездесуі өткен, бірақ нәтиже жоқ. ШҚО-да жаңа стандарттарды енгізу Жаңа жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Ал басқа өңірлерде ас мәзірі бекітіліп қана қоймай, жаңа нормалар бойынша мектеп тамақтануының сапасы да бағалана бастады.

«Ақ ниет» облыстық мектеп-интернатының директоры, облыстық мәслихат депутаты Светлана Кривицкая да жағдайды сынға алды.

«1 қыркүйектен бастап барлық өңірлер жаңа мектеп мәзірі стандартына көшуі тиіс еді. Бірақ ШҚО-да бұл мәселе соңғы шешімін таппай қалды. Денсаулық сақтау басқармасы нормативтік-құқықтық базаның жоқтығына сілтейді, алайда олардың құзыреті Бұйрықта анық жазылған», - деді Светлана Кривицкая.

Нәтижесінде ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы өзінің құзыретін растау үшін Министрлікке ресми сұрау жіберуге шешім қабылдады. Ал бұл өкілеттіктер заң жүзінде баяғыда бекітілген.

Кәсіпкерлер палатасы да жалға алушылардың мүддесін қорғап, жауапкершілікті бизнеске ысыруға болмайтынын мәлімдеді.

«Кәсіпкерлер өз міндеттерін адал орындап, оқушыларды тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Олар бюрократиялық созбалаңның құрбанына айналды. Балалар да, бизнес те шенеуніктердің әрекетсіздігінен зардап шекпеуі тиіс», – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Айжан Жангирханова.

Кездесуге қатысқан мектеп асханаларының жалға алушылары да мәселені өткір көтерді. Олардың айтуынша, созбалаң салдарынан негізгі тәуекелді өздері арқалап отыр.

«Біз күн сайын балалардың тамағына жауап береміз. Ата-аналар сапа мен әртүрлілікті талап етеді, ал шенеуніктер әлі мәзірді бекіткен жоқ. Қазір біз ескі келісімшарттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті кәсіпкерлер.

Кәсіпкерлер іс жүзінде құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда белгісіз жағдайда қалып отыр. Шенеуніктер «кім басты» деп анықтап жатқанда, Шығыс Қазақстан облысының балалары жаңа стандартқа сәйкес келмейтін ескі мәзірмен тамақтануды жалғастыруда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174