«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыс Қазақстанда бизнес пен «Аманат» партиясының диалогы: салық, әлеуметтік кәсіпкерлік және жұмыспен қамту

2025 жылғы 18 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
180 просмотров

Өскеменде кәсіпкерлердің «Аманат» партиясының өкілдерімен кездесуі өтті. Ашық диалог барысында өңірдің бизнес-қоғамдастығы өздерінің проблемалары мен уайымдарын, сондай-ақ күткен ұсыныстарын жасырмай жеткізді.

Талқылаудың басты тақырыбы жаңа Салық кодексін енгізу болды. Бизнес өкілдері ұсынылған өзгерістер бойынша бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі де көтерілді.

«Бізде ШҚО-да әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бар-жоғы екі преференция ғана жұмыс істейді, ал басқа өңірлерде олар әлдеқайда көп. Бұл әділетсіз. Біз әлеуметтік миссия атқарып отырмыз, бірақ қолдау жоқтың қасы», - деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлік кеңесінің төрайымы Алтынай Рамазанова.

Көлік инфрақұрылымы мәселесі де қозғалды. Өзен серуендерін ұйымдастыру компаниясының басшысы Ксения Белова өзен көлігіне ерекше назар аударды.

«Бұл - Шығыс Қазақстанның бірегей ресурсы. Бірақ субсидиясыз жұмыс істеу қиын. Өзен трамвайлары – бұл да автобустар сияқты, тек су бетінде жүреді. Неге жолаушы тасымалдаумен айналысатын автокөлік компанияларына жеңілдіктер бар да, өзен көлігіне жоқ? Соның салдарынан біз бизнесімізді де, өңір үшін мүмкіндіктерді де жоғалтып жатырмыз», - деді Ксения Белова.

Кездесу барысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы, сондай-ақ несие серіктестіктеріндегі мәселе мен ортақ жауапкершілік те назардан тыс қалмады.

Кадр тапшылығы да өткір мәселе ретінде айтылды.

«Біз адамдарға ресми жұмыс ұсынамыз, бірақ олар келіспейді. Себебі түсінікті: жұмыспен қамту орталығында есепте тұрып, олар жақсы жәрдемақы алып отыр, оны жоғалтқысы келмейді. Соның салдарынан бизнесте жұмыс күші жетіспейді, ал ресми жұмысқа орналасуға олар құлықсыз», - деп шағымданды «үй жанындағы дүкендер» желісінің өкілі Светлана Щукина.

Өз кезегінде «Аманат» партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиев партияның бизнес ұсыныстарына ашық екенін және оларды республикалық деңгейде жеткізуге дайын екенін атап өтті.

«Біз сіздердің алаңдаушылықтарыңызды естіп отырмыз және жаңа заңнамалық нормалардың кәсіпкерліктің дамуына кедергі болмауы үшін жұмыс істейміз. Барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескеріледі», - деп баса айтты партия хатшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және кәсіпкерлердің ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174