«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Салық реформасы: Жаңа ережелер кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

2025 жылғы 22 Қыркүйек
383 просмотров

Үкіметте бизнес жүргізіп жүрген кәсіпкерлер аз болғандықтан, шенеуніктерге дұрыс көрінетін кейбір шешімдер іс жүзінде кәсіпкерлікке үлкен зиян келтіруі мүмкін.

 

Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енуіне байланысты кәсіпкерлік қауымдастық арасында көптеген сұрақтар туындауда. ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі мен жеңілдетілген салық режимінің шектелуі, түрлі пайымдарға сәйкес, 200 мыңға жуық компанияны жалпы салық салу режиміне өтіп, ҚҚС төлеуші болуға мәжбүрлейді. Бұл бизнеске қалай әсер етеді? «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғай алды ма? Осы және басқа да маңызды мәселелер «Бизнес Байлам» подкастының соңғы шығарылымында талқыланды. Қонақтар — «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов және салық мәселелері бойынша кеңесші Дмитрий Казанцев.

Подкастта талқыланған маңызды мәселелердің бірі – мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әрекет.  

Тимур Жаркеновтын айтуынша, оның жұмысы – «жаппай соққы» жасау, яғни әлеуметтік желілер көмегімен және кәсіпкерлермен тікелей байланысу арқылы бизнестің мүддесін қорғау.

 Сондай-ақ, ол бизнес үнін шенеуніктер отыратын кабинеттерге жеткізу – өзінің міндеті екенін атап өтті. Сарапшылар мұны ерекше әрі тиімді «дуэт» деп атады: бизнес сөйлейді, ал «Атамекен» тыңдап, оның ұстанымын қорғайды.

Дегенмен, тараптар мемлекет тарапынан кәсіпкерлер үні әрқашан естіле бермейтінін мойындайды. Казанцевтің пікірінше, басты мәселе — үкімет құрамында кәсіпкерлікпен айналысатын тәжірибелі адамдардың аздығы. Сондықтан, кейбір шешімдер шенеуніктерге дұрыс көрінгенмен, іс жүзінде бизнесті қиын жағдайға әкелуі мүмкін.

Жаңа кодекстің қиындықтары мен бизнеске түсетін салмақ

Жаңа Салық кодексін түсіну әлдеқайда күрделі болып отыр. Дмитрий Казанцевтің айтуынша, енді салық есебін жүргізу үшін тек Салық кодексін ғана емес, Кәсіпкерлік, Әкімшілік, Әлеуметтік және Еңбек кодекстерін де қатар ұстану керек. Бұл – тіпті мамандар үшін де қиын, ал кәсіпкерлер үшін тіпті күрделі болмақ.

Сарапшылардың пайымынша, жалпы салық режиміне көшу оңайға соқпайды. Бұрын жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеген микро-бизнес енді есепші жалдауға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде салық жүктемесін арттырып қана қоймай, әкімшілік шығындарды да көбейтеді.

Дегенмен, Тимур Жаркенов Палатаның бірқатар маңызды жеңілдікке қол жеткізгенін атап өтті. Мысалы, ҚҚС-қа көшу шегі 40 млн теңге деңгейінде бекітілді. Бұған дейін үкімет бұл шекті 15 млн теңгеге дейін түсіруді ұсынған болатын.

Жағдайға бейімделу: үміт пен болашақ

Қиындықтарға қарамастан, тараптар болашаққа (сақтықпен болса да) сеніммен қарайды. Дмитрий Казанцевтің айтуынша, бизнес алдымен алдағы екі жылды өткеріп, жаңа ережелерге бейімделуі қажет. Ол кәсіпкерлерді табысын жасырудан бас тартып, негізгі салықтық ережелерді зерделеп, заң шеңберінде салықты оңтайландыру жолдарын пайдалануға шақырды.

Өз кезегінде Тимур Жаркенов ең басты міндет — мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты жолға қою екенін атап өтті. Ол бұл үшін Салық әдістемесі жөніндегі кеңес құруды ұсынды. Бұл кеңеске бизнес пен мемлекет өкілдері кіріп, бірлескен шешімдер қабылдай алатын ашық алаңға айналар еді.

Сарапшылардың ортақ пікірі – мемлекет пен бизнес бір-біріне қарсы емес, керісінше, бір мақсатқа жұмыс істеуі керек. Мақсат – ашық әрі тиімді экономиканы қалыптастыру, ал бұл өзара түсіністік пен серіктестікке негізделген кезде ғана мүмкін болмақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174